Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
белгілі жазушы-драматург, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиевтің «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы!» тақырыбындағы танымдық салтанатқа мемлекеттік органдардың өкілдері, Көкшетау қаласының зиялы азаматтары қатысты.
Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, жарық көрген кітап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көп салалы қызметіне арналды.
Жабал Ерғалиевті облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан оның орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтады.
–Тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен Мемлекет басшысының тағдыры – барлық халықтың ортақ тағдыры. Әлемдік ауқымда елдің беделінің өсуі, қазақ халқының тәуелсіздігіне қол жеткізуі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен байланысты,–деді Айна Ермекқызы.
488 беттік кітап үш бөлімнен тұрады. Біріншісі, сүбелі мақалалар. Екінші тарауда – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен қазіргі заманғы Қазақстанның тарихындағы жарқын кезеңдер көркем тілмен әсерлі бейнеленген. Олардың ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында, Әлемдік діндер съездерін ұйымдастыруда, Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінде сөйлеген сөздері бар. Автор өз кітабында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларының маңыздылығын, биліктің алдында тұрған міндеттерді және осы бағдарламалық құжатты жүзеге асырудың қоғам мен экономикаға әкелетін артықшылықтарын шынайы көрсетіп берген. Кітаптың үшінші бөлімі халық пен Елбасы туралы ойлар мен пікірлер толқынында толғанысқа бөлейді.
Кездесу барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев өзінің алғашқылар қатарында туындымен танысып шыққанын айтып:
–Елбасы сізді біледі, Сіз Елбасын білесіз! Осы бір артықшылығыңыз шығарманың мазмұнын кеңітіп, оқырманды шырайлы ғаламға жетектеп отырады. Кітаптың көпшілікті ойға қалдыратынына, жастар тәрбиесінің ұтымдылығын арттыруға бағытталған әсері мол екендігіне кәмілмін. Сондықтан, университет осы кітап бойынша үлкен форматтағы оқырмандар конференциясын өткізуді жоспарлап отыр,–деді.
Сондай-ақ, облыстық «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Есболат Дүйсенбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің әдебиетші ғалымы Сәбит Жәмбек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа Тұңғыш Президент қайраткерлігі туралы кітапқа жылы пікірлерін білдірді.
Жабал Ерғалиев қорытынды сөзінде «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» кітабының жарыққа шығуына ықпал жасаған облыс әкімі Мәлік Мырзалинге алғысын білдіріп, шығарманың алғашқы топтамасын М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханаға тарту етті.
Бақберген Амалбек.