Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа жария түрде қол қойып, осы қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Шымкент миллионнан астам тұрғыны бар Астана мен Алматы қалаларының қатарына қосылғанын айтты.
– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі, – дей келіп, Елбасы жаңадан құрылған Түркістан облысында жаңа әкімшілік функцияларды сапалы іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін айтып, қабылданған шешімнің тарихи мәніне тоқталды.
-Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына айналады. Бұл үшін барлық жағдай мен қажетті әлеует бар, Шымкенттің республикалық мәртебе алуы оның одан әрі ілгерілеуіне септігін тигізетініне және қаланың алдында жаңа перспективалар ашылатынына сенім білдірді.
– Бұл қадам шаһардың теңгермелі әлеуметтік-экономикалық дамуына және бүкіл өңір тұрғындарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қол қою рәсімінің соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және облыс әкімдігіне жарлықты сапалы әрі шұғыл іске асыру, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдар мен мекемелердің үздіксіз әрі тиімді қызметін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.