Ақмола облыстық әкімдігі жанынан жаңадан құрылған жер комиссиясы алғашқы беттен өз отырыстарында қаралатын жер мәселелеріне тиянақты көзқарас таныта бастады.
Комиссия мүшелері бірінші отырыста-ақ Целиноград ауданындағы «Көктал РХ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қиыршық тас өндіруге жер бөлу мәселесіне осылай қоғамдық мүдде тұрғысынан келіп еді. Сол жолы бұл мәселе ұзақ талқыланып, оның барысында жуырда ғана жаңадан қабылданып, күшіне енген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің біраз кемшін тұстары мәлім болып қалған.
Облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Асқарбек Үйсімбаевтың төрағалығымен өткен комиссияның бұл жолғы екінші отырысында елімізде жер мәселесінің ауы мен бауы көп екендігі тағы бір аңғарылып қалды. Мәселен Астананың іргесіндегі Аршалы ауданынан «Аман және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсақ қиыршық тас пен құм қоспасын өндіруге аудан аумағынан 29,7 гектар жер сұрайды. Жыл сайын 20,1 мың текше метр өнім өндірмек әрі оны түбінде 100,6 мың текше метрге дейін көбейтпек ойлары бар. Ал, жыл сайын облыс бюджетіне аудармақшы болып отырған қаржысы 1 миллион 200 мың теңге ғана. Жер комиссиясының мүшелерін алдымен осы соманың аздығы ойландырды.
Екінші үлкен мәселе, серіктестік сұрап отырған жер телімінің Есіл өзені мен Астана су қоймасының су қорғау аймақтарында орналасуы. Оны бұл аймақтардан тиісінше 446 метр және 800 метр қашықтық қана бөліп тұр.
Сондықтан, серіктестік бұған дейін өткен қыста жоғарыдағы жер теліміне тағы бір өтініш бергенінде Астана су қоймасы мен «Казводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола филиалы өздерінің су қорғау аймақтарында карьер ашуға келісімдерін бермеген.
Сөйтіп, осының негізінде облыстық әкімдік шаруашылық субъектісіне мұндай жер телімін бөлуден бас тартқан. Енді міне, серіктестік бұл өтінішіне қайта оралып отыр. Тек осы жолы сұраған жер телімі азайтылып, 24,3 гектарға түскен. Соның есесінен су қорғау аймақтарымен арадағы қашықтық заңда ұрықсат етілетіндей 1000 метрге ұлғайтылды деген уәж айтылады. Соған сай «Азаматтар үшін Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақмола облысы филиалының бұл жер телімі Астана су қоймасы су қорғау аймағы шекарасынан нақ сонша орналасқандығы жөнінде берген қорытындысы бар. Алайда, Есіл өзені су қорғау аймағымен олай емес. Жер телімі оның шекарасында қала бермек. Сонда да алдыңғысын негізге алған серіктестік бәрібір өтінішінің оң шешілуінен дәмелі.
Алайда, осы мәселені талқылай келе, комиссия мүшелері істің бұлай сипат алуымен келіспеді. Әсіресе, бұл орайда бір жақты көзқарасты ұстанған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров пен тағы басқаларының принципшілдігі қолдауға тұрарлық. Біріншіден, осы жер теліміне жақын орналасқан Астана су қоймасы Елорданы сумен жабдықтап отырған баламасы жоқ жалғыз су көзі. Карьер ашып, топырақ, шаң-тозаңмен оны ластап жатса, не болмақ? Ертең бұл суды қала тұрғындары мен жан-жақтан келетін қонақтар ішеді. Жалпы, өз астанасының су қорғау аймағында қиыршық тас пен құм өндіретін карьер ашып қою қай елде бар? Оның үстіне жер телімін қысқартқан күнде ол жоғарыдағы қорытындыда анық көрсетілгеніндей, Есіл өзенінің су қорғау аймағында қала бермекші.
Осындай ортақ пікірді ұстанған комиссия мүшелері ендігі кезекте мәселеге толық көз жеткізу үшін су ресурстарын пайдалануды және қорғауды реттеу жөніндегі Есіл бассейні инспекциясының өкілін де тыңдап еді, мұндайда заңға немесе берілген қорытындыға сүйенудің өзі қиын болып шықты. Өйткені, онда ортақ бір шешімге келетін нақтылылық жоқ, бәрі жалпылама. Комиссия мүшелері тіпті, инс-
пекция өкілінің дауыстап оқып берген қорытындысын түсіне алмай, екіұдай сезімде қалды. Неге десеңіз, басы бір басқа да, соңы бір басқа.
Мұндайда шығарылатын шешімнің дұрыс-бұрыстығы әркімнің азаматтық көзқарасына көп байланысты екені белгілі. Бір құптарлығы, комиссия мүшелері күн тәртібіндегі мәселеге жеңіл-желпі қарамай, оған барынша мән берді. Тіпті, отырыс үстінде қарапайым арифметикалық жолмен 29,97 гектар жер телімі 24,3 гектарға дейін қысқартылып, азайтылғанның өзінде су қорғау аймағынан 1000 метрге шегерілуі мүмкін емес екендігі есептеліп шығарылды.
Осының бәрі ескеріле келе, облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Асқарбек Үйсімбаев мәселенің анық-қанығына жергілікті жерге барып көз жеткізу қажеттігі жөнінде ұсыныс білдірді. Сөйтіп, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина, облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ербол Жақсылықов бастаған комиссия мүшелері дауысқа салу арқылы бұл ұсынысты толық қолдады.
Осылай жер комиссиясы таяу арада Целиноград ауданына барып, бір мәмілеге келе алмаған жағдайды өз көздерімен көріп қайтатын болды. Қоғам мүддесі мен ортақ істің мүддесі үшін мұның өзі ешқашан артықтық етпейді. Сол сияқты, отырыста «Казводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақмола филиалынан қосымша қорытынды сұрату туралы да ұсыныс жасалып, ол да ескерілетін болды.
Міне, бүгінгі таңда бәрімізді алаңдата түскен жер мәселесінде осындай жанашырлық сөз жоқ, керек. Жерге қатысты әрбір мәселеге жауапкершілік тұрғысынан келуден ұтпасақ, ұтылмаймыз. Осыны өз жұмысында жер комиссиясы алдағы уақытта да жіті ескере түседі деген сенім бар.
Қ.КӘКЕНОВ.