Сарғайған сары күздің ортасында Көкше жеріне атақты «Музарт» және «Музарт Live» топтары концерт беруге келді. Соңғысы осы топ мүшелерінің шәкірттері. Жалпы, «Музарт» тобы 2001 жылдың сәуір айында құрылды. Қазіргі кезде Қазақстанда көптеген эстрадалық топтар бар. Сол топтардың ішінен бұл топ өнер әлемінде өз орнын тауып, халықтың көзайымына айналды. Топтың репертуарында көптеген эстрадалық және халық әндері бар, әсіресе, ретро әндер басымырақ.
Бұл жолы да концертте көрермендердің көп болғаны сонша, залда ине шаншар жер болмады. Концерт Көкшетау туралы әнмен басталды. Топ мүшелерінің орындауында жеке әндер де шырқалды. Ескендір Хасанғалиевтің «Анаға сәлем» әні залда отырған ақ жаулықты аналарға арналса, «Сағындым Алматымды» әнін де Мейрамбек Беспаев жүректерге жеткізе білді. Кенжебек Жанәбілов өзінің сүйікті әндері «Қылығың балдай», «Гүлсің-ай» әндерін шырқағанда зал да бірге қосылып, әншіні қолдап отырды.
Бір ерекшелігі, концерт жанды дауыста өтті. Сосын да одан алған әсеріміз мол болды. «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» атты әнді Сәкен Майғазиев жарына арнап шырқағаны да жарасымды болды деу керек. Құрылғанына бір жыл болған «Музарт Live» тобының сымбатты жігіттері де сахнаға шыққанда көрермендер ду қол шапалақтап, жас таланттарға қолдау білдіріп отырды. Мұны жерлестеріміздің өнерге жанашырлығы деп білдік. Композитор Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» әніне де кезек келгенде Көкшенің сұлу арулары жас әншілерге гүл шоқтарын сыйлады. Сөзін Қадыр Мырзалиев жазған «Өз елім» атты әнімен концерт аяқталды. Көрермендер өздеріне тамаша ән кешін сыйлаған әншілермен қимай қоштасты.
Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.