Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел дамуының ең маңызды кезеңін қамтитын құжат болып табылады. Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше назар аударылған.
Білім, денсаулық сақтау салаларының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатынын Елбасы өз Жолдауында ерекше атап өтті. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді болуы керек. 2019 жылдан бас-тап сырқаттарды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көбейтіледі. 2019 жылдан бастап медициналық құжаттар қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшіріледі.
Ұлт Көшбасшысы мемлекеттің басты басымдылығы – ұлт денсаулығына ерекше назар аударды. Бұл – қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз. Сондай-ақ, ол жаңа кезең жағдайында, ел азаматтарының тұтынушылығына қатысты мемлекеттік аппарат қызметіне бөлек тоқталды. Бүгінгі таңда Ақмола облысында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын насихаттау, медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша көп жұмыс атқарылуда. Осының нәтижесінде халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсы серпінділігіне қол жеткізілді. Бала туу өсіп, өмір сүру ұзақтығы ұлғайды.
Инфекциялық және паразиттік сырқаттанушылық бойынша жағдай тұрақты. Ағымдағы жылдың басынан бері дифтерия, қызамық, полиомиелит, іш сүзегі және өзге де аурулар жағдайлары тіркелген жоқ.
Облыста Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2017-2019 жылдарға арналған «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру және сектораралық қатынасты дамыту» Жол картасы және облыс әкімімен бекітілген осы Жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Жол картасының аясында қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің әлеуетін нығайтып, функцияларын дамыту, сондай-ақ, халық денсаулығын нығайту мәселелері бойынша шаралар қолдану үшін мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылдарын күшейту қажет болып табылады. Салауатты өмір салтын насихаттау, түрлі аурулардың алдын алу, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету – азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру бойынша мемлекетіміздің алдында тұрған басты міндеттер. Алға қойылған осы мақсаттар бірлесе атқарылған жұмыс арқылы орындалатынына сенімдіміз.
Азамат ДҮЙСЕНОВ,
Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау
департаментінің басшысы.