2018 жылдың 4 қыркүйек күні сағат 15.00-де өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Қажыкенқызы Жақыпованың қатысуымен Қазақстан Республикасы халқының Тілдері күні мерекесі аясындағы онкүндіктің ашылуына орай брифинг өткізіледі. Брифингтің мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, «Ақмола облысында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» 30-тармағын іске асыру, Тіл мерекесіне арналған онкүндіктің ашылуы туралы хабардар ету.
Жыл сайын өткізілетін Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған онкүндік биылғы жылдың 16 мамыры күні облыс әкімі орынбасарымен бекітілген жоспарға сәйкес 5-18 қыркүйек аралығында өткізіледі. Осы жоспарға сәйкес жергілікті жерлерде де тиісті іс-шаралар жоспары жасалып, барлық аудандар мен қалаларда бұл онкүндік басталып та кетті.
Мемлекеттік тілді дамыту – ел саясатының аса маңызды басымдықтарының бірі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасында мереке күндері тізбесін бекіту туралы» №689 Қаулысының негізінде айтулы мерекелердің арасында Қазақстан халқы Тілдері күні 5 қыркүйекте атап өтілетін болды. Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады. «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса әйгіленетіні қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай болмақшы.
Облысымыздың барлық мекемелерінде Тілдер күніне орай тіл апталықтары, онкүндіктері, айлықтары мен фестивальдары өтеді. Еліміздегі бірлік пен келісімді білдіретін шаралар аясында тілдерді меңгеру бойынша конкурстар, дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялар да ұйымдастырылмақшы.
Биыл осы мереке аясында, облысымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, этнос тілдерінің дамуына ықпал ететін онкүндік жоспары жасалып, 40-тан астам іс-шара ұйымдастыру көзделген. Онкүндіктің әр күні «Алаш зиялылары және мемлекеттік тіл», «Шешендік өнер – атадан қалған асыл мұра», «Тіл – достықтың айғағы» атты тақырыптық шаралармен белгіленді. Қазақ тілінің ұлттық тіл ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірген Алаш қайраткерлері мен қазақтың атақты би-шешендері туралы деректі материалдар М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана арқылы топтастырылып, облыс көлемінде орындаушыларға әдістемелік көмек ретінде таратылды.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай өтетін онкүндік аясында облысымыздың оқу орындарында Қазақстан Республикасы халқыныңТілдері күні мерекесінің салтанатты ашылуы өтеді.
Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында бекітілген жоспарға нақтырақ тоқталатын болсақ, жоспардың бірінші бөлімі «Алаш зиялылары және қазақ тілі» деп аталады, өйткені, Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұлан-ғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да, Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды. Жоспардың бұл тақырыбы бойынша келесідей іс-шаралар өткізілмекші. Атап айтқанда, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай оқушы жастар арасында «Алты алаштың ақиық ақыны – Мағжан»; «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің негізін қалаушы» атты тақырыптық сабақтар, «Cәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы»; «Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен шығармашылығы»; «Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығы»; «Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы»; «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы»; «Халел Досмұхамедұлының өмірі мен шығармашылығы»; «Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен шығармашылығы»; «Мұхаметсәлім Кәшімовтың өмірі мен шығармашылығы» тақырыптарындағы ақпараттық-танымдық іс-шараларды білім, жастар саясаты, мәдениет басқармалары, жоғары оқу орындары, колледжер, аудан және қала әкімдіктері ұйымдастыруға жауапты.
Би-шешендердің сөздері – халықтық тəлім-тəрбие құралы. Қазақ халқының отбасылық ортасынан бастап, ауыл-аймақпен, байтақ атамекеніміздегі ағайын-туыстармен, көпшілікпен қарым-қатынас жасау мəдениетінің адамгершілік асыл қасиеттер аясында қалыптасуында осы би-шешендер сөздерінің ықпалы зор болды. Міне сол себепті, жоспардың екінші бөлімі «Шешендік өнер – атадан қалған асыл мұра» деп аталады, бұл бөлім бойынша да бірнеше іс-шаралар өткізу көзделген. Солардың қатарында «Бүтін билікке жеткен – Төле би»; «Орта жүздің бас биі – Қаз дауысты Қазыбек би»; «Кіші жүздің биі – Әйтеке би»; «Қазақ халқының төбе биі – Майқы би» атты көркемсөз сағаттарын ұйымдастыруға; «Атығай-Қарауылдың бас биі – Қанай Құттымбетұлының өмірбаяны мен шешендік өнері»; «Абылайдың сенімді серігі болған Байдалы би» атты ақпараттық-танымдық іс-шаралар өткізуге; «Бапан биден қалған сөз» атты көркемсөз сағатын ұйымдастыруға; «Бөгенбай батырдың шөбересі – Саққұлақ би»; «Нияз би – Абылай ханның бас билерінің бірі» атты ақпараттық-танымдық іс-шаралар өткізуге; «Сырым Датұлының шешендік өнері» атты көркемсөз сағаттарын ұйымдастыруға білім, жастар саясаты, мәдениет басқармалары, жоғары оқу орындары, колледждер, аудан және қала әкімдіктері жауаптылар болып белгіленген.
Ал, жоспардың 3-бөліміне келетін болсақ, бұл бөлім «Тіл – достықтың айғағы» деп аталып, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығы, «Қоғамдық келісім» КММ-сі, этномәдени бірлестіктері тілдер күнін, яғни, Орыс тілі, Поляк тілі, Неміс тілі, Кәріс тілі, Татар тілі, Армян тілі, Чуваш тілі, Еврей тілі, Инғұш тілі, Өзбек тілі күндерін өткізеді. Аталған шаралар этносаралық өзара іс-қимыл институттарының тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының аталған саладағы ынтымақтастығын нығайтуға септігін тигізуі тиіс.
Жоспардың 4-бөлімі – мәдени-көпшілік іс-шаралар бойынша «Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы – мемлекеттік тіл» тақырыбы бойынша облысымыздың барлық мекемелерімен, тілдерді дамыту, білім, жастар саясаты, мәдениет басқармаларымен, аудан және қала әкімдіктерімен көпшілік іс-шаралар өткізіледі. «Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы – мемлекеттік тіл» тақырыбындағы көпшілік іс-шаралар мектептерде, кітапханаларда ұйымдастырылады. «Үш тұғырлы тіл саясаты – жастардың болашағы мен мүмкіндігі» атты зияткерлік ойындар, полиглоттар марафоны; «Жаңа әліпби – жаңа дәуірдің жаңа тарихы», «Латын графикасына көшу – заман талабы» тақырыптарында оқу орындарында, еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылады. Бүлдіршіндер арасында «Бала тілі – бал» атты мәнерлеп оқу байқауы; бастауыш сынып оқушылары арасында «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысы, облысымыздың мемлекеттік мекемелерінде «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» онкүндігі өткізіледі. Көкшетау қаласы әкімдігінің «Достар» мәдениет сарайында өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Ән халықтың ажары» атты қазақша караоке өткізуі жоспарланған. Тілдерді дамыту басқармасы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшылығы, білім, жастар саясаты басқармалары мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерімен «Қазақшаңыз қалай?», «Көкшетау қазақша сөйлей ме?» атты акциялар өткізіп, пікір сайыс алаңын ұйымдастырмақшы.
Сонымен қатар, тіл басқармасы мен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы бірлесіп, өзге ұлт өкілдері арасында «Әнім сенсің, Туған жер!» атты екінші облыстық әншілер байқауын өткізеді. Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арналған онкүндік аясында өткізілген барлық іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады деген үміттеміз.
Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай өткізілген онкүндіктің жабылуы, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау салтанаты және гала концерт ұйымдастырылады.
Елбасымыз әрқашан «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұстанымды қуаттап, қолдап келеді. 2011-2020 жылдарға арналған тілді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, елімізде мемлекеттік тілді қолданудың ауқымды шаралары өткізіліп, бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жыл сайын басқарманың бастамасымен мемлекеттік тілді одан әрі дамыту, оның мемлекеттік мәртебесін көтеру мақсатында түрлі шаралар мен байқаулар өткізіліп келеді.
Тіл саясаты бүгінгі таңда ең өзекті, ең өткір мәселе болып отырғаны баршамызға аян. Әрине, тәуелсіз еліміздің болашағы өз тілімен ғана алға қарыштары белгілі. Біздің міндет сол тілді тек меңгеріп қана қою емес, оны бүгінгісінен де әрі қарай жетілдіріп, ұрпақ санасына сіңіре беру, әр адамның өз ана тіліне деген жауапкершілік сезімін оятып, ана тілі үшін күресе білуіне қол жеткізу деп түсіну қажет.
Біз – көпұлтты қоғамбыз. Біздің татулығымыз берік болуы үшін ең бастысы тұрақтылық пен бірлік қажет. Өйткені, бұлар – біздің баға жетпес байлығымыз. Осы орайда, ұлт пен ұлыстарды жақындастырып, табыстыратын ерекше құрал тіл екені анық. Сондықтан, тілдерге деген құрмет, ана тілінде білім алу үшін қажетті жағдайлар туғызу – ел саясатының аса маңызды басымдықтарының бірі болып келеді және солай қала бермекші.
Марал ЖАҚЫПОВА,
Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы