Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласында мердігерлердің салғырттығынан құрылыс жұмыстары ақсап тұрған
және сапасыз салынған нысандарды аралап көріп, жауапты тұлғаларға нақтылы міндеттер жүктеді.
Облыс әкімі алдымен «Сарыарқа» шағын ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде болды. Аталмыш үйдің тұрғындарының айтуынша, тұрғын үй 2016 жылы пайдалануға берілгенімен, осы күнге дейін лифтісі іске қосылмаған екен. Тұрғындар 9-шы қабатқа жаяу баспалдақпен көтерілуге мәжбүр. Бұл әрине жоғары қабаттағы тұрғындар үшін оңай емес, әсіресе, зейнеткерлерге қиын соғып тұр. Бұл туралы тұрғындар қала басшылығына талай рет мәселе көтеріп, көмек те сұрапты. Алайда, жергілікті атқамінерлер осы күнге дейін құрғақ уәдеге сендіріп келген. Сол себепті, қала басшылығы мен жауапты органдардан қайыр болмаған соң тұрғындар облыс әкіміне сауал жолдапты.
– Осыдан екі жыл бұрын көшіп келдік. Сол уақыттан бері лифт мәселесін көтеріп келеміз. Алғашқыда екі-үш ай күте тұрыңыздар деді, сосын тағы алты ай күтіңіздер деді. Солай әлі күтіп келеміз. Бармаған жеріміз жоқ. Мәселелерімізді жауапты органдарға айттық. Тек құрғақ уәдемен шығарып салады. Ендігі үмітіміз облыс басшысы сізде, – деп атап өтті аталмыш үйдің тұрғыны Теңдік Сабыржанова
облыс әкімімен кездесуінде.
Тұрғындардың сауалдарына құлақ түрген Мәлік Мырзалин лифтісіз тоғыз қабатты тұрғын үйді қабылдаған жауапты тұлғалардың әрекетіне қатаң сын айтты. Қала басшылығының мәліметінше, лифтіге жауапты мердігер ұйым өздеріне жүктелген жұмыстарды толық аяқтамаған. Лифтінің сыртқы қаңқасын ғана орнатып, көзбояушылық жасаған. Тіпті, осы үшін істі де болыпты. Қазіргі кезде Көкшетау қалалық әкімдігі салғырт мердігердің кінәсінен аты бар, заты жоқ болып қалған лифтіні іске қосуды қолға алып отыр. Қажетті 1,5 миллион теңге көлемінде қаражатты да тауыпты. Қала басшылығы лифтіні 15-ші желтоқсанға дейін іске қосамыз деп облыс әкіміне уәдесін берді.
– Бұл мәселе тез арада шешілуі керек. Өздеріңіз көріп отырсыздар, мұнда зейнеткерлер, қариялар тұрады. Нақты мерзім 15-ші желтоқсан, сол уақытқа дейін лифт іске қосылатын болсын. Сол кезде арнайы келіп тексеремін, – дей келе, Мәлік Мырзалин қала басшылығына бұл жолғы уәденің қатаң сұралатынын ескертті.
Сонымен қатар, облысы әкімі сол күні Әуезов көшесінің бойында салынып жатқан жаңа тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Бұл үйдің құрылысын жүргізіп жатқан бастапқы мердігер істі болып, жұмыс аяқсыз қалған. Енді міне, жаңа мердігер анықталып, 1-ші қарашадан бастап жұмыстарды қайта жандандырмақ. Қазір құрылыс материалдары жеткізілуде. Көп пәтерлі үйді 2019-шы жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланып отыр.
Мердігерлердің жауапсыздығынан құрылысы басталмай жатып, аяқсыз қалған тағы бір нысан Краснояр кентіне апарар тас жолдың бойында жаңадан салынып жатқан оқу-тәрбие кешені. Білім нысанының құрылысы 2016 жылы басталып, кейін екі жыл тұралап қалған. Биылғы жылдың екінші жартысынан бастап, жұмыс жандана бастаған. Мердігер компанияның өкілдері қайткен күнде де келер оқу жылы басталғанша кешенді салып бітіреміз деп отыр. Қазіргі кезде нысанның қазығы қағылып, іргетасы құйылуда. Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі мердігерлерге жұмысты ширатуға, ал қала әкімдігіне оны бақылауға алуды тапсырды.
– 2016-шы жылы құрылыс басталды. Содан бері екі жыл өтті. Сіздер әлі іргетасын салып жатырсыздар. Құрылыстың қарқынын арттыру қажет, – деді Мәлік Мырзалин.
Дәл осы жерде облыс әкімі жолдың бойында әр жүз метр сайын қоқыстардың үйіліп, шашылып жатқанын көріп, қала басшылығына сын айтты. Кешке дейін қоқыстарды тазартып, қала тазалығын қамтамасыз етуде нақтылы тапсырмалар берді. Әсіресе, қоқыстарды арнайы қоқыс жәшіктеріне апармай көрінген жерге шашып кететін тұрындарды жауапкершілікке тарту қажеттігін алға тартты.
Бұдан кейін облыс әкімі Ақан сері көшесінің бойындағы жиырмадан астам ескі жер үйлерді сүру мәселесі, Есенберлин көшесінің бойында өткен жылы пайдалануға берілген спорт алаңын барып көрді. Бұл спорт алаңы да мердігерлердің сапасыз жұмыстарының салдарынан бір жыл өтпей жатып, пайдалануға жарамсыз болған. Яғни, жасанды жамылғылары қопарылып, жыртылған. Қала әкімінің мәліметінше, жауапты мердігер ұйым өткен жылы облыс орталығында барлығы 13 спорттық және
8 балалар алаңын салған екен.
Осы орайда, облыс әкімі Мәлік
Мырзалин қала басшылығына дереу мердігер компанияны тауып, қарашаның ортасына дейін спорт алаңын қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, осы мердігер компания салған өзге спорт және балалар алаңдарының барлығына бақылау жүргізуді міндеттеді.
Аслан ОСПАНОВ,
Берік ЕСКЕНОВ (фото),
«Арқа ажарының» өз тілшілері.