Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тамыз кеңесі: бағыт пен бағдар - АРҚА АЖАРЫ

Тамыз кеңесі: бағыт пен бағдар

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен дәстүрлі білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесіне қатысып, жиналғандарға жүрекжарды тілегін арнады.

Келелі жиын басталмас бұрын өңір басшысы мәдениет сарайының алаңқайында жіптей тізілген 20 мектеп автобусының кілтін облысымыздың әр өңірінен келген білім бөлімі басшыларына салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар, білім беру саласында жақсы жетістіктерге қол жеткізген мұғалімдер мен оқу орындарының басшылары, балабақша тәрбиешілері  облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, бірқатар ұстаздарға Ы.Алтынсарин және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табыс етілді. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Білім саласының үздік ұйымы» атты облыстық байқаудың жеңімпазы атанған Жақсы ауданының Қабдеш Өскенбаев атындағы Қима орта мектебінің ұжымы 22 627 200 теңгенің ақшалай арнайы сертификатына ие болды.

Келелі жиынға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі, заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов, облыстық басқармалардың басшылары мен аудан, қала, облыс әкімдерінің орынбасарлары, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жетекшілері, ардагер ұстаздар, білім қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мәдениет сарайына жиналған өңіріміздің айтулы білім қызметкерлері білім саласындағы жетістіктерге арналған көрмені тамашалады. Кеңесті облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов ашып, жүргізіп отырды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудің жаңа әдіс-тәсілдері мен тиімділігін арттыру жолдарын қарастыруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына орай, білім саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша жұмыс атқарылуда. Бұл туралы тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов жан-жақты баяндады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев төртінші өнеркәсіптік революцияға арналған биылғы Жолдауында адам капиталы елімізді дамытудың ең маңызды бағыты деп атап өтті. Елдің бәсекеге қабілетті болуы және дамыған 30 елдің қатарына қосылуы үшін адам капиталының рөлі ерекше. Біз бүгін маңызды мәселелерді айқындап, оларды шешу жолдарын анықтау үшін өткен жылдың қорытындысын жасап, алдағы оқу жылына бағыт-бағдар қою мақсатында жиналып отырмыз, – деп бастады өз сөзін білім басқармасының басшысы. – Облыстық білім басқармасы ел Президентінің алға қойған міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асырып, жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында жаңа серпінді рухта жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бүгінгі таңда Елбасымыздың салиқалы да сарабдал саясатының арқасында Қазақстан әлем мойындаған, экономикасы дамыған, білім мен ғылымы алға ілгерілеген елдердің қатарында. Қазіргі заманда білім беру жүйесі жаңартылған оқу мазмұнына көшуде. Осы мақсатта облысымыздың 10 мыңнан астам педагогы біліктілікті арттыру курстарынан өтті,–деді ол өз сөзінде.
Жаңа бағдарламамен биылғы жаңа оқу жылында 3, 6, 8 сынып оқушылар оқитын болады. Биылғы жылы облысымызда орта біліммен 120 мыңнан астам оқушы қамтылады деп күтілуде. Олардың арасында 14 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бүлдіршіндер. Оқыту процесін қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы оқулықтар сатып алу мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард 300 миллион теңге қаржы бөлініп, игерілді. Қала және ауыл арасындағы білім берудің сапасындағы алшақтықты қысқарту үшін белсенді түрде ІТ технологиялары енгізілуде. Өткен оқу жылында барлық мектептер «BilimLand» инновациялық білім беру платформасына қосылды. Мемлекет басшысы ел халқына арнаған Жолдауында ІТ білімді дамытуға ерекше көңіл бөледі. Қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ақпараттық-технологиялық ортаны қалыптастыру бойынша жұмыс барынша қарқынды жүргізілуде. Осыған орай, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру жүйесінде балаларға арналған 28 тегін ІТ сыныптарын ашу жоспарда бар. Бұл жерде балалар бағдарлау, қарапайым алгоритмдер, Web-сайттар, еуропа білім беру стандарттары бойынша анимациялық құру дағдыларына үйренетін болады. Оқыту 8 жастан 12 жасқа дейінгі 1500 оқушыны қамтиды, оның ішінде 700-ден астам ауыл баласы бар. Цифрлы экономика үшін адами капиталды дамыту бойынша жол картасын жүзеге асыру шеңберінде ағымдағы жылы білім беру ұйымдарында