Кәсіпкерлердің «Атамекен» Ұлттық палатасы үстіміздегі жылғы 1 қазанда «BestProji» компаниясымен бірлесіп сервистік қызметтің айрықша түрі – «Құрастырушы келісім шарт» (конструктор договоров) жобасын іске қосқаны белгілі. Осыған байланысты өңірлік палатаның сарапшылары кәсіпкерлермен және осынау онлайн-платформаға қызығушылық танытқан кісілерге арнап семинар-тренинг өткізді.
Ақпараттық таныстырылым шарасына қатысқандар аталған сервистің қарапайымдылығын және кез келген қолданушыға ыңғайлы екендігін атап көрсетуде. «Құрастырушы келісім шарт» жобасы мейлінше көп қолданылатын құжаттардың 100 үлгісін (шаблон) қамтиды. Бұлардың қатарында сатып алу-сату келісім шарттары, тауарларды жеткізу, жалға беру, тасымал құжаттары, еңбек шарттары, сенімхаттар, құрылтайшылық құжат, арыз-шағымдар және басқалар бар.
Аталған құжаттарды алудың ешқандай қиындығы жоқ. Қолданушы қарапайым сұрау салу парағын толтырып, келісім шартқа қатысушының: жеке кәсіпкер, жауапкершілігі шектеулі серіктестік тағы басқа мәртебесін көрсетсе болғаны. Содан кейін олардың мекен-жайы, қызмет саласы, есеп айырысу деректерін (реквизит), талас жағдай туындаған сәтте мұны қандай сот немесе арбитраж қарайтынын көрсетсе, қажетті құжат дайын болады. Бұл құжатта жұмыс барысында туындауы мүмкін тәуекелшілдік, құқықтық қорғану механизмдері мен нақты шығынның төменгі деңгейі топтастырылған.
Бұл орайда, «Contrakt.Atameken» құрастырушы келісім шарты өз қызметін тегін көрсететінін атап өткіміз келеді.
– Аталған жобаның ерекшелігі, мұнда қолданушылар дайын шаблондарды ғана емес, қалыптасқан нақты жағдайға негізделген баламалы үлгілерді де пайдалана алады, – деді тренинг модераторы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Шыңғыс Теміров. Мәселен, жоба қолданушысы жеке кәсіпкер болса және ол жеке шаруашылық серіктестігімен (ЖШС) әріптестік байланыс жүргізсе, аталған жүйе мұндай құқықтық қатынастар талабындағы салық айналымы жүйесінен деректер бере алады. Ал, жеке тұлға мен жеке кәсіпкер (ИП) әріптес болса, келісім шарт үлгілері де осыған сәйкес түзіледі.
«Құрастырушы келісім шарт» жобасын тәжірибелі әрі іс басындағы заңгерлер дайындағандықтан, келісім шарттарда кездесуі мүмкін тәуекелшілдіктің барлығы ескерілген. Яғни, бұлар мейлінше қауіпсіз құжаттар саналады. Сондай-ақ, тренинг барысында кез-келген келісім шартта «Атамекен» Ұлттық палатасы Арбитраждық орталығының талаптары көрініс тапқаны айтылды. Бұл келеңсіз мәселелердің барлығы, келісім шарт міндеттемелеріне сәйкес сотта емес, Ұлттық палатаның арбитражында шешіледі деген сөз. Ал, істі мемлекеттік сотта қарау қажет болған жағдайда «Құрастырушы келісім шарт» блогы бұған да икемділік таныта алады.
Бұған қоса жоба іс басындағы сарапшылардың әртүрлі салалар бойынша: заңдық нормативтер, азаматтық және қылмыстық құқық, бухгалтерлік есеп, тағы басқа мәселелерге қатысты 500-ден астам кеңес беретіні және бұның саны тұрақты түрде өсіп отыратыны тренинг қатысушыларын қызықтыра түсті. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметтің өзекті мәселелеріне байланысты 10 мың жауабы да жобада қамтылған екен.
Біз жеке кәсіпкер Олжас Сейітовті әңгімеге тартып, жоба таныстырылымынан алған әсерін айтып беруін өтінген едік.
– Қазіргі тәжірибе заңгерлік біліктілікті талап етеді. Кәсіпкерлік қызметте жедел шешімдер қабылдау үшін де міндетті түрде заң талаптарына сүйенеміз. Бұл – табыстылықтың кепілі. Жобада кәсіпкерлікке қатысты заңдық және құқықтық актілер молынан қамтылған. «Құрастырушы келісім шарт» осынысымен тиімді. Кәсіпкер немесе кез-келген кісі үйден шықпай-ақ серверге еніп, өзіне қажетті келісім шартты жүктейді және өзін қызықтырған шұғыл сұраққа толыққанды жауап алады. Бұған қоса толып жатқан шаблонды қағазға түсіріп, уақыт кетірудің қажеті жоқ. Қажетті құжатты толтырып, тиісті жерге жібере аласыз. Бүгінгі күннің талаптарымен қарағанда цифрлық технологияның жаңа үрдістерінен хабардар болу баршамыз үшін пайдалы екендігі анық, – деді ол.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.