Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткізілген Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жылумен жабдықтау қызметіндегі тарифтерді қалыптастыру, сондай-ақ, облыс орталығын жылу қуатымен қамтамасыз ететін «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының жұмысына прокурорлық тексерістің қорытындыларын қарау мәселесі бо-
йынша кеңес өткізді.
Жиында облыс басшысы коммуналдық кәсіпорынның жұмысына тиісті бақылау жүргізбеген бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алып, коммуналдық кәсіпорын әрекетінің заңдылығын қысқа мерзім ішінде анықтауды тапсырды. Сонымен қатар, өткен жылы кәсіпорынға бөлінген субсидия көлемінің артқанын, ал ол өз кезегінде жылу энергиясы тарифінің тұрақтануына кепіл болатынын атап өтті.
Мәжілісте айтылғандай, бүгінгі таңда облыста ТКШ қызметінің тарифтерін төмендету бойынша аудан және қалалардағы коммуналдық кәсіпорындармен жұмыстарды ұйымдастыруға арналған сарапшылар мен құзыретті органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Қазір Көкшетау қаласының коммуналдық кәсіпорындары бір жылға 130 теңгеден 82 теңгеге дейін төмендетілген өтемақы тарифтерін енгізді. Осының нəтижесінде ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан бас-
тап көкшетаулықтар үшін жылу ақысы 36 пайызға арзандайтын болып отыр. Айта кетерлік бір жай, келер жылы Көкшетау қаласында жылу-электр энергиясын өндіріп, ыстық сумен қаматамасыз ететін Жылу электр орталығының құрылысы басталмақшы. Бұл коммуналдық төлемдердің ақысын тұрақтандыруға игі әсерін тигізетін болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.