Тың жерлерді игерумен бірге қазақ даласына үлкен өзгерістер келді. Республика Одақтағы ең алдыңғы қатарлы аграрлық аймаққа айналды. Жүздеген жаңа шаруашылықтар құрылып, ауыл, селолар бой көтерді, жолдар салынды.
Қазіргі күні Егіндікөл ауданындағы «Агростиль-Г» серіктестігінің директоры болып, іргелі шаруашылықты басқарып отырған Владимир Гузевтің атасы Александр Гузев Украинаның Донецк облысынан тың игеру жылдарында комсомолдық жолдамамен Қазақстанға келген еді. Ол жаңадан құрылған шаруашылықта жүргізуші болып еңбек етті. Ұлы Александр да өсе келе әке жолын қуып, кәсіптік-техникалық училищеде оқып, механизаторлық мамандық алып шыққан соң бірден шаруашылықтың жұмысына білек сыбана кірісті. Елгезек, өз жұмысын жақсы білетін азаматты жұрт Сан Саныч атап, кейінірек трактор-егіс бригадасының бригадирі болды.
Кеңес заманында Бауман кеңшары аталған ауылдан екі бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққанын атып өткен артық болмас. Олар: Василий Акуленко мен Михаил Миршавко.
Ал, трактор-егіс бригадасының бригадирі Александр Гузев
болса екі бірдей Еңбек Даңқы орденінің иегері атанды.
– Мектеп бітіргеннен кейін мен Целиноград инженерлік техникалық институтының құрылыс факультетіне оқуға түстім, – дейді Владимир Гузев. –Оқу бітірген соң туған ауылыма оралып, құрылыс саласында еңбек еттім.
Сол тұста қабылданған «Тұрғын үй-91» бағдарламасы бойынша ауылдан көптеген жаңа үйлер тұрғызылды. Оның бәрінде жас инженер Владимир Гузевтің қолтаңбасы бар еді. Ал, 90-шы жылдардағы өтпелі кезеңде бір кездегі іргелі шаруашылықтың шаңырағы шайқалып, адамдардың көз алдында құлдырай бастады.
– Сол бір қиын кезеңде шаруашылықты сақтап қалу үшін қаншалықты ауыртпалықтарды бастан өткеруге тура келгенін білсеңіз, – дейді Владимир Гузев. – Әкем егіншілік саласындағы, ал мен құрылыс бойынша жақсы білім мен тәжірибемізді пайдаланып, шаруашылықты сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық.
Ауыл тұрғындары әкелі-балалы Гузевтерге өз жер пайларын сеніп тапсырып, шаруашылық тізгінін ұстаған Владимир күндіз күлкіні, түнден ұйқыны ұмытып, жұмысқа кірісті. Алғашқы жылдары ол небары 210 гектар алқапқа дәнді дақыл сеуіп жүрді. Бір ескі К-700 тракторы мен «Нива» комбайны болатын. Міне, осылайша кішкентайдан бастаған шаруашылықты әкелі-балалы Гузевтер ақырындап дамытып, іргелі шаруашылыққа айналдырды. Қазіргі күні серіктестік 7 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын себеді. Машина-трактор паркінде 15 астық жинайтын жаңа «Есіл» және «Енисей» комбайны мен 10 К-700 тракторы, 5 КамАЗ жүк машинасы, шетелдік алымдылығы жоғары «Барго» егіншілік кешені бар. Техника паркі жыл сайын дерлік жаңартылып тұрады. Одан серіктестік басшысы ақша аяған емес. Сол алымдылығы жоғары жаңа техниканың арқасында егін егу науқандарын уақытында қысқа мерзімде аяқтауға мүмкін болып жүр.
Техникаға қызмет көсрететін токарь цехы мен асфальттанған қырман және астық сақтайтын қойма бар. Жаңа офис таяу болашақта пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Шаруашылықта ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан механизаторлар Виктор Каталагин, Ренат Кашанов, Алексей Попков, Василий Данилюк, жүргізуші Сергей Аненков пен Сергей Руснактар тұрақты жұмыспен қамтып отырған серіктестік басшысына дән риза.
Серіктестік ауылдағы әлеуметтік және білім нысандарын ұстауға да үнемі қолдау көрсетіп отырады. Мектеп оқушылары серіктестіктің қолдауымен тегін ыстық тамақпен қамтылған. Мектепке қажетті спорт тауарларын сатып алу, клуб пен дәрігерлік амбулаторияға көмір, басқа да қажеттіліктерді алып беруге шаруашылық үнемі көңіл бөліп отырады. Егіншілікпен бірге мұнда мал шаруашылығы да ақырындап дамып келеді. Қазіргі күні серіктестікте 150-дей бас жылқы бар. Баумандық сәйгүліктер аудандық, кейде аймақтық жарыстарға қатысып, жақсы орындардан көрініп келеді.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суреттер автордікі.