Бурабайда іскер әйелдердің «Burabay Women’s Synergy» облыстық форумы өтті. Шараға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиев, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлмира Құсайын және облысымыз бен еліміздің әр өңірінен келген іскер әйелдер қатысты.
– Ақмола облысындағы іскер әйелдер кеңесінің құрылып, жұмыс істей бастаған қиын жолы əлі есімде. Бүгінгі өзіміз көріп отырғандай өңірде бизнес ханымдарды қолдауға зор көңіл бөлініп келеді. Бұл əрине, біздерді қуантады. Жылдан жылға қатарымыз көбейіп келеді, – деп атап өтті Ләззат Рамазанова.
Форумда өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің жұмысы туралы Гүлмира Құсайын айтып берді. Оның айтуынша, аталған есептік кезеңде облыста біраз шаруа тындырылыпты. «Бастау» бағдарламасы бойынша 420, «Бизнес-кеңесші» – 750, «Іскер байланыс» 63 əйел курстан өтсе, 38 бизнес ханым Назарбаев университетінде топ-менеджмент бойынша оқыды. Жалпы, Ақмола облысында кəсіпкер әйелдердің үлесі 60 пайызды құрайды.
– Белсенді ақмолалық әйелдердің іскерлігіне таң қалмауға болмас. Өйткені, бүгінде нәзік жандар түрлі салада ерлермен қатар еңбек етіп, белсенділік танытып жүр, – деді Гүлмира Құсайын.
Форумда еліміздің әр өңірінен жиналған іскер әйелдер өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Жиын соңында үздік іскер əйелдер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, облыс əкімдігі жəне өңірлік кəсіпкерлер палатасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.