Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі күнге дейін 978,1 мың гектар жердің егіні орылып, 815,6 мың тонна астық жиналды, 23,6 мың тонна тұқым құйып алынды. Дәнді дақылдардың әр гектарынан облыс бойынша орташа өнім 9,6 центнерден айналуда.
Ауа райының қолайсыздығынан биылғы егін орағы науқаны кеш басталды. Дегенмен, егіс алқаптары 429617 гектарды құрайтын Жарқайың, Есіл, Жақсы аудандары барлық алқаптың 25-35 пайызын орып, бастырды. Бұл аудандарда орташа гектар берекесі 8,5-10,7 центнерден айналуда. Бұланды ауданының диқандары да алқаптардағы өнімді жинауға кірісті. Өңірде алғашқы болып егінге орақ салған «Журавлевка», «Ивановка НС», «Партизанский-1» серіктестіктерінің еңбеккерлері бітік өскен бидай алқаптарынан жиналған биылғы дән қамбаны еселеп толтырады деп үміттеніп отыр.
Үстіміздегі жылы Бұланды ауданында 206 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себілген екен. Егістік алқаптарына негізінен, бидай мен арпа егілген. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Сағадиевтің айтуынша, өңір диқандары бүгінгі күнге дейін 32,1 мың гектардың егінін орып, дестеге түсірді. Сондай-ақ, 8,4 мың гектар алқаптың егіні бастырылып, қамбаға 10,2 мың тонна астық құйылды. Орташа гектар түсімі 13 центнерден айналуда. Науқандық жұмысқа 509 комбайн, оның ішінде өнімділігі жоғары шетелдік 101 комбайн, 329 трактор тіркемесі тартылған. Биылғы жылы жаңадан 16 комбайн сатып алынған. Қажетті дизельдік отынды «Қазмұнайгаз өнімдері», «Жалтыр тас», «Вишневка мұнай базасы», «Никольский» серіктестіктері белгіленген кесте бо-
йынша тасымалдауда. «Арна» астық қабылдау кәсіпорны», «Бұланды астық», «Макинск элеваторы» серіктестіктері де биылғы жылдың астығын қабылдап, кептіре бастады. Ендігі міндет бітік шыққан өнімді шашпай-төкпей жинап алу болып отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.