Биыл Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл толып отыр. Ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде қордың барлық филиалдарында халықпен дәстүрлі кездесу – Ашық есік күні өткен болатын. Аталмыш шараға мекемелердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басшылары, мұғалімдер, зейнеткерлер, БАҚ өкілдері қатысты. Еліміздің зейнетақы жүйесінің жұмысы туралы кеңірек білу үшін біз Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Назипа Сәлінгерееваны әңгімеге тартқан едік.
– Назипа Ербатырқызы өз қызметін күннен-күнге жетілдіріп келе жатқан қазіргі зейнетақы жүйесі туралы айтып берсеңіз? Бұл жүйенің ерекшеліктері қандай?
– 1998 жылы ҚР «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңы қабылданғаннан кейін ортақ жүйеден жинақтаушы жүйеге ауысқанымыз бәрімізге белгілі. Яғни, 1998 жылдан бастап жұмыс берушіміз біздің жалақымыздың 10 пайызын жинақтаушы зейнетақы қорына аудара бастады. Сонымен қатар, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ауыссақ та, ортақ зейнетақы жүйесі әлі де сақталып келеді. Ол 1998 жылға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтарға қатысты деген сөз. Егер 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмаса, онда ортақ зейнетақы берілмейді. Жылдан-жылға ортақ зейнетақы өз күшін жойып, 2040 жылдары біртіндеп жойылады. Демек, сол кезеңде зейнетке шығатындарға базалық зейнетақы мен БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарындағы жинақтан зейнетақы берілетін болады. Ал, базалық зейнетақы зейнет жасына келген барлық азаматтарға төленеді. Қазіргі кезде ол төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Егер еңбек өтілі 10 жылдан асса әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылып отырады. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан жоғары болса базалық зейнетақының мөлшері төменгі күнкөріс деңгейімен пара-пар болады, яғни, 28 284 теңге. Биылғы жылдың
1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесін жетілдіру аясында базалық зейнетақы азаматтың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілінің болуына және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болмақ. Жаңа өзгеріске дейін базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге бірдей мөлшерде берілген еді.
– Жаңа сіз базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты болады дедіңіз. Бұл туралы толығырақ айта кетсеңіз. Аударымдардың тәртібі, мерзімі қандай?
– Жұмыс беруші немесе жеке кәсіпкер зейнетақы аударымдарын қалай аударып отырғанын біз орталықтандырылған мәліметтер базасынан алатынымызды жоғарыда айтып кеткен болатынмын. Егер ол ай сайын аударып отырса, онда оның қарамағында жұмыс істеп тұрған азаматтың еңбек өтілі толығымен сақталатын болады. Егер ол зейнетақы аударымдарын тоқсан са-
йын немесе жылына бір рет аударып отырса, онда азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі бір-ақ ай болып есептелініп кетеді. Біз 2018 жылғы 1 шілдеге дейін зейнетақымыздың қанша жиналғанын ғана ойладық. Ал, қазір базалық зейнетақы мөлшері зейнетақы жүйесіндегі өтіліне байланысты болғандықтан, зейнетақы аударымдары ай сайын аударылып тұруы керек. Жұмыс берушінің ай сайын уақытында аударып тұруы өте маңызды. Зейнетақы аударымдарын халыққа қызмет көрсету орталығынан, азаматтарға арналған мемлекеттік корпорациядан өздеріңіздің аударымдарыңызды қарап, тексеріп отыруға болады.
– Елімізде еш жерде тіркелмеген, бейресми жұмысбасты азаматтар саны өте көп. Солар туралы не айтар едіңіз?
– Иә, дұрыс. Бұл туралы көптен бері айтылып келеді. Қазір көп адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Көбінесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелместен жұмыс істегендіктен, олар әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақы жүйелеріне қатыса алмайды. Жақын арада осындай бейресми жұмысбасты азаматтар үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеңілдетілген тіркеу режимін – Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу бастамасын ұсынып отыр. Енді жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбастан жеке тұлғаларға қызмет көрсететін, жеке ша-руашылығындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сататындар айына бір рет қалада 1 АЕК, ауылда 0,5 АЕК көлемінде ақшалай аударымдар жасайды. Сонымен бірге, азаматтар осы бір төлем ауқымында әлеуметтік қызметтің толық пакетін алады. Бұл – медициналық сақтандыру, зейнетақы аударымдары, әлеуметтік сақтандыру. БЖТ-ны төлеу автоматты түрде қызметті тіркеу деген сөз, тиісінше, аударымдар көшірілмесе қызмет те тоқтатылады. БЖТ-ны банк және терминалдар арқылы төлеуге болады. Әрине, бұл әзірше заңның жобасы ғана.
– Осы Бірыңғай жиынтық төлемнің қандай пайдасы бар?
– Министрліктің мәліметінше, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың санаты толықтай зейнетақымен қамсыздандырылады, жоғарылатылған көлемде базалық зейнетақы алу мүмкіндігі пайда болады, ол еңбек өтілінің есепке алынуымен байланысты.
Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар міндетті медициналық сақтандыру (ММС) енгізілгеннен кейін толық көлемде медициналық қамсыздандыруға қол жеткізе алады. Бұл да әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан төлем
жасауды қамтамасыз етеді. Соған орай еңбекке жарамдылықты жоғалту, асыраушысынан айырылу, жүктілік және бала туу, бала асырап алу, бір жасқа дейін баланы бағып күтуге арналған әлеуметтік төлемдер ала алады.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры туралы не айтар едіңіз?
– Заманауи стандарттарға сай сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өз қызметін одан әрі жалғастырып, өз салымшыларының төлемдерін ұлғайта бергенін қалаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Салтанат ДОСЕТОВА.
Суретте: Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Назипа Сәлінгереева.