Облысымызда мектеп оқушыларын экологиялық тәрбиелеу бағдарламасына орнитологиялық бақылау енгізу туралы жоба əзірленді. Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов, Қорғалжын экологиялық обсерваториясының директоры Құралай Түсіпбекова, Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің кіші гранттар және бюджеттеу бағдарламаларының ассистенті Серік Досалиев, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорының директоры Асылхан Асылбеков және Еуразиялық топтың қоршаған ортаны қорғау департаментінің бас маманы Рамиль Дисембаевтың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Қорғалжын ауданының туризмді дамытуға әлеуеті жетеді. Қарасаң көз тоймайтын кестелі көркем табиғат аясы экологиялық туризмнің бірегей ошақтарын ашуға сұранып-ақ тұр. Брифингте Қорғалжын қорығы мен аталмыш ауданды туристер үшін тартымды ету тұрғысындағы жұмыстар туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятовтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, Қорғалжын ауданының аумағында ЮНЕСКО-ның табиғи мұраларының тізіміне енген Қорғалжын қорығы бар. Табиғатты қорғау аумағының басты ерекшелігі құстардың жаһандық миграция бағытының түйіскен жерінде орналасуы. Бұл Қазақстандағы және бүкіл Еуразия құрлығындағы жыл құстары мекендейтін ірі сулы-батпақты жер болып саналды. Қорықтың басты байлығы да осы құстар.
– Қорықта еліміздің Қызыл кітабына енгізілген құстың 32 түрі кездеседі. Осы орнифауна арқылы қорық әлемге әйгілі болып отыр. 1976 жылы Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Рамсар конвенциясына сәйкес, әлемдік маңыздағы сулы-батпақты жерлер қатарына жатқызылған. Теңіз көлі әлемнің нағыз бірегей көлдері кіретін «Тірі көлдер» халықаралық желісіне қосылған еліміздегі жалғыз көл. 2007 жылы аталмыш табиғат қорғау аумағының қорықтық көлдері «Әлемнің басты орнитологиялық аумақтары» тізіміне қосылған. 2012 жылы ЮНЕСКО аталмыш қорықтың Қазақстандағы алғашқы биосфералық резерват екенін мойындады, – деп атап өтті Данияр Идиятов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы Қорғалжын ауылында 6 қонақүй барын, онда бір мезетте 100 адам қабылдауға болатынына тоқталды.
– Қорғалжын қорығының әкімшілік ғимаратында 2009 жылдан бері заманауи визит-орталық жұмыс істейді. Оған жыл сайын 3 мыңнан астам адам келіп-кетеді. Биылғы тоғыз айда визит-орталыққа 2512 адам келіп, 453 саяхат ұйымдастырылған. Ал, қорық аумағында барлығы 140 саяхат ұйымдастырылды, – деп толықтырды басқарма басшысы.
Статистикалық деректерге қарағанда, ағымдағы жылдың 6 айында көрсетілген қызметтің көлемі 2508,2 миллион теңгені құрады. Барлығы 142 мың адамға қызмет көрсетілген. Биылдан бастап елімізде жалғыз орнитологиялық орталық жұмыс істей бастады. Бұған қоса, туристерді тарту мақсатында «Қоқиқаз» республикалық фестивалі, Нұра өзенінде рафтинг және спорттық балық аулау сияқты шаралар өткізіліп келеді. Жалпы, орнитофаунасы бай Қорғалжын ауданының туризмді дамытуда әлеуеті зор. Бұл бағытта 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы әзірленуде.
Ал, Қорғалжын экологиялық қорығының директоры Құралай Түсіпбекованың айтуынша, облысымызда мектеп оқушыларын экологиялық тәрбиелеу бағдарламасына орнитологиялық бақылау енгізу жобасы әзірленіп отыр.
– Бұл жобаның басты мақсаты оқушыларға экология туралы тәрбие беру жəне еліміздің келешегі үшін жауапкершілікті қалыптастыру. Оқушыларды тарту арқылы біз бұл жобаны табиғи ортада құстарды бақылау арқылы, сондай-ақ, оқу бағдарламасына орнитологиялық бақылауды қосу жөнінде бастама көтеру, ақпараттық жарияланымдарды кеңейту, экологиялық тәрбие мәселесі мен міндеттерін көтеру арқылы жүзеге асыруды көздеп отырмыз, – дейді Қорғалжын экологиялық қорығының директоры Құралай Түсіпбекова.
Жобаға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің зоология ұлттық зерттеу институты, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы, Қорғалжын аудандық әкімдігі, Биоалуандықты сақтау қоры, Ұлттық Дельфий комитеті, Американың орнитологтар қауымдастығы әріптестік танытуда.
– 2018 жылдың тамызында жобаны Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің кіші гранты қолдады. Алты ай бойы гранттық қолдау бағытында құстарды бақылау бойынша авторлық әдістеме жасау, оқушыларды әр деңгейде даярлау бойынша 3 оқыту бағдарламасын құрастыру, орнитологиялық орталықты материалдар және жабдықтармен қамтамасыз ету, бағдарламаны тестілеу мақсатында оқушылардың 4-5 топ болып келуін ұйымдастыру тәрізді жұмыстар атқарылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің кіші гранттар және бюджеттеу бағдарламаларының ассистенті Серік Досалиев түсіндіріп айтып берді. Оның айтуы-
на қарағанда, Қазақстандағы АҚШ елшілігі дипломатиялық миссиясының көмегімен еліміздегі азаматтық қоғамның одан әрі дамуын қолдау үшін кіші гранттар бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қолдау негізінен әртүрлі азаматтық әлеуметтік маңызы зор жобаларға гранттар бөлу арқылы жүзеге асырылады. Бағдарламаға коммерциялық емес және мемлекеттік емес ұйымдар қатыса алады. Жыл сайын Қазақстандағы АҚШ елшілігінің дипломатиялық миссиясы АҚШ Бас консульдігі және елшілігінің ресми (kz.usembassy.gov)
және әлеуметтік парақшасында бағдарламаның басталғанын жариялайды.
– Аталмыш бағдарлама бойынша 2018 жылы әртүрлі жобаның 300-ден астам тұжырымдамасы алынса, оның 30-ы грант беру бойынша құзырлы комиссиясымен мақұлданды. Осындай жобалардың бірі табиғатты қорғау тұрғысында оқушыларды тәрбиелеу бойынша Қорғалжын экологиялық обсерваториясы жобасы. Біз бұл идеяны оқушылар мен олардың ата-аналары араласып жүрген адамдар арасында насихаттайды деп есептейміз. АҚШ елшілігі мұндай игі істі қолдап, үлес қосуға әзір, – дейді Серік Досалиев.
Сонымен қатар, брифингте Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорының директоры Асылхан Асылбеков және Еуразиялық топтың қоршаған ортаны қорғау департаментінің бас маманы Рамиль Дисембаев сөз алып, оқушыларды экологиялық тәрбиелеу бағдарламасына орнитологиялық бақылау енгізу туралы жобасының маңыздылығын атап өтті.
Брифинг соңында журналистер спикерлерге өңірде туризмді дамыту және экологиялық проблемаларға қатысты сауалдарын қойып, жауаптар алды.