Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» аталатын мақаласына орай «Ұлы дала руханияты – ұлт болашағының негізі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияны университет ректоры Марат Сырлыбаев ашып, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» мақаласымен өзектес жаңа еңбегінің маңыздылығын атап көрсетті.
– Бүгінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы өзекті мақаласы еліміз бойынша қызу талқылануда, – деді Марат Қадырұлы. Өткенімізді бағалау, тарихымызды таразылап, келер ұрпақтың кәдесіне жарату рухани жаңғыруымыздың басты мақсаты саналады. Еліміз егемендік алып, еңселі ел болғалы көк туымыз әлем айдынында биіктен көрінуде. Бүгінде Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында, көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынасымыз артып, дамыған 30 елдің қатарына ену жолында қыруар жұмыстар атқарылып келеді. Мұны елі үшін жан кешкен ата-бабаларымыздың аңсаған арманының орындалғаны, сенім мен үміттің ақталғаны деп білеміз.
Бүгінде барша қазақстандықтарды алға жетелейтін үлкен мақсаттар мен міндеттер белгіленіп отыр. Солардың бірі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Ал, Елбасының бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылады.
Мемлекет басшысының ұсынып отырған стратегиялық жоспарлары мен Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдаулары нақты ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы өз орнымызды байыппен әрі дұрыс пайымдауға, осындай бай мұраны қамтитын Ұлы даланың жеті қырына тоқталуға, түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең бойлауға мүмкіндік береді. Осы орайда, ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілері әлемдік деңгейде кеңінен танылып, дүние жүзіндегі бәсекеге қабілеттілігінің халықаралық деңгейге көтерілуін талап етеді.
Елбасының маңызды жобалары мен өзекті мақалалары, соның ішінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналып отыр деуге болады. Онда халқымызды, әсіресе, жас ұрпақты туған жерге, елге деген сүйіспеншілікке баулуға, ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраларымыз бен құндылығымыз – тәуелсіздігімізді қорғау, оны одан әрі нығайта отырып дамытуға жол ашылуда.
Елбасымыз айтқандай, Ұлы дала жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен ондағы мәдени мұралардың ел тарихында алатын орны ерекше. Дана бабаларымыздан аманат ретінде бізге жеткен Ұлы даланы танып-білген сайын келешек ұрпақ бойында патриоттық сезім оянып, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі арта түспек.
Төл тарихымызды, Ұлы далада өмір сүрген ата-бабалардан жеткен салт-дәстүрлерімізді дәріптей отырып, оны өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде таныта білу – біздің басты мақсатымыз деп ойлаймын.
Елбасының уақыт талабындағы маңызды да өзекті мақаласы Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Конференцияда тарих ғылымдарының докторы Қ.Әбуев, «Отан тарихы және Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі Қ.Базаров, филология ғылымдарының кандидаты А.Есмағұлов, философия ғылымдарының кандидаты Рауза Абдуллина, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Өтегенов, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ғ.Төлепбергенов, аға оқытушы С.Қасенов «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының әр қырына қатысты баяндамалар жасады.
Ғылыми жиынға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева Мемлекет басшысының жаңа мақаласында айтылған міндеттер жөнінде тарата әңгімеледі.
Конференция талқыланған мәселе бойынша Үндеу қабылдады.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.