Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбек қатынастарына жете көңіл бөлінуі қажет - АРҚА АЖАРЫ

Еңбек қатынастарына жете көңіл бөлінуі қажет

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 83-ші қадамында «Еңбек қатынастарын ырықтандыру. Жаңа еңбек кодексін әзірлеу» тапсырылған болатын. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте осы тапсырманың орындалуы және аймақтағы еңбек қатынастары жөнінде облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Берік Мұстафин жан-жақты баяндап берді.

Ұлт жоспарының 83-ші қадамындағы еңбек қатынастарын ырықтандырып, жаңа еңбек кодексін жүзеге асыру Үкіметке тапсырылып, ол дер уақытында әзірленді. Қазір еліміздегі кәсіпорындар мен мекемелер осы жаңа Еңбек кодексі бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жаңа кодекс жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы еңбек қатынастарын реттейді, оған мемлекеттік араласушылықтардың шегін анықтайды. Тараптардың мүддесін қамтамасыз етіп, олардың рөлі мен жауапкершіліктерін белгілейді.
–Жаңа кодексте жұмыс берушілер үшін адам жалдау, кадрлық ауыс-түйістер жүргізу, жұмысшыларды қысқарту, олардың еңбек ақысы мен нақты міндеттемелерін анықтау секілді процедуралар қысқартылды. Базалық еңбек кепілдіктері мен жұмысшылардың құқықтары белгіленді. Мәселен, олардың мүмкіндіктерін, сондай-ақ, құқықтары мен мүдделерін қорғайтын жеке, ұжымдық келісім-шарттар жасалды, – дей келе басқарма басшысы Берік Лұқманұлы кез келген мекеме қызметкерлері кәсіби одақтар құрып, жұмыс берушілерімен жеке және ұжымдық келісім-шарт жасасу, еңбек шартын пайдалану қажеттігін ескертті. Себебі, кез келген ұжымда жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында еңбек қатынастарының бұзылуына қатысты кикілжіңдер, қарсылықтар туындаса, екі жақтың құқықтары бірдей қорғалады. Егер келісім-шарт жасалмаған болса, екі тарап та өз міндеттері мен жауапкершіліктерінен бас тартатыны белгілі. Сондықтан, еңбек шарты кез келген мекемеде әр қызметкермен жеке және ұжымдық жасалуы қажет. Бұл жұмыс берушінің де, жұмысқа орналасушының да өз құқықтары мен мүддесін қорғау үшін қажет.
Көбіне құрылыс орындарында түрлі қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Осындай жерде қарама-қайшылықтардың алдын алуға еңбек келісім-шарттары маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, жұмыс берушілер жұмысқа жұмысшы қабылдағанда кез келген санаттағы адамды сынақ мерзімінен өткізіп алу құқығы берілді. Бұл ең алдымен бұрынғыдай еңбек өтілін талап етуден бас тарттырады.
2017 жылы прокуратура органдарының, қалалық және аудандық әкімдіктердің, басқа да мемлекеттік ұйымдардың мамандары мемлекеттік еңбек инспекциясының инспекторларымен бірлесіп, облыстағы еңбек қатынастарының жай-күйіне мониторинг жасау мен кейбір кәсіпорындардың анықталған қарыздарын қайтарту мақсатында облыстың 437 мекемесі мен ұйымдарына тексеріс жүргізді. Соның ішінде 6 тексеріс ішінара, 431-і жоспардан тыс орындалған. Осы тексерістер барысында 519 заң бұзушылық, соның 406-сы еңбек қатынастары, 95-і еңбек қауіпсіздігін сақтау, 18-і халықты жұмыспен қамту бойынша анықталған. Биылғы жылдың есептік кезеңінде 121 мекемеге тексеріс жүргізіліп, 120 құқық бұзушылық орын алыпты. Осы заңсыздықтар бойынша орындалу мерзімдері көрсетілген 91 ұйғарым еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігін сақтау, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша берілген.
Өткен жылы тексерістер барысында облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарын қоса алғанда, 89 мекемеде жұмысшыларына қарыздың көлемі 187,6 миллион теңге болып анықталған. Банкрот болуға шақ қалған және қайта қалыптастыру сатысындағы мекемелерді қосқанда, жалпы қарыз мөлшері 209,7 миллион теңгеден асқан. Банкрот болуға шақ қалып, қайта қалыптастыру сатысындағы мекемелердің ішінде «Шантөбе Энерго», «Агрофирма Радж», «Союз», «ПКФ Элеватормельмонтаж», «СП Сага Крик Голд Компани» ЖШС-лары бар. Биылғы жылдың басында 19 кәсіпорында осындай қарыз орын алып, 459 жұмысшыға берешек қарыз мөлшері 29,9 миллион теңгені құрап отыр.
Брифинг барысында басқарма басшысы еңбек инспекциясының инспекторлары кез келген ауызша айтылған, не болмаса жасырын хабарлау арқылы жасалған өтініш бойынша ешбір негізсіз кез келген мекемеге немесе мекеме басшыларының атына айтылған арыз-шағымға бірден тексеріс жүргізуге болмайтындығын, оның барлығын жазбаша түрде қабылдап, баратындықтарын жеткізді. Мысал ретінде келтірсек, егер бір ұжым өздерінің мекеме басшысына қатысты арызданғылары келсе, онда ең алдымен басшыларына ескертіп, оның өзіне талап-арыз берулері керек. Басшы үш күн ішінде ондағы көтерілген мәселеге өзінің жауабын беруі қажет. Содан кейін ғана егер жұмысшылар оның жауабын қанағатсыз деп таныса, еңбек инспекция-сына, не болмаса басқа да құзырлы органдарға шағымдануларына болады.
Жиын соңында Берік Мұстафин журналистердің сұрақтарына жауап беріп, кәсіпорындар мен басқа ұйым-мекемелердің жұмысшыларына өз жұмыс берушілерімен дереу еңбек келісім-шарттарын жасасу қажеттігін ескертті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар