Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қасқатаудағы Әулиебұлақ - АРҚА АЖАРЫ

Қасқатаудағы Әулиебұлақ

«Баурайыңда сексен көл, иісің жұпар аңқиды-ау» деп ақын жырға қосқан Бурабай өңірі көркем табиғатымен, көрікті жерлерімен ғана емес, тарихи, оның ішінде киелі орындарымен де аты шыққан шежірелі өлке. Шабақты көлінің жағасында Абылай хан 48 жыл ордасын құрған Ханның қызыл ағашы деп аталатын жер бар. Кенесары хан жорықтан оралғанда демалатын табиғаттың көркем туындысы – Кенесары үңгірі, Абылай ханды құлдықтан босатқан Ораз құлдың бұлағы – бәрі де курортты аймақтың шежірелі өткенінен сыр шертетін тарихи орындар.

Осы Бурабай ауданында Қасқатау деп аталатын көрікті тау бар. Сол таудың баурайында ел ішінде Әулиебұлақ атанып кеткен таудан төмен сарқырай құйылып, далаға жайылатын бұлақ ағып жатыр. Тау баурайын жағалай орналасқан Қарабұлақ ауылында негізінен керейт деп аталатын рудан шыққан адамдар қоныстанған. Бұлақтан аққан су қыстың қырық градустық қақаған аяздарында да қатпай, сарқырап ағып жатады. Судың ағысы алыстан естіліп, құлаққа табиғаттың өзі ойнаған әсем музыка үніндей ерекше әсерге бөлейді. Адам санасына әсер ететін осындай ерекше қасиетінен болар, оны халық Әулиебұлақ деп атап кеткен.
Әркімге өзі туып-өскен жері артық көрінетіні рас. Мен үшін де өз ауылымның табиғаты әлемдегі ең көрікті, көркем сияқты сезіледі. Таудан сарқырап аққан бұлақ суы бір тылсым күй сияқты адам жанын баурап алады. Жазда кілем іліп қойғандай тау жотасы көкпеңбек болып төгіліп тұрады. Алланың құдіретімен қолдан жасап қойғандай тастан жасалған үстел мен ұзынша орындық тұғыр бар. Сонда отырып қарасаң, табиғаттың көркіне көз тоймайды.
Қарабұлақ ауылының тұрғындары жиналып аталары Кенжебай батырға арнап ас беріп, басына кесене тұрғызды. Әулиебұлақтың жағасына тастан тұғыр орнатып, ағаш тақтаға бұлақ атауы жазылып қойылған.
Өкінішке орай, көркі көз жауын алатын Бурабайдың курортты аймақтан шалғайлау жатқан бұл өңіріне ат басын бұратындар аз. Әулиебұлақ атанған бұлақ Киелі орындар тізіміне ілінбеген. Десе де, жергілікті тұрғындар бұлақ суының шипалық қасиеті бар деп санайды және оның тылсым құдіретіне де сенеді.

Шайзада ҚАБДРАШИТҚЫЗЫ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар