Қызылды-жасылды қызығы көңілден кетпес мынау жарық дүниеде адамның бірінші байлығы денсаулық екендігі әмбеге аян. Ол жайында дархан даланың даналығын бойына жинаған, ғаламның ғибратын жалғыз ауыз сөзге сыйғызатын арыдағы аталарымыз «бірінші байлық – денсаулық» деп шегелеп айтып кеткен.
Ал, денсаулықтың сақшысы, адам жанының айтып келмес сырқатынан құлан-таза айықтыратын қолы жеңіл, жаны ізгі дәрігер қауым. «Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабатын» демекші, ұзақ жылдар бойы тамаша тәжірибесі қалыптасқан, білімі мен білігі ұшан-теңіз, осы бір ізгі мамандықты қапысыз меңгерген мамандарды көргенде көңілдегі үміт оты лаулайтыны да бар. Астана қаласындағы №1 қалалық ауруханасының урология бөлімшесінің меңгерушісі Шерияздан Вахапұлы Абдугалимов осындай абзал адам. Шерияздан Вахапұлы орта мектепті бітіргеннен кейін 1982 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтына оқуға түскен. 1988 жылы бала дәрігері факультетін ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын бастаған. Ал, 1992 жылы осы институттың урология саласының екі жылдық клиникалық ординатурасына түскен. Алға қойған мақсатын мүлтіксіз орындағаннан кейін, №1 қалалық ауруханаға уролог дәрігер болып жұмысқа орналасқан.
Халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан кішіпейіл жанның қолы жеңіл, адамгершілік ажары мен кісілік келбеті өте жоғары. Ішкі мәдениеті мен кіршіксіз таза жан дүниесі жылдар бойы жинаған іс-тәжірибемен байып, ел алғысын арқалап келеді. Күні бүгінге дейін мыңдаған адамдарға ота жасап, сырқатынан айықтыруға себепші болған. Сөз арасында аурухананың урология бөлімшесінде әр жыл сайын 1500-ден астам оталар жасалатынын айтсақ, дәрігерлердің қисапсыз еңбегі айқын көрінер еді. Бұл оталар шынайы шеберлікті қажет ететін бүйрек, қуықасты безі тәрізді ағзалар.
Бүгінгі таңда отаның лапароскопиялық және эндоскопиялық түрлері өте қарқынды дамып келеді. Мұндай әдістердің науқастар үшін жеңіл болатындығын және тез арада сауығып кететінін айта кеткен ләзім. Ал, дәрігерлер болса, мүмкіндігіне орай әр жыл сайын шетелдерге шығып, озық тәжірибелерін алмасып, білімдерін көтеруде. Бір сөзбен айтқанда, ел денсаулығының сақшысы болуға дайын.
Сөз соңында оташының қандауырымен ғана емес, жүрегінің жылуымен, көңілінің мейірімен, көл-көсір пейілімен алдына барғанға шарапаты тиетін Шерияздан Абдугалимовке ақ алғысымды айтқым келеді. Мың рахмет саған, дәрігер!
Нұрпейіс СӘДУАҚАСОВ.