Қазақстан чемпионатының бірінші тобында өнер көрсететін Көкшетаудың «Оқжетпесі» 31-інші турда Шымкентте жергілікті «Қыран» командасымен 3:3 есебімен тең ойнағаннан кейін 68 ұпай жинап, біріншіліктің аяқталуына екі тур қалғанда Премьер-Лигаға берілетін жолдаманы жеңіп алды.
Бұл ойында Самат Жұмаханов екі голдың авторы атанып, дубль жасаса, біріншіліктің ең көп доп соққан ойыншыларының бірі Никита Баженов қарсыластар қақпасына үшінші голды салды. Сөйтіп, «Оқжетпес» келесі маусымда өзі былтыр шығып қалған жоғары топқа қайта оралатын болды. Бұл – жерлес футболшылардың өз тарихында Премьер-Лигадан бес рет шығып қалып, бес рет қайта оралуы. Біз әрине, жанкүйер ретінде осы жолы жылдам оралғанына қуанамыз.
Бірақ, көңілде қуанышпен бірге, келесі жылы жоғары топтағы өңкей ығай мен сығайлардың арасында команданың аяқ алысы қалай болады екен деген алаңдаушылық та жоқ емес. Өйткені, Премьер-Лига бірінші топ емес. Клуб осыған қол жеткізді екен, ендігі жерде жан-жақты дайындық жасап, команданы қолынан іс келетін мықты ойыншылармен, әсіресе, бойында намысы бар жергілікті футболшылармен толықтырып, келесі жылы тағы да бірінші топқа түсіп қалмаудың қамын қарастыруы керек. Мұны алдағы уақытта жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, клуб басшылығы да мықтап ескерер дейміз.
Өйткені, «мешкей деген жақсы ат емес» демекші, жоғары топқа бір кіріп, бір шығып, жанкүйерлер көңілін су сепкендей баса беру қайбір оңды дейсіз. Осы орайда, бір қызық статистиканы да келтіре кетсек, бұған дейін дәл осы «Оқжетпес» сияқты «Жетісу», «Тараз» командалары да жоғары топтан бес рет шығып қалып, бес рет қайта оралған екен. Соның бесіншісін «Тараз» клубы «Оқжетпеспен» бірге биыл іске асырған жайы бар. Соңғы турда ірі есеппен жеңіске жеткен тараздықтар 66 ұпай жинап, турнир кестесінде біздің жерлестерімізден кейін екінші орында келеді. Былтыр «Оқжетпеспен» бірге Премьер-Лигадан түсіп қалған бұл клуб та биыл алдына қойған міндетін орындап, 31-інші турдан кейін жоғары топқа жолдама алды.
Енді бұл командаларға чемпионатта алтын медальдің тағдырын шешу ғана қалды. Әрі тағы бір айта кетерлігі, бұл мәселе 27 қазан күні Көкшетауда өтетін «Оқжетпес» – «Тараз» кездесуінде шешілгелі отыр. Сондықтан, жерлестеріміз Премьер-Лигаға жолдаманы ғана емес, біріншіліктің алтынын да жеңіп алсын десеңіздер, «Оқжетпес» стадионына келіп, сүйікті командаларыңызға барынша қолдау көрсетіңіздер. Осы орайда, одан арғы ойынды да біздің команда 4 қараша күні «Ақтөбе-Жас» командасымен өз алаңында өткізетіндігін айта кетпекпіз. Мұның өзі «Оқжетпеске» чемпионатты бірінші орында аяқтауға барынша қолайлы мүмкіндік туғызып отыр.
Жуырда футболдан Қазақстан Республикасының әйелдер арасындағы чемпионаты да мәреге жетіп, биылғы маусымда жанкүйерлерді өрнекті ойынымен қуантқан «ЖФК Оқжетпес» командасы күміс жүлдегер атанды. Соңғы ойында олар сырт алаңда «Намыс» командасынан 3:0 есебімен басым түсті. Сөйтіп, аяғына таяп келе жатқан биылғы футбол маусымы ақмолалықтар үшін әзірге осындай қуаныштарымен ерекшеленді.
Қ.КӘКЕНОВ.