Өз-өзімнен осы Анатолий Храпатый туралы жазуға аңсарым ауды. Ақмоладан деп бұрын спорттық жетістіктеріне көз тігіп жүруші едім. Расында, әлем біріншіліктері, Олимпиада ойындарындағы жеңістерінен кейін атағы жер жарған спортшыларымыздың бірі осы азамат еді. Көзі кеткен соң ұмытылуға айналды ма, қалай?! Әйтеуір, осы күні аты көп аталмайтын сияқты. Жоқ, олай болуы тиіс емес. Кәне, жеңісті жолдарын, жемісті жылдарын тағы бір шолайықшы. Ең алдымен, ол өзіміздің жерлесіміз, ақмолалық қой. Осы өңірден шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы! Соның өзі-ақ Анатолий Храпатыйдың біз үшін кім екенін айтқызбай білгізіп тұрған жоқ па?!
Атбасардан басталған жол
Даңқты ауыр атлетші көп жеңістеріне кешегі Кеңес үкіметі тұсында қол жеткізген соң, оны бүкіл КСРО деген алып мемлекет білгені, құрмет тұтып, мақтан еткені тағы аян. Бұған оның әлемдік деңгейдегі спортшы екенін, яғни, есімі мен үлкен спорттағы жетістіктері шетелдіктерге де мәлім болғанын және қосыңыз. Міне, біз еске алып отырған Анатолий Храпатый осындай дарабоз, талайлардың сүйіктісіне айналған спортшы еді. Біз үшін ең бастысы не, оның 1962 жылы 20 қазанда өзіміздің Ақмола облысы Атбасар ауданының Владимиромихайловка селосында дүниеге келгені ме, жоқ, әлде осы шағын, елеусіз ғана елді мекеннен соншама биікке көтеріліп, бүкіл ауыр атлетика жанкүйерлерін өзіне қаратқаны ма? Екеуі де, әрине. Бірін-бірі толықтырған, Тәңір солай жазған есіл ердің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр баяны біз, жерлестерінен бастап бүкіл қазақстандықтар үшін әрі ерекше мақтаныш, әрі орны толмас өкініш дер едік.
Жә, әуелі оның үлкен спортқа қалай келгені жөнінен бірер сөз. Осыған тоқталсақ, кішкентайынан кезіккен тағдырының ауыр сыны бала Толяның басынан көп сипатқыза қоймаған. Төрт жасында анасы сал ауруына шалдығып, әкесі үйінен кетіп қалады. Сөйтіп, өсе келе үй ішінің бар шаруасы ағасы Андрей екеуінің мойнында болады. Кейін отбасы Атбасар қаласына қоныс аударып, он төрт жасына дейін бір жарым жыл күрес секциясына барып үлгереді.
Он төрт жасты бұлай бөле-жарып отырғанымыз, бұл – Анатолийдың алғаш зілтемірге келген жылы. Алғашқы жаттықтырушысы Александр Сидоров бастапқы бір жыл бойы оны штанга көтеруге маңайлатпады да, әртүрлі дене жаттығулары, турникке тартылу мен жүгіру арқылы әуелі күшінің толысып, шыңдалуына көңіл бөлді. Сосын ғана ол зілтемірмен мықтап «достаса» бастады.
Мықтап достасқан демей немене, арада алты жыл өткенде ауыр атлетикадан КСРО құрамасының қатарына қабылданып, 1984 жылы күзге салым Болгарияның Варна қаласында өткен халықаралық жарыста 82,5 келі салмақ дәрежесінде жұлқи көтеруден және қоссайыстың қорытындысы бойынша екі әлем рекордын жаңартты. Сол-ақ екен, Қазақстанның бір түкпіріндегі шағын ғана Атбасар қаласынан шыққан талантты спортшының есімі спорт әлемінде жарқырай көрінді дерсің.
Жеңістер мен рекордтар
Әуелі 1985 жылы Швецияның Седертелье қаласында өткен әлем чемпионатында 90 келі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілген Анатолийдің бұл дүниежүзінің ең таңдаулы ауыр атлетшілері бас қосқан дүбірлі жарыстағы жалқы жеңісі емес еді. Болгариядағы өзінің әлемдік рекордтарын ол небары 22 жасында жаңартып, алғашқы әлем чемпионы атағына 23 жасында қол жеткізсе, одан кейін де төрт рет 1986-1990 жылдары осы салмақта жыл сайын дерлік әлем чемпионы атанып отырғаны сүйсінтпей қоймайды.
