Бурабай курортында «Көңілді старт» бағдарламасының баламасы – республикалық «Мен чемпион» балалардың спорт ойыны финалдық кезеңінің ашылу салтанаты болып өтті.
Бұл телевизиялық жобаның тарихында тұңғыш рет жеңімпаз кубогы үшін Қазақстанның 13 облысынан келген оқушылармен бірге, Ресей және Өзбекстан елдерінің командалары қатысып, бақ сынауда. Жарыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Ақмола облысы әсем табиғатымен ғана емес, тарихи орындары және танымал тұлғаларымен белгілі. Сондықтан, «Мен чемпион» балалардың спорттық ойынының Бурабай баурайында өткізілуінің тарихи маңызы зор, – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөзінде.
«Мен чемпион» жобасына қатысушыларды қолдауға атақты қазақстандық палуан әлем және Қазақстан рекордшысы Сергей Цырульников келіп, жерлестерімізге жанкүйер болуда. «Мен чемпион» жобасы қазақстандық мектеп оқушыларының қызығушылығын арттыруда. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бұл ойынды мектептегі спорттық шаралар тізіліміне енгізді. Енді міне, жоба халықаралық сипатқа ие болуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастапқыда «Мен чемпион» жобасы Қазақстандағы балалардың спорттық қозғалысы ретінде танымал болды. Жыл өткен сайын оның ауқымы кеңейіп келеді.
– Жобаға тұңғыш рет Өзбекстан Республикасынан бір, Ресейден екі команда қатысып отыр. Оның ішінде Омбы облысынан келген команданың қазақ этномәдени орталық өкілдерінен құралғаны қуантады. Бұл жобаның көпұлтты екендігін көрсетеді. Келешекте жоба халықаралық мәртебе алып, Ресей және Өзбекстан елдерінің мектеп оқушылары арасында қызығушылық артады деп ойламын. Жобаның басты мақсаты балалардың спортпен шұғылдануына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған, – дейді жобаның жетекшісі әрі авторы Евгений Сазанов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мен чемпион» жобасы төрт күн бойы өтеді. Жаңа маусымның жеңімпаздары қарашаның 21-і күні анықталады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.