Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде өңірдегі қазіргі ветеринарлық жағдай, дене шынықтыру мен спорттың жайы және оны дамыту мүмкіндіктерінің мәселелері қаралды.
Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Б.Қ.Бұлашев өз есебінде малдәрігерлік қызметтің маңызы жайлы айта келіп, өңірдегі қазіргі жағдайға тоқталды. Соңғы жылдары мақсатты жұмыстар жүргізудің нәтижесінде эпизоотиялық қалыпты жағдай орнығып, мұның өзі мал шаруашылығы саласының дами түсуіне және өндірілген өнімдерді рынокқа еркін шығаруға мүмкіндік берді. Ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биылғы жылға облыстық бюджеттен 905,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Осы жылдың он айында ауыл шаруашылығы малдарының індеті мен түрлі ауруларының алдын алу жұмыстарының жоспары 100 пайызға орындалды. Жылдық жоспар да мерзімінен бұрын ойдағыдай орындалары анық. Мал аурулары мен індеттерінің алдын алу жұмыстарын жоспарлы жүргізудің нәтижесінде 2016-2018 жылдары ірі қара малдың бруцеллезі 0,3 пайызға, ұсақ малдың бруцеллезі екі есеге төмендеді. Сонымен бірге, 2017 жылмен салыстырғанда бруцеллез ошағы тіркелген пункттер саны да азайды. Мысалы, 2016 жылы бруцеллезден 15 пункт сауықтырылса, 2017 жылы 10, биыл 4 пункт сауықтырылды. Бұл жыл сайын жағдайдың жақсарып отырғандығын көрсетеді.
Жағдай жақсарды деп айтқанымызбен, әлі де болса жекелеген аудандарда мал індеті облыстық деңгейден асып түсіп жатады. Мәселен биыл Қорғалжын, Атбасар, Шортанды, Есіл аудандары мен Степногорск қаласында бруцеллездің біршама өршіп кеткендігі байқалды. Малдың
аусыл дерті тіркелген өңірлердегі малдың қозғалысы, яғни, олардың бір жерден бір жерге әкелінуі қатаң бақылауда тұр. Сонымен бірге, шекаралас аймақтарда, әсіресе, Ресей Федерациясының Қорған облысы мен өз еліміздің батыс облыстарының аумағында дерматит індетінің тіркелуіне орай, бұл індетті малдың жәндіктерден жұқтыруын болдырмас үшін Есіл, Қалқұтан, Жабай және өзге де ірі суаттарда бақылау орнатылды.
Қазіргі уақытта біздің облыстың елді мекендерінде 332 мал көмбелері бар. Өкінішке орай, осылардың 3-еуі ғана жобалық талаптарға сай. Басқарма тарапынан сібір жарасымен өлген малды көму жұмыстарына жоспарлы бақылау жүргізіледі. Алдағы уақытта 60 мал көмбесін салу үшін жер бөлінді. Бұл орайда, жер бөлу және өлген малды көметін көмбелер салудың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға әрине, қаржы қажет. Алайда, бүгінгі күнге шейін, алты нысан үшін Біржан сал ауданы 9 миллион 150 мың теңге, Жақсы ауданы 880 мың теңге қаржы бөліп отыр.
Облыс аумағында ветеринарлық-санитарлық бақылау жұмыстары заң бойынша жүзеге асырылып келеді. Өңірді түрлі мал індеттерінен қорғау басты әрі жауапты міндет болып саналады. 2018 жылдың басынан бері ветеринарлық заңдылықтарды бұзудың 1696 жайлары тіркелді. Жергілікті полиция қызметінің көмегімен мал және мал өнімдерін тасымалдаудың 55 жөнсіздігі анықталып, 1 миллион 700 мың теңгенің айыппұлы салынды. Бруцеллезбен ауырған малды союға уағында жібермеген 38 шаруашылық нысандарынан 805675 теңге айыппұл өндіріліп алынды. Жалпы 2018 жылдың басынан бері барлығы 2 миллион 543 мың теңгенің 95
айыпты жағдайы анықталды.
– Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 30 пайызы дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тиісті деген болса, осы міндетті жүзеге асыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі,–деді өз есебінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Қ.Бөкібаев.
–Жыл сайын дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын ақмолалықтардың қатары көбейіп келеді. Ол 2016 жылмен салыстырғанда 1,4 пайыз өсті деуге болады. Және де балалар мен жасөспірімдерді де қамту жақсарып келеді. 2018 жылы дене шынықтыру және сауықтыру істерін ұйымдастыру үшін облыстың Егіндікөлден басқа барлық аудандары мен қалаларында дербес бөлімдер жұмыс істеді. Барлық аудандарда балалар мен жасөспірімдердің спорттық мектептері бар. Облыс орталығы Көкшетау қаласында Олимпиада резервтерін дайындау орталығы, спорттағы талантты балалардың мектеп-интернаты, жоғары шеберлік мектебі жұмыс істеп тұр.
Дене шынықтыру ұжымдарында 2079 адам, соның 1148-і ауылдық жерлерде еңбек етеді. Жалпы, облыс бойынша барлығы 2355 спорт нысандары болса, солардың 1672-сі ауылдық жерлерде тұр. Жыл сайын спорт нысандары көбейіп келеді. Соңғы үш жылда ғана олардың саны 125-ке көбейді. Көкшетау қаласында жасанды жамылғылы 62 миллион теңгенің футбол алаңы салынып бітті. Алдағы уақытта жаңа нысандар салудың қарқыны да артатын болады. Ерейментау, Целиноград аудандарында дене шынықтыру және сауықтыру кешендері салынбақшы. Облыстың 17 аудандары мен 2 қалаларының 11-інде жасанды жамылғылы стадиондар бар. Мұның өзі жыл сайын түрлі спорттық шаралардың кең көлемде өткізілуіне мүмкіндік беріп отыр. Біздің спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетуде. Жыл басынан бері ақмолалық спортшылар әр деңгейлі 856 медальға ие болды. Бұл 2017 жылға қарағанда 152 медальды көп иеленгенімізді көрсетеді.
Кеңесте облыс әкімі М.К.Мырзалин қаралған мәселелер бойынша тұжырым жасап, тиісті атқарушы орындарға нақтылы тапсырмалар берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.