Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңірімізге жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы корпоративті басқару жоғары мектебінің директоры Сергей Календжянды қабылдап, екіжақты әріптестік қатынасты нығайту мүмкіндіктері жөнінде әңгімелесті.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажары»
Кездесуде мәртебелі мейман аталмыш білім ордасының мүмкіндіктерін айта келе, Ақмола облысымен байланыс орнатуға ниетті екенін мәлімдеді және өңірдегі кадрлардың біліктілігін арттыруда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
– Бизнес қауымдастық өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері аутсорсинг және өзгерістерді, өкілеттілік пен жауапкершілікті табыстауды, бизнес-жоспарлау және жобаларды басқару бойынша біздің мектебіміздегі жоғары білікті ұстаздардан білімдерін жетілдере алады, – деді Сергей Календжян өз сөзінде.
Түрлі салаларда білікті кадрлардың болуы керектігіне тоқталған облыс әкімі аталған оқу орнының жоғары білікті жетекшілерінің ұсынысын қолдайтынын атап өтті.
Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративті басқару жоғары мектебінің ТМД елдері арасында басқарушы кадрларды оқытудың корпоративті бағдарламаларын жүзеге асыруда 25 жылдай уақыттан бері көшбасшы болып табылады. Қазіргі кезде Астана, Алматы қалалары және Қызылорда облысы сияқты еліміздің бірқатар өңірлеріндегі бизнес қауымдастық өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері осы білім ордасында біліктіліктерін жетілдіруде. Жұмыс сапары аясында Сергей Календжян Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылар құрамы мен студенттерімен кездесті.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.