Күні кеше жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы іспетті әсер қалдырды. Мақалада тарихымыз бен мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз сараланып, өткенді білмей болашаққа бағдар ұстау қиын екендігі нақты тұжырымдалады.
Кеңес заманында біраз бұрмалаушылыққа ұшыраған тарихымыздағы ақтаңдақтар анықталып, тарихи шындықтар қалпына келтірілуде. Дегенмен, тарихи ақиқаттар толық анықталуы үшін нақты деректер, оның ішінде мұрағаттық жазба деректері қажет болатындығы белгілі. Осы орайда, Елбасы мақаласында көтеріліп отырған жеті жылға арналған «Архив-2025» бағдарламасын жасаудың маңызы зор. Қазақ тарихына қатысты мұрағаттар еліміздің архивтерінде де, алыс-жақын шет елдердің архивтерінде де аз емес. Осы орайда, ғалымдар мен білікті мамандардан жұмыс топтары құрылып, архивтерді зерттеу, ондағы деректерді жинақтау жұмыстарымен айналысатын болса, көптеген тарихи құндылықтарымыз ашылатыны анық.
Елбасы мақаласында: «Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет. Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тəрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану
музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды», – деп бағдарламада істелетін жұмыс бағдарын нақты айқындап берген. Яғни, бағдарламада тек архивтердің деректерін жинақтаумен шектелмей, оны жас ұрпаққа жеткізуге, жалпы халық үшін қолжетімді болуын жүзеге асыруға да көңіл бөледі деген сөз.
Елбасы мақаласында айтылғандай: «Төл тарихын білетін, бағалайтын жəне мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу жəне болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».
Темірбек БАТЫРХАНОВ,
облыстық архивтің директоры.