Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақ тілеулі ақсақалдардың айтары бар - АРҚА АЖАРЫ

Ақ тілеулі ақсақалдардың айтары бар

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бата беру дәстүрін дәріптеу мақсатында өңірімізде алғашқы рет облыстық «Батагөйлер сайысы» болып өтті. Даналық дәстүріміздің дара үлгісін көрсеткен сайыста бақ сынаған батагөй қариялардың ішінде 89 жастағы Бұланды ауданынан Ермек Қаратаев есімді ақсақал да өз өнерін ортаға салды.

Тағылымы мен тәрбиелік мәні зор мәдени шараға облысымыздың он сегіз ауданынан ат арытып байқауға келген тілге шешен, аузы дуалы ақсақалдар өзара бақ сынасты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл бұл шараның ұлтымыздың рухани жаңғыру ісіне, ата-бабалар мұрасын насихаттауға, аға ұрпақ өкілдерінің беделін одан әрі арттыруға үлкен үлесін қосатынын баса айтып, өңірімізде алғашқы рет өткізіліп отырған байқауға демеушілік жасаған жаны жомарт жандарға алғысын білдірді.
Адал ниет, ақ тілек білдіру ұлттық дәстүр. Бата беретіндер, көбінесе көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер даналар, дуалы ауыз билер болып табылатыны әлмисақтан белгілі. Жанға қуат, көңілге демеу, іске ақ жол ашатын, бәле-жаладан қорғайтын батаның қазақ баласы үшін орны бөлек. «Баталы ұл арымас»,– деген қағиданы ұстанған қазақ халқы ежелден ұлы дәстүрге ерекше мән бергені осыдан. Бір өкініштісі, бұл байқауда қалың қазақ мекендеген Қорғалжын дейтін қасиетті өңірден бірде-бір ақсақалдың қатыспауы көңілге қаяу ұялатты.
Ереже бойынша байқауға қатысушылар жеребе тарту шартымен үш бата берді. Екі бата жеребе арқылы, үшіншісін қатысушының қалауымен еркін тақырыпта, не өзі шығарған бата болуы керек. Бата міндетті түрде ұйқасқа құрылатынын ескерсек, қатысушылардың кейбірі батаны тілекке айналдырып жіберді. Байқау қатысушылары арасында батаны қағазға қарап оқып, тіпті қолына жазып, білдіртпей оқу әдісін тауып, тапқырлық танытқандар да болды. Алайда, сырт көз – сыншы деген, көкірегі ояу көрерменнің көзін байлай алмайтынымыз анық. Қалай дегенмен де, «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» демекші, бата беруден сынға түскен қариялардың басым көпшілігі ерлік пен бірлікті, татулықты сүбелі сөздеріне арқау етті. Осы орайда, топ ішінен суырылып шыққан, тілге шешен, көкірегі қазынаға толы қарияларымызды ерекше атап өтсек дейміз. Мәселен, байқауға Сандықтау ауданынан келген Жақсыбай Құрманұлының сахнада өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері бірден жұрт назарын өзіне аударды. Салиқалы сөзді ту етіп ұстаған ақсақал көпшілік алдында ауданның 90 жыл толуына арнайы жазған ақ батасын оқып, көпті тебірентті. Сонымен қатар, Біржан сал ауданынан келген Мырзабек Бұрмағановтың да Елбасына арнаған батасы көп көңілінен шықты. Ақсақалдың ақ батасы былайша өрілді:
«Табиғат нұрын төксін жерімізге,
Тыныштық болсын байтақ елімізде.
Тәуелсіз еркіндіктің нұрлы жолы,
Шығарсын әр қазақты төрімізге.
Тайыздап тартылмасын
дариялар,
Бақытты болсын барлық жанұялар,
Нұрсұлтан Әбішұлы –
Елбасына,
Берелік ақ батаны қариялар!» –
деп жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Байқауда бағын сынаған қарттардың ішінде Зеренді ауданының С.Сейфуллин ауылынан келген Марат Қарашаұлының қазақ халқына арналған батасы сәтті шықты. Ақсақал былай дейді:
«Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің
Тілегін берсін Құдайым,
Баспасын елді уайым.
Әлемдегі қазақтың,
Қосылсын басы ылайым,
Тәңірден соны сұраймын».
Бұл – қиядан көрер қырағы, аузы дуалы ақсақалдардың ақ батасы.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, қазылар алқасының төрағасы Серік Негимовтың айтуынша, ұлттық танымымыздың өзегі көпті көрген аталарымыз бен әжелеріміздің даналыққа толы сөздері мен айтқан нақылында. Облыстық байқаудың қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалау кезінде тіл тазалығына, мазмұн мен ой тереңдігіне, батаның берілу шеберлігіне, дауыс мақамына, ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениетіне ерекше назар аударды. Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені Сандықтау ауданынан келген ақсақал Жақсыбай Ахметов қанжығасына байласа (жүлде қоры –100 мың теңге), бірінші жүлделі орынды Біржан сал ауданының өкілі Мырзабек Бұрмағанов иеленді. Айта кету керек, байқауға қатысушылардың барлығына ақшалай және естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
Берік ЕСКЕНОВ, (фото)
«Арқа ажарының»
өз тілшілері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар