Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмоланың балуаны – Мереке! - АРҚА АЖАРЫ

Ақмоланың балуаны – Мереке!

Өткен сенбі күні Бурабай кентінің Айнакөл спорт алаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне «Ақмола Барысы-2018» іріктеу жарысы өткізілді. Оған облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаз балуандарды марапаттады.

Байрақты бәсекенің басталуында кілем төріне төрешілер мен 17 аудан және Көкшетау, Степногорск қалаларынан қатысқан барлығы 28 балуан шақырылып, құрмет-қошемет көрсетілді. Дүбірлі додаға қатысқан ерен күштің иесі бұл жігіттеріміз ертеңгі еліміздің намысын қорғайтын азаматтар.
Жарыстың ұйымдастырылуына тікелей қолұшын созған Ақмола облысы әкімшілігі. Сонымен, алғашқы құттықтау сөз облыс әкімі Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалинге берілді.
– Құрметті қонақтар және сайысқа қатысушылар! Сіздерді Ақмола жерінде ұлттық салт пен дәстүрдің жаңғыруы мерекесімен құттықтаймын. Қазақстан егемендік алғаннан кейін ұлттық салт-дәстүрлеріміз дамып, спорт саласы мен ұлттық ойындар жандануда. Қоғамдық сананы жаңғыртудың басты шарты ұлттық мәдениетті және генетикалық кодты сақтау, ұлттық код туған елге, оның салт-дәстүріне ерекше назар аударады. Бүгінгі шара осы ойдың нақты жалғасы. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру болып табылады.
Облыста ұлттық спорт түрлері, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, бәйге, құсбегі, теңге алу, асық ату сияқты ойындарымызды дамыту бо-йынша көптеген жұмыстар жүргізіліп отыр. Мысалы, жақсы дамып келе жатқан қазақ күресімен 6000-нан астам адам айналысады. Облыста біздің спортшыларымыз халықаралық, республикалық жарыстарға қатысып, жақсы өнер көрсетіп, осы спорт түрін дамытуға белсенді үлес қосып жүр. Олардың арасында «Ақмола Барысы» облыстық турнирінің чемпионы Нұрлан Жамалов. Ел чемпиондары Леонид Станиев, Бекбол Нұрланұлы. Бразилияда өткен әлем чемпионатында үздік өнер көрсеткен Данияр Темірхановтар бар. Бұл турнир біздің облысымызға Балуан Шолақ, Қажымұқан бабамыздың елінде қазақ күресін дамытуға, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеп, салт-дәстүр мен өнерді өрістетуге серпін беретініне сенімдімін, – деді өңір басшысы. Жарысқа қатысушыларға зор денсаулық пен сәттілік тіледі.
Одан әрі балуандарымызға бата беру үшін шақырылған самбо күресінен спорт шебері, қазақ күресінен еңбек сіңірген жаттықтырушы Малғаждар Омаров ақсақал:
– Балуандарымыздың белі бекем болып, жауырындарың жерге тимесін, қазақ күресі дами берсін, Алла жар болсын, – деген өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.

