Өткен сенбіде Шортанды кентіндегі Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ашылғанына 50 жыл толуына орай мерекелік іс-шаралар өтті. Оған спорттың күштік түрлерінен 4 мәрте әлем чемпионы жерлесіміз Сергей Цырульников, Қазақстан Республикасының рекордшысы, қолмен шегені ұстап кеудені жерден көтеруден еліміздің рекордтар кітабына енген Тимур Спатаев, киокушинкай-кан каратэден республикалық федерацияның вице-президенті Әлімжан Молдағалиев, джиу-джитсудан әлем чемпионы 12 жасар Әмір Махмет келіп қатысты.
Мереке аудандық мәдениет үйінің спорт залында бокс пен қазақша күрестен көрсетілімдер қоюдан басталды. Айдын Орал жаттықтыратын қазақша күрес және Ермек Ағыбаев жаттықтыратын бокс секциясына қатысатын жас спортшылардың жаттығу сәттері тамашаланды. Одан кейін «Қайнар» балалар жасөспірімдер кешенінде жаттығатын балалар суда жүзуден шеберліктерін көрсетті. №3 Шортанды орта мектебінде киокушинкай-кан каратэден Шортанды ауданының ашық біріншілігі ұйымдастырылып, оған Целиноград, Ақкөл, Шортанды аудандары, Көкшетау, Астана қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары қатысты.
Аталмыш мерейтойлық іс-шараға қатысқан аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің
аудан өміріндегі алатын маңызын атап өтіп, спортпен шұғылдану денсаулықты нығайтып қана қоймай, еліміздің патриоттарын тәрбиелеуге де зор үлес қосатынын айтты және жасөспірімдер спорт мектебі басшылығына 500 мың теңгелік сертификат табыс етті. Осы жылдар ішінде аудан спортының дамуына қомақты үлестерін қосқан спорт ардагерлері мен спортшыларымызға Алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.
Гүлзияш ҚАБДЕШЕВА.
Шортанды ауданы.