Бұл арада «жыл сайын дерлік» деген сөзімізге де түсінік бере кетсек, 1988 жылы Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде ХХІV жазғы Олимпиада ойындары болып өтті. Бұл кезде Халықаралық ауыр атлетика федерациясы атқару комитетінің Олимпиада ойындары өтетін жылы әлем чемпионатын өткізбеу жөніндегі шешімі бар болатын. Сондықтан, осы жылды айтпағанда, өз заманының әйгілі зілтеміршісі сол сексенінші жылдары қатарынан бес дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алған өз спорт түріндегі сирек тұлғалардың бірі болғаны айдан анық. Мұның үстіне оның сол Сеулде өзінің осы мықтылығын тағы бір дәлелдеп, Олимпиада ойындарының жеңімпазы атануы да спортшы ретінде нағыз хас таланты мен қисапсыз күш-жігерінің айқын дәлелі болса керек.
Бұл – Анатолийге әлемнің София, Острава, Афины, Будапешт сияқты ірі қалаларында келген жеңіс болса, мұнымен бір мезгілде 1986-1990 жылдары Шығыс Германияның Карл-Маркс-Штадт, Францияның Реймс, Уэльстің Кардифф, Грецияның Афины, Данияның Ольборг қалаларында өткен Еуропа біріншіліктерінің алтын жүлдесі де осы бір асқан еңбекқор, жаны жайсаң жігіттің қанжығасына байлануы тағы бір спорттық ерлікке пара-пар табыс еді десек, артық емес. Мұнда да бес дүркін Еуропа чемпионы! Бұл нені көрсетеді? Осыншама уақыт спорттық жоғары бабында болған саңлағымыздың кешегі Кеңес Одағының спорт саласына сіңірген өлшеусіз зор еңбегін. Сондықтан, оның 1984 жылы екі бірдей әлем рекордын жаңартқанда «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болғаны, ал, келесі жылы әлем чемпионы атанғанда «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, кейінгі жетістіктері бұдан да жоғары үкімет наградаларымен аталып өткені тегін емес.
Осы арада бұл жетістіктердің кіріспесі ретінде Анатолий Храпатыйдың 1983 жылы КСРО чемпионаты мен жазғы спартакиадасында да топ жарып, бұл табысын 1986 жылы осы қос бірдей жарыста тағы бір қайталағанын да айта кеткен жөн.
Ал, жалпы алғанда оның әр жылдары жаңартқан әлем рекордтарының саны бесеу. Екеуін жоғарыда айттық. Ал, үшінші әлемдік рекордына 1987 жылдың 11 қыркүйегінде Острава қаласында қол жеткізген Анатолий сол жылы 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде серпе көтеруде 233,5 келі зілтемірді бағындырса, араға жыл салмай, 1988 жылы 29 сәуірде дәл осы салмақ дәрежесінде Кардиффте өткен Еуропа чемпионатында өз көрсеткішін 1,5 келіге тағы да жақсартады. Бұл – серпе көтеруде 235 келі нәтижемен әйгілі зілтеміршінің жасаған төртінші әлемдік рекорды еді. Ал, бесінші әлемдік рекорды 99 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, яғни, жаңа салмақта 1996 жылы тағы да серпе көтеруде Жапонияның Ятийо қаласында дүниеге келген болатын. Сөйтіп, кешегі Кеңес Одағының бүкіл ауыр атлетика тарихында өзі жаңартқан әлемдік рекордтардың саны жағынан таңдаулы он зілтеміршінің қатарынан көрінген осы бір бұйра бас, көрікті жігітті бұдан кейін алып күш иесі демей көріңіз.
Анатолий Храпатыйға дейін Қазақстанда шынын айту керек, зілтемір көтеруден әлемдік деңгейде көзге түскен мұндай саңлақ спортшылар тақа шыға қойған жоқ. Бұл орайда, біз өз басымыз 1974-1975 жылдардағы әлем және Еуропа чемпионы, 1976 жылы Германияның Монреаль қаласында өткен ХХІ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, 2004 жылғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан Ресей құрамасының бас жаттықтырушысы болған Давид Ригертті ғана білеміз. Әрі 1973 жылғы жарыстарда бір өзі бірінен соң бірі әлемнің сегіз рекордын жаңартқан (бұл рекордтардың бәрі дерлік өзінің бұрынғы жасаған рекордтары еді) осы бір тамаша зілтеміршінің Арқа жерінде, атап айтсақ, Көкшетау облысы Красноармеец ауданының Нагорный селосында туғанын, өз тұстастары қатарлы балалық, жастық шақтары да осында өткенін ерекше мақтан тұтамыз. Оны соған орай, төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарының ең басты жеңіс тұғырына көтерілген қазақстандық тұңғыш ауыр атлетші деп те айтуымызға болар еді. Алайда, бұл спортшы Ресей жерінде әскери міндетін өтеген соң сонда қалып, үлкен спорттағы табыстарына да сол жақта қол жеткізеді.
Қазір ғой, тәуелсіз еліміздің зілбатпан темір көтерушілерін бүкіл әлем біледі, санасады. Ал, ол кезде әлі Одақтың әмірі жүріп тұрғанда осы Давид Ригерт, Анатолий Храпатыйдың ізін басып, қолдарынан келгенше бүкілодақтық, халықаралық жарыстарда олжа салған, сөйтіп, бірер әлем рекордын жаңартуға дейін барған Джамилидин Панахов, Сергей Копытовтарды арқа тұтатынбыз. Уақыт солай жыл санап, қазақтың да азаттығы мен дербестігіне бет алып келе жатты.
Қазақ еліне адалдық
Ұлтымыз үшін көптен күткен осы бір азаттық таңы атқанда Анатолий Храпатыйдың да туған еліміздің спорты үшін төккен маңдай тері одан сайын шоқтықтанып көріне берді. Ол енді Қазақстан азаматы ретінде әртүрлі халықаралық дүбірлі додаларда өз мемлекетіміздің намысын қорғап, әлі күш-қайраты бойында екенін дәлелдеуден бір танбады. Сөйтіп, 1994 жылы Херосима, 1998 жылы Бангкокта өткен жазғы Азия ойындары оған, онымен бірге Қазақстан ұлттық құрамасына қос бірдей күміс әкелді. Сонымен қатар, тәуелсіз еліміз КСРО ыдырағаннан кейін алғаш рет өз тарихында жеке мемлекет ретінде қатысқан 1996 жылғы жазғы Атланта Олимпиадасы да 99 келі салмақ дәрежесінде осы зілтеміршінің күміс жүлдесімен есте қалды.
Ал, бұл күміс медаль оған қандай ауыртпалықпен, тіпті ерлікпен келгенін тек оның отбасы мен төңірегіндегі спорт мамандары, дәрігерлер ғана білетін. 1991 жылы Германияға әлем чемпионатына жүрер алдында Анатолийдің ойламаған жерден белі сыр береді. Осының салдарынан сол жылы ол кезекті әлем біріншілігіне қатыса алмайды.
–Содан Толя белдің ауырғанын басатын күшті препараттардың көмегімен ғана жүрді,–деп еске алады жеке бапкері Александр Стерликов өз естелігінде. –Сөйтіп жүріп жаттығуын тоқтатпады. Өйткені, уақыт зымырап, Австралиядағы әлем чемпионаты да келіп қалған. Сол Австралияда қоссайыс қорытындысы бойынша үшінші орынға табан тіреген Храпатыйға осы елдің азаматтығын ұсынғанда, бірден бас тартып, қалған спорттық карьерасында өз Қазақстанына ғана пайдасын тигізуді ойлады. Өйткені, бұған дейін КСРО, одан ТМД елдері құрамаларының сапында өнер көрсетіп келген ол қаншама атақ-даңқымен өз тәуелсіздігін жаңа алып жатқан қазақ еліне де Олимпиада ойындарының бір медалін сыйлауы керектігін жан-тәнімен жақсы түсінді. Бірақ, бұл үшін оған бел омыртқасының жиі-жиі жанына бататын адам төзгісіз сырқатынан арылып, толыққанды дайындыққа кірісуі қажет еді. Үздіксіз жаттығулар мен жарыстардағы ауыр салмаққа шыдай алмаған омыртқа осылай талай сайыста жасындай жарқылдаған спортшыны тығырыққа тіреп, мүгедектер арбасына таңыла ма деген қауіп те болған. Осының бәрін ойлай келе, Херосимада компьютерлік томография жасаттық да, спорттан қол үзбеуіне жол бермейтіндей, минуальды терапиямен емдей алатын дәрігер іздедік. Біздің бақытымызға қарай, ондай білікті маман табылды. Ол – Целиноградтың өзінен Александр Григорьевич Левченко еді.
Иә, сол абзал жанның көмегімен жарты жылдан кейін Анатолий қайта жаттығуға кірісіп, 1996 жылы 33 жасында бірінен-бірі асатын бәсекелестерінің арасынан қазақ еліне Атланта Олимпиадасының алтынға бергісіз күмісін жұлып алып берді.
