Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау көркейіп, кемелденіп келеді - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау көркейіп, кемелденіп келеді

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин күн сайын өсіп келе жатқан Көкшетауды арнайы аралап, бас қаланың тыныс-тіршілігіне құлақ түріп отыратыны бар. Әлемде Астана аталатын шаһар пайда болғанда, қазақ елінде «Астанаға қарап бой түзейміз» деген жақсы бастама көтерілгені талай-талай игі істердің шуақ шашуына ықпал еткені көз алдымызда. Бұл тәмсіл астаналық Ақмола облысының абыройлы ұстанымы болып табылады.

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің жұмыс бабындағы кезекті сапары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде демеушілердің көмегімен салынған орталық бақтағы «Оpenair» демалыс-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатынан басталды.
Көкшетаудағы «Гормолзавод» кәсіпорны қалаға сыйға тартқан көпсалалы тренажер алаңында спортшы жастар мен әуесқой жасөспірімдер жаттығу қимылдарын орындауда. «Бұл біздің туған қаламызға тартуымыз. Мақсат – жастарымыздың нашақорлықтан аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстануына септік жасау. Көп ұзамай мұндай құрылғылардың екеуін Васильковка мөлтек ауданында, сондай-ақ, біздің ұжым басшысы Әсен Жақсылықов оқыған №4 орта мектеп ауласында орнату жоспарлануда», – дейді сүт зауытының қаржы мәселесі бойынша директоры Аслан Құрманғалиев.
Осындай спорт алаңын жабдықтауға «Технодом» сауда желісі де демеушілік көрсетіп отырғанын айта кету керек.
«Қазақстан халық банкі» Ақмола облыстық филиалының ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және банктің 95 жылдығына орай, балалардың әсем ойын алаңын жабдықтапты. Қаржы мекемесі жыл басынан бері «95 жылдыққа – 95 игі шара» марафонын өткізуде. Бұлардың қатарында балалардың сырғанақ алаңында тегін демалуы, театр спектакльдерін тамашалауы ұйымдастырылып, «Мектепке жол» акциясымен бірінші сыныпқа баратын 95 балаға көмек көрсетті.
–Біз жуық арада қалаға мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған инватакси автомашинасын тарту етпекпіз. Игі шараларымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Ай са-йын қалалықтарды әртүрлі қайырымдылық шараларына шақыратын боламыз, – дейді бізбен тілдескен «Қазақстан халық Банкі» Ақмола облыстық филиалының директоры Дәулет Топин.
Сол күні өңір басшысы Мәлік Мырзалин «Сарыарқа» шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты. Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев мұнда «Тұрғын үй жинақ банкі» салымшылары үшін тоғыз қабатты төрт үйдің және әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға арналған бес қабатты арендалық алты үйдің құрылысы аяқталып келе жатқандығын хабарлады. Бұған қосымша, жалға алушылар қоныстанатын дәл осындай 10 көпқабатты үйдің құрылысы басталып отыр.
Жалпы, биылғы жылы 132 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 180 мың шаршы метрге жетпек. Бүгінгі күні қалада 34 үй салынып жатса, жыл аяғына дейін 18 көпқабатты үйдің тұрғындары пәтер кілтін алады. Сондай-ақ, инфрақұрылымның дамуы есебінен, келесі жылы 200 мың шаршы метрлік тұрғын үйлер құрылысы басталмақ. Қала тарихында мұндай құрылыс қарқыны бұрын болған емес.
Әкім назарынан аулаішілік абаттандыру жұмыстары да шет қалған жоқ. Биыл 70-тен астам аула абаттандырылып, 40-тан астам спорттық және балалардың ойын алаңдары жабдықталды. Бурабай шағын ауданында облыс әкімі 9 қабатты тұрғын үйдің, 180 орындық балалар бақшасының құрылысын аралап көрді. Әсіресе,
«7-20-25» бағдарламасымен пайдалануға берілген алғашқы 9 қабатты тұрғын үй тұрғындарымен кездесу әсерлі болды. Барлық қолайлы тұрмыстық жағдайлар қамтамасыз етілген бұл ғимаратты «Үй құрылысы» комбинаты тұрғызған. Пәтер алушылар бұл үйдің әр шаршы метріне
153 мың теңгеден төлегендерін және бұл бағаның өзге облыс орталықтарымен салыстырғанда ең төмен екендігін ризалықпен айтып жатты.
№2 аудандық қазандықта болған өңір басшысы Мәлік Мырзалин «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшыларымен жылу науқанына дайындық барысын талқылады. Мұнда жылу қуатын арттыру жұмыстары жүріп жатыр. Облыс бюджетінен бөлінген қаржы арқылы төртінші пештің құрылысы және қолда бар пештердің қайта құру жұмыстарының жобалау құжаттары дайындалуда. Былтыр соңғы 9 жылда алғаш рет пештердің бірінің сүзгілері ауыстырылып, ауаның ластануы едәуір дәрежеде төмендеген. Облыс әкімі ауа райы жағдайына байланысты биыл жылу беру науқанын жоспарланған мерзімнен бұрын бастауға тапсырма берді. Осыған сәйкес, 25 қыркүйектен әлеуметтік сала нысандары, одан кейін тұрғын үй секторы жылу жүйесіне қосылатыны белгілі болды.
Қопа көлі жағалауын абаттандыру жұмыстарына байланысты облыс әкімі Әуезов, Горький көшелері шекаралары мен Қопа көлі маңайындағы тұрғын үй ауданының нақты жобалау жоспары және сәулет кескіндемесімен танысты. Жобада жағалау аймағы мен айналма жол аралығын кешенді абаттандыру, мұнда жаяу жүргіншілер және велосипед жолы, демалыс орындары қарастырылған. Мұнда Қылшақты өзенінде көпір салынып, жағалау бойымен төрт жолақты жол жүретін болады. Бұл жоба бойынша орта мектеп, балалар бақшасы,
9 қабатты ғимараттар бой көтермек. Осыған байланысты ескірген 108 тұрғын үйді сүріп тастау жоспарланса, қазіргі мұндай жұмыс 23 нысанға қатысты жүргізілген.
Облыс әкімі жұмыстардың жалпы ағымына қолдау көрсетіп, жобалау құжаттарын қала кеңесінде бекітуге тапсырма берді.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар