Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болып, «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң ережелері мен нормаларын түсіндіру жөнінде кездесу өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Жиында айтылғандай, аталмыш заң мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау, өзін-өзі реттеу институтын дамыту, бизнес шығындарын төмендету, бизнесті қолдау, «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның позициясын жақсарту және тағы да басқа бағыттар бойынша әзірленіп отыр. Заң жобасын әзірлеу барысында барлығы 14 кодекске және 109 заңға 1000-ға тарта түзетулер енгізілген екен. Осы өзгерістердің бәрінің діттеген мақсаты бизнесті дамыту үшін мейлінше қолайлы жағдайларды қалыптастыру болғандығы мемлекеттің басты стратегиялық бағытына толық сай келеді.
Бұл жайында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жақыпов баяндап берді. Оның айтуынша, Заңда мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30 пайызға қысқарту көзделуде. Құқық бұзушылықтың алдын алатын профилактикалық бақылау институтына баса мән берілген. Табиғи монополиялар мен квазимемлекеттік сектор тарапынан көрсетілетін қызметтер де реттеледі.
– Бұл Заңның негізгі бір жаңалығы алдын ала бақылауды енгізу болып табылады. Бұл реформа тексерушілердің мінез-құлқын қазіргі қолданылып жүрген «анықтау және жазалау» түсінігінен «алдын алу және ескерту» саясатына өзгертуі тиіс, – деді Асланбек Жақыпов өз сөзінде.
Сонымен қатар, жиында Қазақстан Рес-публикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің бөлім басшысы Д.Хамитова мемлекеттік бақылау және мемлекеттік реттеу саласында ІТ технологиясын енгізу туралы түсіндіріп берді. Заңдағы өзгерістерге қатысты кәсіпкерлер тарапынан түрлі сауалдар қойылып, тұшымды жауап алынды.
Жиынды қорытындылған вице-министр Серік Жұманғарин аталмыш заңның бизнестің өндірістік емес шығындарын ауқымды түрде қысқартуды қамтамасыз етуге, ресурстарды үнемдеуге, еңбек өнімділігін арттыруға, бизнес-ахуалды жақсартуға және кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыруға ықпал ететінін атап өтті.
Аслан Оспанов.