робототехника элементтерімен 124 кабинет жабдықталып, жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, облыс мектептеріне балалардың техникалық сауаттылығын дамытуға ықпал ететін математика, информатика, технология, инженерия негіздерін, интегралды «Робототехника» курсын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Облысымыздың әр өңіріндегі 23 мектеп пилоттық жоба аясында үш тілде білім беруге көше бастады. Осыған байланысты 40 педагог арнайы курстардан өтіп, олардың жетеуі Оңтүстік Корея елінің Сеул мен Қытайдың Гонконг қалаларында білімдерін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап келді. Ағылшын тілінде физика пәні 22, химия пәні 25, ал, информатика пәні 31 сыныпта өткізілсе, биологияны шет тілінде оқытқан 36 сынып бар. Пилоттық жоба аясында барлығы 2218 оқушы қамтылып, оларға 192 педагог сабақ берді.
Соңғы жылдары үш ауысымда оқытылатын мектептер мен апатты жағдайдағы білім мекемелерінің өзекті мәселелері жиі сөз болуда.
Өткен жылы Бұланды ауданының Алтынды орта мектебі апатты жағдайдағы мектеп болып саналған, биыл ол қалпына келтіріліп, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Облысымызда 12 мектеп үш ауысымда оқиды. Алайда, түйінді мәселенің шешімін табу мақсатында 2017 жылдан 3 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Атап айтар болсақ, Көкшетау қаласында 900 орынға лайықталып орта мектеп, сондай-ақ, 420 балаға лайықталған №18 орта мектептің жанынан қосымша ғимарат салынып, биыл пайдалануға беріледі. Атап өту керек, жаңа оқу жылында 4 жаңа мектеп пен 420 орынға лайықталып салынған қосымша оқу корпусы пайдалануға беріледі. Мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру мәселесі де әрдайым назарда. Өткен оқу жылында облысымыздың 282 мектебінде инклюзивтік біліммен қамтамасыз етуге барлық жағдай туғызылған. Жарымжан балалар Үкімет тарапынан даму ерекшеліктеріне қарай компьютерлік техникамен, арнайы бағдарламамен қамтамасыз етілуде.
– Білім беру саласындағы айшықты істерді жіпке тізгендей түгел айтып шығу мүмкін емес. Біздің ендігі мақсатымыз бойымыздағы барлық күш-жігерімізді сарқа жұмсап, заман талабына сай білім, тәрбие ісін жаңа сипатта дамытып, жарқын белеске көтеру болып табылады. Биылғы оқу жылында оқу-тәрбие үрдісін қоғамның жаңа қажеттіліктеріне сүйене отырып, ұйымдаса еңбек етейік. Оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда табысты нәтижелерге бірге жете берейік,–деп сөзін түйіндеді Талғат Тұрлыбекұлы.
Жарыссөзге Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Гүлнәр Қадырова шығып, «Мектепке дейінгі білім берудің жаңа сапасы – адами капиталдың негізгі кілті» тақырыбында сөз сөйлеп, жаңартылған оқу мазмұнына сәйкес мектепке дейінгі балдырғандарға білім беру қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне баса назар аударып, ауданда атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталды. – Біздің ауданда балабақша мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Біз қазіргі таңда балдырғандарды балабақшамен 100 пайыз қамтып отырмыз деп нық сеніммен айта аламыз,–деді. Ал, «Білім – инновация» лицей-интернатының биология пәнінің мұғалімі Ноян Жантас үш тілді меңгеру – заман талабы екендігін баса айтты.
Келелі кеңесте Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінің оқытушысы Мәдина Мырзабаева баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын жүзеге асыру туралы кеңінен тарқатып айтып берсе, Ерейментау аудандық білім бөлімінің әдіскері Сырым Ерболұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аудан мектептерінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы сөз қозғады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі, заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов сөз сөйлеп, білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтап, зор табыс тіледі. Жарыссөзге шыққандардың қатарында Бурабай аудандық білім бөлімінің басшысы Жангелді Төлегенов те бар. Алқалы жиынды қорытындылаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин ұстаздар қауымына деген жүрекжарды тілегі мен ыстық ілтипатын өзінің құттықтау сөзінде жеткізді.
– Жылдар бойы дәстүрге айналған тамыз кеңесі өткен оқу жылына терең талдау жасауымызға, өзекті мәселелерді анықтауға, жаңа оқу жылына жаңа міндеттер қоюға мүмкіндіктер береді, – дей келіп, өңір басшысы облысымызда білім саласында атқарылып жатқан бірқадау мәселелерге тоқталып, назар аударды.
Салтанатты шарадан кейін облысымыздың білім қызметкерлері секцияларға бөлініп, пәндер бойынша оқу-тәжірибелерін ортаға салды.

Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар