Сапа күнін бүкіл дүниежүзінде жыл сайын қарашаның екінші бейсенбісінде атап өтеді.
Мереке 1989 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының ықпалымен Еуропалық сапа ұйымының арқасында пайда болды. Бүкілдүниежүзілік сапа күнінің басты міндеті әлемдік рынокқа ұсынылған қызмет пен өндірілген өнімдер сапасының өсуі болып табылады. Мерекенің негізгі мақсатының бірі – тауарлар мен қызмет деңгейінің сапасына байланысты мәселелерге назар аударуға ықпал ететін жұмысты нығайту және ілгерілету. Тауарлар сәйкес келуі тиіс негізгі өлшемдер – адамдар мен қоршаған орта үшін қауіпсіздік, сондай-ақ, олар тиісті нормаларға, тұтынушылардың сұранысына жауап беруі керек.
Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты ел халқына арнаған Жолдауында тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздік саласына назар аударылып, Үкіметке оның жұмысын ретке келтіру және шара қолдану тапсырылды. Елбасы мемлекеттің ең басымдықтарының бірі –ұлт денсаулығы екенін атап өтті. Сөйтіп, келесі жылдан бастап тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бойынша комитет өз жұмысын бастауы тиіс. Оның жұмысына азық-түлік өнімдерінің, дәрі-дәрмек, ауыз су, балалар та-
уарлары мен медициналық қызметтің сараптамасы кіреді.
Өндірілген өнімнің сапасы кез-келген ел экономикасындағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Сапа мәселесі тек қана шығарылатын өнімге қатысты мәселе емес, бұған экология, қауіпсіздік, өндірісте ресурс үнемдейтін технологияны пайдалану мәселелері кіреді.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған өмір сапасын арттыру бағытын ұстана отырып, бүгінгі күні тұтынушылар да, өндірушілер де сапаны басқару қағидатын ұстануы тиіс. Өзіңді және өз денсаулығыңды сыйлау қажет. Ол үшін жалпы қабылданған стандарттарға сәйкес келетін сапалы өнім өндіру мен қызмет көрсетуді жолға қою керек.
Ботагөз ЗҰЛҚАРНАЕВА,
Ақмола облыстық техникалық реттеу және
метрология департаментінің бас маманы,
мемлекеттік бақылау жөніндегі инспектор.