Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ескерткіш тақта орнатылды - АРҚА АЖАРЫ

Ескерткіш тақта орнатылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көкшеліктердің ұйытқы болуымен белгілі әнші-композитор, журналист Кәрім Ілиясовтың 90 жылдығына орай, Көкшетау қаласында 1974-2001 жылдар аралығында өнер иесінің өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

Бұл игі істің басы-қасында жүрген облыстық әдебиет және өнер мұражайының директоры Нұрбек Нұралиннің еңбегі шексіз. Кәрім ағаның 90 жылдығына орай, аталмыш мұражайдың ұйымдастыруымен тақырыптық кештер өткізіліп, енді міне, жүрегі ән деп соққан Кәрім ағаның есімі айшықталып жазылған ескерткіш тақта орнатылды. Осыған орайластырылып өткізілген салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері мен жергілікті басшылар және оқушы балалар қатысты. Іс-шара барысында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова сөз сөйлеп, бұл игі іс Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырғандығын баса айтты. – Біз Кәрім ағамыздың есімін ұлықтау арқылы, қазақ өнеріне өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баули аламыз. Себебі, Кәрім аға санқырлы өнер иесі еді. Өздеріңіз білесіздер, мұндай ескерткіш тақта арғы-бергі тарихымыздағы елге еңбегі сіңген тұлғаларға ғана қойылатынын. Соның қатарына міне, енді Кәрім Ілиясов ағамыз да қосылып отыр. Тарихи оқиға бәрімізге құтты болсын, Көкшетау қаласы әкімдігі атынан, қала халқы атынан аталмыш шараға атсалысқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – деді Алтынай Байқадамқызы. Жиында Көкшетау қаласының құрметті азаматы, жазушы Төлеген Қажыбаев сөз сөйлеп, Кәрім аға туралы естеліктерімен бөлісіп, аталмыш шараны ұйымдастырған облыстық әдебиет және өнер мұражайының ұжымына алғысын білдірді. «Өнерге адал қызмет еткілеріңіз келсе, Кәрім Ілиясовтан үлгі алыңыздар. Қазіргі таңда екі ауыз өлең айтып, әкімдерге алақанын жаятын, өнерін бұлдайтын өнерпаздар көбейіп кетті. Біздің Кәрекең тіршілігінде онша құрмет көре қоймады. Қанша ауыр тұрмыс құрса да, ешқашан да өз өнерін міндетсіреген емес. Мөлдір сезімге құралған әндері қандай ғажап болса, өзі де таңғы шықтай таза, ақкөңіл адам еді. Бүгінгі іс-шара Кәрекеңнің өлмес ғұмырының басы деп білемін» –дей келіп, жиналған азаматтарға ақжарма тілегін білдірді.
Ескерткіш тақтаны салтанатты ашу құрметі ел ағасы Болат Көшімбаевқа берілді.
Күздің қытымыр суығына қарамастан ашылу салтанатына жиналған қауым көп болды. Ыстық ықыласқа толы естеліктер де айтылды, әннен де шашу төгілді. Дауысында даланың кеңдігі бар, көмейінен ән төгілген Қажыбай Жахин Кәрекеңнен үйренген әндерді орындаса, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай Хасенов Кәрім Ілиясовтың ақиық ақын Еркеш Ибраһимнің сөзіне жазылған «Көкшетау» әнін тамылжыта шырқады. Нәзік иірімдерге толы, жүрек қылын шертетін, сол бір әуез, қанаты көзге ілеспес желдей жүйрік сезіммен бірге шарықтай жөнелді. Беу, шіркін, ән қандай, әуез қандай!
«Өзің боп нәзігім де, дөкейім де,
Көкшетау сен жүресің көкейімде.
Сағынған осы қазір сәттерімде,
Шіркін-ай самалың боп кетейін бе?!» –
деп іңкәрлік аңсары мен сағыныш тұнған сырлы саз жүректі елжіретіп, ұшарға қанат байлаған ақ самал көңілмен шарықтап барады.
Өскелең ұрпаққа ғұмырлық азық болар, өмірін өнермен өрген Кәрім Ілиясовтың есімі әнін сүйетін, өнерін құрмет тұратын елімен бірге мәңгі жасай береді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар