Кеше облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Мәлік Мырзалин азаматтарды жеке мәселелерiмен қоғамдық қабылдау жүргізді.
Бұл жолы қоғамдық қабылдауда болған тұрғындар ауыл мектептері мен жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, материалдық және құқықтық көмек көрсету төңірегінде туындаған мәселелерді көтерді.
Көкшетау қаласының тұрғыны Анатолий Ромаренко Степняк қаласындағы жылжымайтын мүлік құқығын қалпына келтіру жөнінде көмек сұрады. Туғанынан анасынан айырылған ол 8 жасқа дейін әжесімен Степняк қаласында тұрған екен. Кейін әжесі өмірден озған соң аталмыш пәтер оған мұраға қалған. Тұл жетім болып қалған ол Солтүстік Қазақстан облысының Ғ.Мүсірепов ауданындағы Шөптікөл балалар үйіне тәрбиеленуге жіберіледі. Сол кезде оның әжесінен мұра болып қалған пәтері сүріліп кетіпті. Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары Ерсайын Сабыровтың айтуынша, бұл мәселе аудан әкімдігінде бақылауға алынған.
– Аудан орталығында 4 қабатты тұрғын үй қалпына келтірілуде. Жақында Анатолийге осы үйден пәтер беріліп, тұрақты жұмысқа орналастырылатын болады, – деп сендірді Ерсайын Сабыров.
Зеренді селосының тұрғыны Зәуре Меңдібаева мүгедек баласын емдету үшін материалдық көмек сұрады. Облыс әкімі мұң-мұқтажын айтып келген анаға заң аясында қолдан келгенше көмектесуге уәде берді. Ал, Райхан Тәжібаева есімді тұрғын Еленовка ауылындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек сұрады. Оның айтуынша, іргесі осыдан жарты ғасыр бұрын қаланған білім ордасы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Дәл осындай мәселені скайп арқылы Шортанды ауданы Бозайғыр ауылының тұрғыны да көтерді. Қоғамдық қабылдауда «Жолымбет-Бектау» тас жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі де айтылды.
Аймақ басшысы қабылдауға келген тұрғындардың әрбірінің сауалын тыңдай келе, барлық өтiнiштердi бақылауға алып, жауапты тұлғаларға тиiстi тапсырмалар беретінін жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.