Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруы тиіс» деп атап көрсетілгені белгілі. Осы орайда, сот саласында қолға алынып жатқан дау-дамайларды сотқа дейін реттеу мәселесі жыл санап көбейіп бара жатқан сот істерін қысқартуға игі әсерін тигізетіні анық.
«Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дейтін қазақ ауыл арасындағы ұсақ-түйек дауларды беделді ақсақалдар арқылы шешіп, дауласушы тараптар сөзге тоқтайтын болған. Таяуда Біржан сал ауданында аудандық сот төрайымы Г.Анарбекованың бастамасымен беделді қариялардан тұратын билер кеңесі құрылды.
Аудандық сот төрайымы Г.Анарбекова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Хамзин Степняк қаласының ардагерлерімен және қоғам белсенділерімен кездесу өткізді. Кездесуде сот төрайымы Билер кеңесін құру – бұл ұлттық құндылықты жаңғырту екенін атай отырып, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақтың билер кеңесін ұлттық құндылықтар ретінде танылып, оны халық арасында кеңінен насихаттау қажеттілігі айтылғандығын атап көрсетті.
– Билер кеңесін құру Қазақстан Респуб-ликасы Жоғарғы Сотының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының бастамасы. Оның мақсаты дауларды және жанжалдарды сотқа дейін реттеу болып табылады. Біздің ауданда Билер кеңесі азаматтық дауларды шешуге септігін тигізуі тиіс, оларды сотқа жеткізбей дауласқан тараптарды татуластыруы керек» – деді сот төрайымы.
Кездесуге қатысушылар кеңесті ұйымдастыру мен оның қызметі мәселелерін талқылап, билер кеңесін құру туралы ұсынысты қолдады. Билер кеңесінің құрамына ұсынылған үміткерлердің ішінен ауданның ең беделді ақсақалдары іріктеліп сайланды. Олардың арасында Степняк қаласының және ауданның құрметті ардагерлері Сауытбай Жүсіп, Серік Бәкіров және Темірбек Омаров сияқты ардагерлер бар.
Билер кеңесіне қазақ билер соты қызметінің негізгі принциптерін, оның ішінде дауласқан тараптарды дана шешімдермен татуластыруды жаңғырту бойынша маңызды міндет жүктеледі.
Облыстық соттың баспасөз қызметі.