Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен Ұжымдық қауіпсіздік
шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясына қатысты.
Әуелі шағын құрамда өткен сессияда Елбасы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің барлық мүшелеріне сессияға қатысқаны үшін ризашылық білдіріп, жұмыс тәртібі жөнінде айтқан болатын. Жиынға Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Армения Республикасы Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Н.Пашинян және осы ұйымның Бас хатшысы міндетін атқарушы В.Семериков қатысты.
Кеңес мүшелері халықаралық және өңірлік қауіпсіздік проблемаларын, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің осы ұйым аясындағы және халықаралық аренадағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Кеңейтілген құрамда өткен жиын барысында Елбасы Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалығы кезінде қол жеткізілген нәтижелер жөнінде айтты.
– Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын беделді әрі тиімді құрылым деп санайды. Оған мүше елдердің белсенді әрі жан-жақты қолдау көрсетуінің арқасында биыл Қазақстанның төрағалық ету барысындағы басымдықтары табыс-ты іске асты, – дей келіп, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жоспарға сәйкес әскери салада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының біріккен штабын құру және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Дағдарыс кезінде әрекет ету орталығының қызметіне толық кірісу үшін әзірлік жұмыстарының аяқталғанын атап өтті. Қырғызстан аумағында өткен «Жауынгерлер бауырластығы – 2018» әскери оқу-жаттығуының нәтижелері жөнінде де айтты.
– Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының отырысында Қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау жөніндегі үйлестіруші кеңес құрылды, – деп, Елбасы Қазақстанның төрағалығы кезінде терроризмнен ада әлемге қол жеткізу жолын көрсететін әмбебап кодекс қабылдау туралы бастаманың жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл құжатты 70-тен астам мемлекет мақұлдаған. Мемлекет басшысы кибер-қатерге қарсы іс-қимыл және заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі бірлескен жұмыстардың нәтижелері жөнінде айтып,
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы серіктесінің және ұйым бақылаушысының мәртебесін заңды түрде бекіту жөнінде шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Елбасы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бо-йынша баспасөз мәслихатын өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі аясындағы кездесулердің достық әрі сындарлы сипатта өткенін атап өтіп, келесі сессияаралық кезеңде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасының төраға болатынын мәлімдеп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасының жоғары деңгейде төрағалық ететініне және осы ұйымның одан әрі жан-жақты дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.