Олай дейтініміз, сол жылы жазғы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысқан Қазақстан құрамасына өзі қол жеткен екі алтын, үш күміс, төрт қола жүлденің әрбіреуінің орны тым ерекше еді. Өйткені, бұл өзгелермен терезесі тең, еркін ел болып олжа салған алғашқы үлкен доданың беташар қуанышы болатын. Ал, сондағы күмістің бірінің Храпатыйға қандай қиындықтармен келгенін былайғы жұрт тіпті білмейтін де еді.
Осылай өз мақсатына жетіп, ел сенімін ақтай білген Анатолий 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан кейін үлкен спортпен біржола хош айтысады. Соңғы Олимпиадада оған сәттілік серік болмағанымен, алдыңғы толағай табыстары да бір елдің мақтанышы болуына жетерлік еді. Нақ сол беделі, осы салада толысқан тәжірибе, білігі екі-үш жылдың бедерінде ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының да тізгінін ұстатпай қоймайды. Алайда, ел экономикасындағы ауыр кезең мұнда да сезіліп, белді спортшылардың оқу-жаттығу жиындарының өзін қаржыландыруға қаржы табыла бермейтін. Соған қарамастан, бұдан кейінгі жылдарда қазақ ауыр атлетшілерінің халықаралық аренада қол жеткізген ірі жеңістерінің негізі осы тұста қаланғанын да естен шығармайық.
Бұл күнде арамызда жоқ Анатолий Храпатыйдың өмірінің соңғы бес жылы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің ЦСКА спорт клубында өтті. Мұнда ол жас спортшыларды өзі сүйген зілтемірдің қыр-сырына баулыды. Өмірінің көп бөлігін дүниенің төрт бұрышында ел спортының қамымен өткізгендіктен, ендігі арада отбасына көңіл бөліп, өзі сонау жетпісінші жылдардың аяғында Атбасар ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүрген кезінде танысқан аяулы жары Галинамен, сүйікті ұлы Андрей және өзі Сеул Олимпиадасында чемпион атануына үш күн қалғанда дүниеге келген ақжолтай қызы Маринамен үнемі бірге болады.
Ерте қиылған ғұмыр
Шуақты күндері осылай жалғаса берер еді, әттең… Атақты спортшыны сол бір тосыннан болған жол апаты тосып тұрмағанда. Астанада қоныс тепкен Анатолий аздап бос уақыты пайда болғаннан кейін жергілікті әуесқойлардың сұрауымен байкерлер клубын ұйымдастыруға қол ұшын созады. Сөйтіп, өзі де спорт мотоциклін сатып алып, солармен бірге қала сыртына шығып жүреді. Сол қайғы бұлты үйірілген 2008 жылдың 10 тамыз күні ол Пекин Олимпиадасына қатысатын Қазақстан құрамасына қолдау көрсету үшін Астана-Қарағанды бағытымен жүріп өтетін мотоциклшілер шеруіне қатысуға тиіс еді. Әйелі Галина бір жаманатты сезгендей, осынша жібергісі келмейді. Өйткені, екі күннен соң жанкүйерлермен бірге Пекинге жүретін уақыты да таяп қалған. Бірақ, сызығы бітіп тұрған тағдыр Анатолий Храпатыйды да айналып өте алмағанын қайтерсіз.
Даңқты зілтемірші өзінің «Ямахасымен» мотоциклшілер сапында ең соңғы болып келе жатады. Кенет Екатеринбург-Алматы тас жолының 1347-інші шақырымында, Аршалы ауданының орталығы Аршалы кентінен 12 шақырым жерде қарсы жолға шыға келген «Тойота» жеңіл көлігі бар жылдамдығымен Анатолий Храпатый мінген мотоциклге келіп соғылады. Соққының қатты болғаны сондай, Олимпиада чемпионын 47 метрге ұшырып жібереді.
Солай тағы бір кешегі кеңес, бүгінгі қазақ спортының жарық жұлдызы сөнді. Сол күні нөсер құйып, әлде жел тұрып, күн де түнерген шығар. Оны біз қазір дөп басып айта алмаймыз. Әйтеуір, бір тылсым күштің халқымызбен, бүкіл спорт сүйер қауыммен бірге Анатолий Храпатыйды да жоқтаусыз қалдырмағанын ішің сезгендей. Небары 45 жасында жол үстіндегі бір қателіктің құрбаны болып кете барған белгілі тұлғаның бұл қайғылы қазасы спорт әлеміндегі осындай жалғыз ғана оқиға емес екені талайға аян.
Аз сөзбен соның бірлі-жарымын ғана еске түсіріп көрелікші. 20 жасында Сиднейден Олимпиада чемпионы болып ардақталып оралған Бекзат Саттархановқа да тағдыр осы жолды жазды. 2001 жылғы жаңа жылға қараған түні оның да жеңіл көлігі Түркістан-Шымкент тас жолында апатқа ұшырап, Қазақстан мен әлем спортына бергенінен берері көп жарық жұлдызымыз қапыда бұл дүниемен хош айтысып кете барды. Кенді Алтайдың құнарлы топырағынан шыққан даңқты хоккейші, Олимпиада чемпионы Борис Александровты осыдан 16 жыл бұрын сұм ажал Уфа-Челябі тас жолының бойында құрығына іліктірді. Бұл спортшы да Анатолий Храпатый сияқты 46 жаста ғана еді. 2001 жылы тұңғыш рет отандық велоспорт тарихында «Тур де Франс» көпкүндік жарысында төртінші орын алған талдықорғандық велошабандоз Андрей Кивилев содан екі жыл өткен соң осы жарыстың «Париж-Ницца» аралығында басынан ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды.
Өмірден оқыста Бекзат секілді тым жас спортшыларымыз да өтіп жатыр. 2009 жылдың 11 тамызы. Бұл – бокстан үш дүркін Азия чемпионы, 20 жастағы Ермек Серіковтің Қарағанды облысының Шахтинск қаласының жанар-жағармай құю бекетінде белгісіз жүргізушімен жүз шайысып қалғаннан кейін аңшы мылтығынан ажалға тап болған күні. Геннадий Головкиннің кәсіпқой боксқа ауысқалы жүрген осы бір жақын досын жанкүйерлер болашағына зор үміт артып, «қазақтың Тайсоны» деп атайды екен. Петропавлдың «Барыс» баскетбол командасының ойыншысы, тым жас Игорь Нанаевтың да қазасы өткен қыста бір топ жастардың қолынан келгені БАҚ пен әлеуметтік желілерде айтылудай айтылып, жазылудай жазылды. Бұл – өкінішке орай, қазақ спортындағы мұндай қайғылы оқиғалардың бәрі емес. Осындай себептерден дарыны толық ашылмай, өмірден ерте кеткендердің қатарында өзіміздің көкшелік белгілі қолғап шебері Асқар Сатыбаев та бар.
Бұл қара тізім бүгінге дейін кешегі ауыр қазасы бүкіл елді күйзелткен Денис Тенмен саябырлап тұр. Жай адам, спортшы болсын, бәріміздің де тағдырымыз бір Алланың қолында. Дегенмен, енді спортымызда мұндай өкінішті жағдайлар қайталанбасыншы. Өзінің 46-ыншы туған күніне жете алмаған Анатолий Храпатыйдың да жол апатынан жарық дүниемен қоштасқанына биыл міне, он жылдың жүзі болыпты. Осы оқиғаға себепкер жүргізуші де сот кескен үш жыл жазасын баяғыда-ақ өтеген. Ол үшін мүмкін өткен күндердің осы бір шырғалаңы ендігі ұмытылғанымен, қазақ спортындағы Анатолийдай саңлағымыздың орны тола ма?!
Жоқ, әрине. Шын асылды бағалайтын елі барда, кешегі Қажымұқан, Балуан Шолақ бабаларымыздың қара күшін көз алдымызға елестеткен осы бір Арқаның апайтөс азаматының да жұлдызы сол алыптарымызбен бірге өз биігінде жарқырай бермек. Тек сол жұлдыз жарығын тиісті орындар да дәл аңғарып, кімнің кім екенін ескере білсе екен дейсің. Бұл арада біз облыс орталығы Көкшетауда, не туған жері Атбасарда даңқты спортшыға арнап, неге бір турнирдің жалауын көтеріп тұрмасқа деген сауалдың жауабын іздегіміз келеді. Ерге ізет, жастарға өнеге де нағыз сол ғой.
Осы мақаланы жазу үстінде Астана қаласында тұрып жатқан Анатолий Храпатыйдың отбасымен де хабарласып, сөйлескіміз келген. Әрине, солай істесек, сүйген жары, балалары болсын, өздері үшін осы бір қымбат жанды есімізге алып, қалам тартпақ ниетімізге қуанбаса, ренжімесі анық еді. Алайда, сол телефон шырылымен өткеннің жарасын қозғап, көңілдерін қобалжытпай-ақ қояйық деген ойға тоқталдық. Сондықтан, өз заманының әйгілі зілтеміршісі, Олимпиада чемпионы, жерлесіміз Анатолий Храпатыйдың мықтылығы, бәлкім, даралығы туралы өзіміз елеп-екшеп, оқырманға ұсынсақ деген ой-толғанысымыздың ұзын-ырғасы осы болды!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
«Арқа ажары».