Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Мектеп медиациясы қазіргі өмірлік қажеттілік» - АРҚА АЖАРЫ

«Мектеп медиациясы қазіргі өмірлік қажеттілік»

Айсұлу Жұматова,
Ақмола облысы бойынша кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының төрайымы:

Жыл өткен сайын сот қарайтын істер қатары көбейіп барады. Ресми деректерге назар аударсақ, биылғы жылдың басынан бері сотқа 3 миллионнан астам шағым түскен екен. Әр шағымның тасасында дауласушы екі тарап тұрғанын ескерсек, қазіргі күні 6 миллиондай адам соттасып жүр. 18 миллион халқы бар еліміз үшін бұл көрсеткіш аз ба, көп пе? Оны ойы қарақты оқырман өзі анықтап алар. Сот қарайтын істер санының көбеюінің астарында судьяларға түсетін жүктеменің көптігінен бөлек, әлеуметтік тұрақтылығымызға қатер төндіретін жай тұрғанын ұмытпауға тиіспіз. Осы орайда, дауласушы тараптарды татуластырып, тіл табыстыратын медиация институтының тигізер ықпалы аз еместігі қазір аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Ақмола облысы бойынша кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының төрайымы Айсұлу Жұматова медиацияны мектепте қалай қолдануға болатындығы жөніндегі өз ой-пікірлерімен бөліседі.

–Медиация институтының заң жүзінде қолданысқа енгізілгеніне біраз жылдың жүзі өтсе де, әлі күнге дейін ол кең ауқымда қолданылып кете қойған жоқ. Осындай жағдайда мектептерде медиация енгізу деген мәселе қаншалықты негізді деп ойлайсыз?

–Бұқаралық ақпарат құралдарынан мектептерде болып жатқан түрлі дау-дамай жағдайлар жайында оқып, естіп жүреміз. Қазіргі күні біраз мектептерде жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлар жұмыс жасайды. Десе де, мектеп оқушылары арасында кездесіп жататын заң бұзушылыққа қатысты оқиғалар аз емес. Осы арада назарыңызды өмірде нақты орын алған мынадай екі оқиғаға аударғым келеді. Мектепте екі оқушы бала жанжалдасып қалады да, біреуі өзінің физикалық жағынан басымдығын пайдаланып екіншісін аздап төмпештеп алады. Бас жарылып, көз шықпаса да, таяқ жеген бала оқиға жайында ата-анасын хабардар етеді. Осыған ыза болған әлгі баланың әкесі мектепке келіп, ұлын ұрған баланы балағаттап, жай сөгіп қоймай жұдырықпен бірнеше рет соғып жібереді. Соның нәтижесінде жас баланың миы шайқалып, ауруханаға түседі. Оның соңы әлгі ата-ананың үстінен қылмыстық іс ашылуымен аяқталды.
Екінші оқиғада ойнап жүріп бір баланың күртесі жыртылып қалады. Дегенмен, балалар бұған бола шатыспай, тіл табысады. Бірақ, әлгі күртесі жыртылған баланың ата-анасы материалдық шығын, оған қоса моральдық шығын талап етіп, сотқа шағымданады. Бұл іске балалар ғана емес, мұғалімдер де тартылады. Осылайша кішкентай іс үлкен өртке айналады.
Мұндай оқиғалар өкінішке орай, мектептерде әредік орын алып жатады. Осындай жағдайда екі тарапты татулыққа, өзара түсіністікке шақыратын мектеп медиациясы қажет болар еді. Бұл мәселе тақыр жерден көтеріліп отырылған жоқ. Мектеп медиация-
сы қазіргі күні әлемнің 70-тен астам елінде жемісті жұмыс жасап жатыр.

–Мектеп медиациясы туралы кеңірек айтып кетсеңіз.

–Жалпы, медиация дегеніміздің өзі екі тараптың өзара келісімі негізінде соттан тыс дау-дамайды реттеу тәртібі ғой. Қазіргі күні дамыған шет елдерінде әрбір 100 дау-дамайдың 98-і медиаторлар арқылы екі тараптың келісімімен бітіп жатады екен. Өкінішке орай, біздегі көрсеткіш өте төмен. Ал, мектеп медиациясы деген әзірге тек сөз жүзінде ғана айтылып жүр.
Мектеп медиациясы бұл мектептегі оқушы балалардың арасында кездесетін түрлі түсінбестік жайлар мен дау-дамайларды реттейтін демократиялық негіздегі институт. Оның құрамында өмірлік мол тәжірибесі бар білім беру орнының қызметкерлері, оқушылар мен олардың ата-аналары болады. Олардың бәрі де айналасындағылардың арасында үлкен беделі бар, сыйлы жандар болуы тиіс. Жұмыстың алғашқы кезеңінде оған кәсіби медиаторды шақырып, жұмысқа тартқан жөн болады деп санаймын.
Қызмет бабымен мен мектептерде, оқу орындарында жиі болып, кездесулер өткізіп тұрамын. Осы орайда байқағаным, балалардың өз арасында құрбыларын татулас-
тырып, олардың арасындағы дау-жанжалды келісім арқылы шешіп жүретін балалар кездеседі. Ондай балалар жанжалдасқан екі тарапты да тыңдап алып, өз төрелігін айтып, дау-дамайды келістіріп жүреді. Бұл балалар дайын медиаторлар десе болады. Сондай-ақ, ата-аналардың арасында да өзгелердің баласын өз баласындай көріп, татулық пен түсіністікті насихаттап жүретіндер аз емес.

