Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкен мен Ерік ақындардың ізбасарларының жыр сайысы - АРҚА АЖАРЫ

Көкен мен Ерік ақындардың ізбасарларының жыр сайысы

   «Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің

ұйымдастыруымен «Есіл-Көкше – ән мен жырдың мекені» атты аймақтық жас ақындар айтысы болып өтті. Жыр сайысында Көкшетаудағы Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебі мен Қызылжардағы Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығының шәкірттері өзара бақ сынасты. Шара мүшәйра және айтыс аталымдарынан тұрды. Айтыстың ашылу салтанатында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева мен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе басшысы Еркін Исімбаев сөз сөйлеп, ақындарға ақжарма тілектерін арнады.

Айтыс өнерінің ақтаңгері Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің атынан жыр додасына Сая Тұрсынбекқызы, Думан Самат, Ерден Нұрахмет, Абзал Жұмабек қатысса, Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығынан Дияс Аяған, Дәулет Құрмаш, Сара Құлахмет және Ақан сері атындағы мәдениет колледжінен Бағзор Ерболқызы өз өнерлерін ортаға салды. Төрт жұп болып айтысқан өрімдей жастардың өнерге деген құлшынысы жеңіске деген ұмтылысымен ұштасып, көз қуантты.
Көкен атамыз десе көз алдымызда көмейінен сұлу сөз саулаған аузы дуалы ақын тұрады. Ерік Асқаровтай арқалы ақынның өзі Көкеннің батасын алған. Айтыстың шымылдығы ашылған сәтте де ұстаз бен шәкірттің өмірдегі бір сәті арқау болған шағын көрініс көрермен назарына ұсынылды. Көкен Шәкеев пен Ерік Асқаровтың жылы жүздесуіне құрылған осы шағын көріністе Жаңарқада өткен сөз додасынан жеңімпаз болып оралған жас ақын Ерік өзінің ұстазына сәлем бере келген сәті суреттелген. Олай болса, бұл ақындар бір өңірдің ғана емес, біртұтас ұлттың мақтанышына айналған қос дүлдүл десек артық айтпағанымыз. Жасындай жарқ етіп, өнер көгінде өшпес жұлдызға айналған, айтулы ақындардың үзілмеген үміті іспетті ізбасарлары сахнаға шыққанда халықтың да көкейіндегі бір күдік сейілгендей болды. Оған себеп, кешегі Көкендер бастаған өнердің ұлы көшінің арқан жүгі үзілмей жалғасып жатқандығын көрген халық ерекше толқып отырды. Көкшетау мен Қызылжарда ашылған екі мектептің бас-
ты ұстанған бағыты – атадан балаға мирас болған төл өнерімізді өрістету, оны рухани бай мұрамызға айналдыру болып табылады. Сахнада өз өнерін ортаға салған жас-
тар да осал емес. Жасырары жоқ, аламан болған соң алуан-алуан жүйріктің әліне қарай шабатыны да рас. Бұл жолы да бір қайнауы ішінде, шикіліктер де көзге көрініп тұрды. Бәлкім дайындықтың аздығы болар, тәжірибенің жоқтығынан ба кім білсін, жастар арасында жеке басқа тиісу, сынап-мінеу, тіпті шамданып, ашу шақырып, айтар сөзін ұмытып жатқандар да кездесті. Мұның бәрін, біз албырт жастықтың қызуы деп ұғындық. Жалпы, бірден айта кету керек, айтыскерлердің сахнада өздерін ұстауы, ұлттық киімдері, мақамы келісті болды. Әсіресе, қызылжарлық Дәулет Құрмаштың тапқырлығы мен орынды әзілі, ұтымды ұйқастары жырсүйер қауымды тәнті етті. Алқалы топтың алдында өнер көрсету оңай емес. Жүздеген көрерменге не айтамын, қандай мәселе қозғаймын деген көкейдегі келісті оймен шықпасаң, сөзден тосылып, табан астында сөз тауып айта алмау ақынға сын. Ақындардың кейде домбыраны құр сабалап, әні мен сөзі үйлеспей, мағыналы сөзінің мәнін қашырып жатқан тұстары да кездесіп қалды. Мұндайда олардың сөз саптауы, тақырыптан ауытқуы айтыстың көркемдік деңгейін төмендететінін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, ұйқас қуып, сөздің құнын жоғалтып алатынымызды ескере бермейміз. Айтыста қыз бен жігіт айтысының үлгісін көрсеткендердің қатарында Дәулет Құрмаш пен Бағзор Ерболқызы бар. Бағзордың: «Алдарыңа ақын қызың келіп қалды, Қыз Жібек пен Сараның сынығындай» деген сөзіне, Дәулеттің: «Жібектің сынығындай деп отыр ғой, Төлегендей бриллианттың бүтінімін» деген жауабы үйлесе кетті. Сол сияқты, Дияс Аяған мен Сая Тұрсынбекқызының айтысында жігіт: «Өзіңмен 3-ші рет шыққанда, 3-ші жұртымды тапқандаймын» деп сөз тауып кетті. Абзал Жұмабек пен Сара Құлахметтің айтысы көп көңілінен шыға қоймады. Жастарға әлі де болса өз өнерлерін шыңдау керектігі аңғарылып-ақ тұрды. Абылайхан Әшімханұлы мен Бақытжан Дамирдің, Думан Самат пен Ерден Нұрахметтің айтыстары да тартысты өтті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мүшәйра және айтыс аталымдарына бөлінген сөз додасы бо-
йынша сайысқа жас ақындар кезектесіп шығып отырды. Олардың арасында мектеп оқушылары да бар. Ермек Жүмин жүрекжарды жырын оқыса, Жансая Жұмабекова кербез Көкшетауды өлеңіне арқау еткен. Бала ақынның «Сарыарқа – жүзіктей, Көкшетау – гауһары» деген өлең жолдары әдемі өрілген. Өзінің жыр шумақтарын оқыған Көкен ата мектебінің оқушылары Қарашаш Ұғылан, Дамир Бақытжан және Ерік ақын орталығының шәкірттері Жарқанат Қинаухан, Абылайхан Әшімханұлының да өлеңдері де көптің көңілінен шықты.
Қазылар алқасы айтыскер ақындардың ішінен ақтық мәреге Абзал Жұмабек пен Дәулет Құрмашты лайық деп таныды. Қос ақынның да жастық албырттықпен жүлдеге таласуы қызықты шыққанымен, бойын ашуға алдырған көкшетаулық Абзалдың ұйқасын келтіре алмай, тұтығуы, сахна мәдениетін сақтамауы көптің көңіліне қаяу келтірді. Қызылжарлық Дәулет байсалды да байыпты қалпымен қарсыласын қапы қалдырды.
Жергілікті ақын-жазушылар мен әдебиетшілерден құралған қазылар алқасының ұйғарымымен мүшәйра аталымы бойынша жүлделі үшінші орынды Ермек Жүмин, 2-ші орынды Жарқанат Қинаухан иеленді. «Көкшетау» өлеңімен көп көңілінен шыққан Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің шәкірті Жансая Жұмабекова жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал, айтыс аталымы бо-
йынша 3-ші орынға Думан Самат, 2-ші орынға Абзал Жұмабек лайық деп танылды. Ал, сөз саптауы мен суырып салмалық қабілетімен көп ішінен дараланған жас дарын қызылжарлық Дәулет Құрмаш бас жүлдені иеленді. Айтыс пен мүшәйрада бағын сынаған барлық жас ақындарға Алғыс хаттар мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі атынан ұлттық нақыштағы сыйлықтар тарту етілді. Ендеше, бұл жыр бәйгесінде бағын сынамаққа келген жастар үшін бұл айтыс өнер мектебі болды десек, артық айтқандық емес.
Кей қаламгерлер «Келбеті Көкшетаудай дара тұлға» деп тілге тиек еткен ақиық ақын Көкеннің ізбасарлары қайда десе, ұялмай додаға шығаратын, дарынды жастарымыз бар деуге әбден негіз бар. Осы орайда, Көкшетаудағы Көкен атындағы мектепке жетекшілік етіп, жанына өзі секілді дарынды жастарды тартып, сөз өнеріне баулып жүрген ақын Мұхаммед Қоңқаевты атап өтсек дейміз.
Қазақтың ұлттық өнерін жанымен сүйген ұлтжанды ұл-қыздарымыз бар кезде, айтыс өнері жандана бермек. Олай болса, от тілді орақ ауызды, ақ адал сөздің балақ бауын ағытар ақиық ақындарымыз Біржан мен Ақан шыққан киелі өңірден әлі талай өнерлі өрен туады деген сенімдеміз. Қалай дегенмен де, Көкшенің биігінен, көрерменнің жүрегінен ән қалықтап, қазақтың киелі өнері ұрпақтан-ұрпаққа мұра бола берсін. Асқақтай берсін, ақиық өлең!
Ұлмекен ШАМЕНОВА.
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар