Дені сау ана – дені сау бала. Бұл ықылым заманнан бері қалыптасқан қағида. Дүние есігін ашқан нәрестенің денсаулығы оның анасының денсаулығына, жүктілік кезеңіндегі тамақтануына, күтінуіне байланысты екені жасырын емес. Дәрігерлер екіқабат әйелдерді жүктіліктің ерте кезеңінен есепке алып, болашақ ананың және құрсағындағы шақалақтың денсаулығын бақылап отыратыны міне, сондықтан. Мұның барлығы да баланың өмірге дені сау болып келуі үшін жасалатын қам-қарекет екенін түсіну маңызды.
Осы орайда, біз әйел адамның жүктілік кезеңінде өзіне қалай дұрыс күтім жасауы керектігі жайлы білу мақсатында облыс орталығындағы №2 отбасылық-дәрігерлік амбулаториясының акушері Алма Тәнікеневаға жолыққан едік. Күн сайын жиырмаға жуық жүкті әйелді қабылдайтын ақ халатты абзал жан бізбен әңгімесінде болашақ аналар аяғы ауыр кездерінде дәрілерді қоя тұрғанда, дәрумендердің өзін байқап ішуі керектігін айтты.
–Жүктілік кезеңінде әр дәруменнің өзінің ішетін белгілі бір уақыты болады. Мысалы, фолий қышқылын жүктіліктің он екі аптасына дейін ішу маңызды. Себебі, бұл дәрумен эмбрионның, яғни, ұрықтың дене мүшелерінің даму процесінде жүйке түтігінің дұрыс қалыптасуына әсерін тигізеді. Ал, жиырмасыншы аптасында кальций ішкен артықтық етпейді. Фолий қышқылы медицина тілінде В9 деп те аталады. Егер аяғы ауыр әйел құнарлы тағамдармен, жеміс-жидектермен және көкөністермен жиі қоректеніп отырса, онда В9-дан басқа дәрумендерді қолданудың қажеті жоқ, – деді білікті акушер.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізге шетелден сан түрлі дәрі-дәрмектер әкелінеді. Соның ішінде адам ағзасын қажетті минералдармен байытуға арналған дәрумендер де жеткілікті. Алайда, отандық медицинамыз жүкті әйелдерге басы артық дәрумендерді қабылдаудың қажеті жоқ деп санап отыр. Өйткені, соңғы жылдары балалар арасында аллергия, астма секілді дерттер жиі анықталып жатқан көрінеді. Мұның бәрі шетелден әкелінетін дәрумен тектес препараттардың әсерінен болуы мүмкін екенін акушер Алма Тәнікеневамен болған әңгімемізбен білдік.
Өкінішке орай, кейбір жүкті әйелдер медициналық дәрі-дәрмектерді дәрігердің нұсқауынсыз қабылдап, жүктілікке қауіп төндіретін кездер де болып тұрады екен. Ондайдың алдын алу үшін аяғы ауыр келіншектердің хабарлау-айырбастау картасына арнайы ескертпелер дәрігердің қабылдауына әр келген сайын жазылып, қауіпті белгілер таныстырылып отырады.
Әрине, атауы «айқайлап» тұрғанымен, құрамы белгісіз дәрумендерді қабылдағаннан гөрі, көкөністер мен жемістерге бай, үйде өз қолымызбен дайындалатын тағам түрлерін пайдалану ағзамызға әлдеқайда қауіпсіз екені рас. Біздің келесі кейіпкеріміз – Көкшетау қаласының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Күлзейнеп Мұхамбетжанова былай деді:
–Мен негізі өмір бойы ауылда тұрған адаммын. Барлық балаларым ауылда дүниеге келді. Ол кезде дәрумен ішуді айтпағанда, дәрігердің өзіне сирек қаралатынбыз. Ауру-сырқауды білмейтінбіз. Оның сыры ауылдың таза табиғатында, төрт түлік малдан алынатын таза тағам өнімдерінде деп білемін. Қазіргі кезде нәрестелер туғаннан кейін бір-екі күн өтпей жатып ауырып қалады. Себебі, анасының денсаулығы дұрыс болмағасын, балаға қайдан шыр бітсін?
Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Гүлбану Әбдіманбекова да дұрыс тамақтануды құптайды. Ол балаларын көтеріп жүрген кезінде үнемі құрт, май, ірімшік секілді сүт тағамдары мен ағзада темірді толтырып отыру үшін алма, грек жаңғағын пайдаланып отырғанын айтты.
Әрбір жүкті әйел «Құрсағымда ұлтымның болашағы өсіп келеді» деп ойлап, оған жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ұрпағымыздың дені сау, келешегі кемел болсын демекпіз.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.