–Мектепте араағайыншылық институтын енгізу қазіргі күні қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

–Ресми мәліметтер көрсетіп отырғандай, қазіргі таңда қолайсыз отбасылар, суицид жасауға бейім балалар қатары көбейіп барады. Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық, тіпті маскүнемдік жайлар да орын алып қалады. Үлкен балалардың әлімжеттік жасап кішкентай балалардың ақшасын, ұялы телефонын, басқа да заттарын тартып алатын немесе жай ғана ермек үшін ұрып-соғып, намысын таптап жататын жайлар да ұшырасады.
Осылардың бәрі мектепте медиацияны енгізу қажеттігін анық көрсетеді. Мектептегі татуластыру қызметтерінің жұмыс жасауы, балалар арасындағы жанжалдардың өршіп кетпей тез шешіліп, ондай жағдайлардың кең таралуының алдын алуға игі ықпалын тигізетіні анық. Мұндай жағдайда дау-дамайлар мектептің өз күшімен реттеліп, жанжалдардың саны кемиді және оған жол бермеу шаралары жасалады.

–Мектеп медиациясы қандай болуы қажет және оның негізгі міндеттері туралы кеңірек айтып кетсеңіз.

–Мектеп медиациясы қызметінің негізі болып мыналар саналады: теңдестер топтарын қалыптастыру және құру, бұл арада теңдестер тобы деген түсініктің астарында жанжалдасқан құрбыларын татулыққа шақыратын соған бейімі бар балаларды оқыту, үйрету арқылы бойларындағы сондай қасиетті орнықтыру жатыр. Мектеп медиация-
сын құратын теңдестер тобына 5-8 және 9-11 сынып балалары тартылуы қажет. Осындай топқа кіретін белсенділер арқылы мектеп оқушылары арасында кездесіп қалатын нашақорлық, алкогольді ішімдікке әуестік, темекіге үйір болушылық сияқты жаман әдеттердің алдын алу шаралары да жүзеге асырылады.

–Мектептегі медиация қызметі қалай құрылады? Осы жайында не айтасыз?

–Ең алдымен, араағайындық қызметке бейімділігі бар балаларды іріктеп алып, оларды осы бағыттағы әлемдік тәжірибелермен таныстыру керек. Сондай-ақ, мұғалімдер мен ата-аналарды да мұндай қызметтің қажеттігін айтып, соған тартқан жөн. Мектеп кеңесінде бұл мәселе балалар мен ата-аналардың және мұғалімдердің қатысуымен талқылануы қажет. Мұғалімдер мен ата-аналардың және балалардың арасынан іріктеп алынған адамдар арнайы курстар арқылы оқытылып, осы бағытта қажетті білім алады. Сонымен бірге, кәсіби медиаторлармен тығыз байланыс орнатылып, олардың жұмыс тәжірибесінен үйрену жолға қойылады.

–Мектеп медиациясы қызметі немен айналысуы тиіс?

–Ең алдымен, балалар арасындағы жанжалдарға байланысты арыз-шағымдарды қабылдап, тіркеп алады. Содан кейін әр арызға сай орын алған дау-жанжалды шешудің амал-тәсілдерін белгілейді. Отбасы жағдайларына байланысты орын алған жайларды шешу үшін сол отбасылармен, заң бұзған жасөспірімдермен арнайы жұмыстар жүргізіледі. Дау-жанжалға қатысқан тараптарды тыңдап, солармен арнайы жұмыстар жүргізеді. Мұндай күрделі міндетті орындау үшін білім мен біліктілік қажет болатыны түсінікті. Осы орайда, медиаторлар әрдайым оқып, білімдерін жетілдіріп отырады және түрлі дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастырады.

– Мектеп медиациясын енгізу не береді?

–Көп жағдйларда жасөспірім дау-жанжалға қатыса отырып, қиын және күрделі жағдайға тап болып жатады. Мектептегі медиациялық қызмет әлгіндей жасөспірімнің психологиялық жағынан қалпына келуіне, өкпе-реніштен арылып, қоғамдық ортаға оралуына көмегін тигізеді. Медиацияның тағы бір қажеттілігі, балалар жанжал жағдайынан үлкендерді араластырмай, өздері шығуға, яғни өз мәселесін өзі шешуге дағдыланады. Мектептегі дау-жанжалдар үлкен өмірдегі сияқты әредік орын алып тұрады. Одан қашып құтыла алмаймыз. Ең бастысы, мұндай жайларды өршітпей, дер кезінде шешуді жолға қою. Бұл міндетті мектеп медиациясы жүзеге асыра алады.
Құқық бұзған бала өз құрбылары тарапынан айтылған уәждерге тоқтап, өзінің қателігін түсінеді. Бұл оның сондай әрекетті қайталамауына және жанжалды жағдайдан ұрыс-керіссіз, ренішсіз шығуына көмектеседі.
Ата-аналар балаларының арасындағы дау-жанжалдарды өршітпей басуға, балаларының ашушаң, кекшіл болмай, көпшіл болып өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік алады. Осы орайда, олар бала жанын тереңірек түсініп, бала тәрбиесінің маңызын сезіне түседі.
Менің ойымша, медиацияны жалпы білім беретін мектептерде ғана емес, колледждерде, университеттерде де енгізген жөн. Кәсіби және жоғары оқу орындарында да жастар арасындағы жанжалды оқиғалар әлсін-әлсін орын алып жатады. Ал, медиация қызметі оны екі тараптың мүддесіне сай шешіп қана қоймай, мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға да игі ықпалын тигізетін болады.

Сұхбатты жазып алған Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар