Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің медициналық факультетінде шетел студенттерін оқыту мәселесі бойынша мәжіліс өткізді.
Кездесуде өңір басшысы облысымызда тұңғыш рет медициналық факультет ашылғанын және 2018-2019 оқу жылы онда шетелдің 150-ге жуық студенті білім алатынын атап өтті.
– Осыншама көлемде шетелдік студенттер облысымызға бірінші рет келгелі отыр. Сондықтан, оларды қабылдап, білім алуына барынша жағдай жасау бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Университет ректорының орынбасары Айгүл Жақыпованың айтуынша, оқу орнында медицина кадрларын даярлау үшін барлық жағдай жасалған. Нақтырақ айтқанда, профессор-оқытушылар құрамы жасақталды, оқу-зертхана жабдықтары алынды, медициналық факультет деканаты құрылды, сондай-ақ, клиникалық тәртіп және морфология, физиология және жалпы анатомия тәрізді екі кафедра ашылды. Шетел студенттеріне ағылшын тілінде 103 оқытушы дәріс береді. Білім ордасына 2018-2019 оқу жылы 173 абитуриент қабылданды. Олардың қатарында Білім және ғылым министрлігінің 12, облыс әкімінің 50 грант иегері бар. Ал, қалған студенттер келісімшарт негізінде оқиды. Симуляциялық орталықтың жұмысын ұйымдастыру үшін университетке дәрігерлерді клиникаға дейінгі даярлау және қазіргі заманғы зертхана – «виртуальды науқас» және «виртуалды медициналық академия» екі қабатты ғимараты берілді.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігі жүзеге асыруда. Орталық Азияда білім беру хабын дамыту шеңберінде қазақстандық ЖОО шетел студенттерін оқытуы тиіс. Сол себепті біз 2018 жылдың шілдесінде Үндістанның «Sun Trap 786 Limited» компаниясымен әріптестік туралы келісімшарт жасадық, – деп атап өтті Айгүл Жақыпова.
Өз кезегінде «Sun Trap 786 Limited» компаниясының директоры Шейх Фарух білім беруді ұйымдастыруда мол тәжірибесі барын айтты. Бұл бағытта компания 25 жыл жұмыс істеп келеді. Үндістаннан Көкшетауға студенттердің алғашқы легі қазанның 15-нен кейін келе бастайды. Олардың оқуы, жатын орны және тамағының шығынын жіберуші ел мойнына алатын болып отыр.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі құқық қорғау органдары мен тиісті ведомство басшыларына шетелдік студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, медициналық қызмет көрсетуді және өңірге тез бейімделіп кетуіне жағдай жасауды тапсырды.
Қазіргі кезде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде шетелден келген 60 студент білім алуда. Олардың арасында Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресейден келген студенттер бар. Бұған қоса, Үндістан, Пәкістан, Шри – Ланка, Непал және Бангладештен студенттер тарту туралы келісімшарт жасалды.
Аслан Оспанов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.