Бурабайдың тамаша табиғаты аясында балуандарға дем берген «Байтақ елім» әні де тақымын қысқан жанкүйерлеріне шалқар шабыт пен көк аспанның нұрлана түскен шуақты сәтінде шарықтата шырқалып жатты. Сонымен, кілемге алғашқы шақырылған балуандар Аршалы ауданынан Бекзат Алтынбаев пен Жақсы ауданынан келген Санжар Бейсембаев белдесті. Бекзат 90 келі салмақ дәрежесінде, лақап аты Қыпшақ, спорт шеберінен үміткер. Ал, оның қарсыласы «Жақсы Барысы» лақап атымен 130 келі Санжарды көзді ашып жұмғанша, таза жеңген Б.Алтынбаев екінші айналымға бірден жолдама алып, жанкүйерлерінің қошеметіне бөленді.
«Қазақ Барысы» 2010 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Ереже бойынша балуандар кілемге шығуға уақытында дайын болмаса, сылбыр күресіп, ескерту алса, бүк ұпайы қарсыласына беріледі. Сондай-ақ, балуандарға күресуге 5 минут берілсе, жарақат алып қалған жағдайда дәрігерге қаралуына 3 минут белгіленген. Балуандарымызды бағалаушы, Көкшетау қаласындағы ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушысы, ұлттық дәрежедегі жоғары төреші Анас Исин болса, оған кілемдегі бас төреші мен қапталдағы төрешілер бір-бірін кезек-кезек алмастырып отырды. Жарыста жанкүйерлер де атой салып, дем беріп отырды.
Одан әрі кілемге спорт шебері, бірнеше дүркін облыс чемпионатының жүлдегері және Қазақстан Республикасының чемпионы, жастар арасындағы түйе балуан көкшетаулық Леонид Станиев пен Бурабай ауданының өкілі Мұқағали Мүтәлип шықты. Міне, осылайша балуандарымыз өз кезегімен жұп-жұптан өнер көрсетіп жатты.
Дүбірлі дода барысында жуырда Қостанай қаласында өткен ардагерлер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының самбо күресі жеңімпаздары мен жүлдегерлері 1-орын алған 82 келі салмақтағы Әбілғазы Әбсалам мен 74 келі салмақ дәрежесіндегі Смағұл Ахметжанов және 90 келі салмақ дәрежесіндегі күміс жүлдегер Болатбек Қажаевты облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова марапаттады.
Жарыста Ерейментау ауданының балуанын айқын басымдылықпен жеңген көкшетаулық Мереке Тұрашев ақтық сайысқа жолдама алды.
Сонымен, финалдық белдесулерде 3-орынға ағайынды ерейментаулық 92 келі салмақ дәрежесінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, белбеу күресінен әлем және Азия чемпионы Ербол Нұрланұлы мен Целиноград ауданының намысын қорғаған белбеу күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, белбеу күресінен екі дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері, осы сайыста 20 секундта өз қарсыласын жер қаптырған Бекбол Нұрланұлы шықты. Бір қызығы, ағайынды екі балуан арасындағы тартыста інісі ағасына жолын беріп, Ербол 3-орыннан көрініп, екеуі де жанкүйерлерінің қошеметіне бөленді.
Соңғы айналымда бас жүлдеге таласқан 112 келі салмақ дәрежесіндегі Мереке Тұрашев өз қарсыласы Қайрат Махтинді 1 минут 30 секундта таза жеңіспен түсіріп, жеңімпаз атанды. Ол қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, «Ақмола Барысы-2016» турнирінің жеңімпазы болатын.
Сөйтіп, бүгінгі дүбірлі доданың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» атты республикалық турниріне «Ақмола Барысы-2018» іріктеу жарысы өз мәресіне жетті. Сонымен, «Ақмола Барысының» бас жүлдесін жеңіп алған көкшетаулық Мереке Тұрашевті марапаттау рәсімінде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин құттықтап, су жаңа «Лада» автокөлігінің кілтін табыс етті. Жүлделі екінші орынды қанжығасына байлаған ақкөлдік, самбо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері және қазақ күресінен спорт шебері Қайрат Махтинді Ақмола облысы қазақ күрес федерациясының құрметті президенті Асқар Мұратұлы марапаттап, 400 мың теңге, ал, жүлделі 3-орынды иеленген ерейментаулық Ербол Нұрланұлын қазақ күресі, «Қазақстан Барысы» даму қорының атқарушы директоры Жанарбек Рамазанұлы 200 мың теңге ақшалай сыйлық пен грамотасын және «Ақмола Барысы» белдігін табыс етті.
Көп жағдайда қазақ күресінің жазылмаған ережесі туралы біле бермейміз. Бүгінгі қазақ күресін бастан аяқ тамашалап, жазып отырған мен үшін оған деген қызығушылық арта түскендей. Мәселен, балуандар күрес барысында ішімен тізесіне барып етпетінен құлайды, онда ешқандай ұпай берілмейді. Әдіс жасаған кезде қарсыласын тоқтатып бұрып, басқа жаққа түсіргенде оған бүк ұпайы беріледі екен. Ал, кей жерде есепке алынбай ескерту берілетін жағдайлар да бар. Бұл төрешінің тәжірибесінің мықтылығын танытып жатады екен. Ал, тағы бір байқағаным, 5 минут белдескен балуандар тепе-тең түскен кездер де болды. Соңғы минутта екі балуан бір-бір бүкпен теңесіп, есеп ашылмағандықтан белдесу кезеңі ұзартылды. Қызыл балуан оң қолын астынан өткізіп ұстайды да оған 3 минут уақыт беріледі. Кім әдіс жасайды немесе белбеуден қолы шығып кеткен адам ұтылып қалады екен. Болмаса қызыл шеңберден итеріп шығарып жібереді. Бұл жолғы да көк белдіктегі балуанның аяғы шеңберден кішкене ғана шығып кетті. Соның өзі ұтылып қалғанының белгісі екен. Дау болатын жағдайлар сол себепті. Ал, оны жанкүйерлер көрмегенмен, төрешілер жіті қадағалап отырады. Жарыс-та Целиноград ауданының екі балуанның өзара белдескені жанкүйерлерін тіпті қызықтыра түсті деп ойлаймын. Бұл алдын ала тасталған жеребе. Мұны соқыр жеребе дейміз бе? Сен тұр, мен атайын балуандарымыздан өздерін қазақ күресінде жақсы қырынан көрсеткендері де болды. Олар бұландылық Қайрат Айдын, зеренділік Ерік Қыдырғалиев, целиноградтық Сұлтан Жәнібек, көкшетаулық Әсет Жүнісов, тағы басқаларының жарысқа деген құлшыныстарын мақтанышпен айтуға болады.
Турнир барысында облыстық мәдениет басқармасы мен Бурабай аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері мың бұрала би билеп, асқақтата ән салып, тамаша өнерлерін де қатысушыларға тарту етті.
Сонымен, «Қазақстан Барысы» турнирінде «Ақмола Барысы-2018» чемпионы, бабы мен бағы қатар шапқан түйе балуан Мереке Тұрашев пен 2-орын алған Қайрат Махтин Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.
«Қазақстан Барысына» жолдама алды. Осылайша бір деммен төрт сағатта өтіп шыққан дүбірлі додадағы сайдың тасындай балуандарымызды көргенде өңірімізде қазақ күресінің бағы жанарына сенімдіміз!

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген
Ермұрат ДОСЫМОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар