Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Елінің болашағын, халқының бақытын ойлайтын Президент!» - АРҚА АЖАРЫ

«Елінің болашағын, халқының бақытын ойлайтын Президент!»

Атыраудан Тарбағатайға дейін созылып, теріскейінде Орал тауларына тірелсе, оңтүстігінде Қаратаудан әрі асып жатқан қазақтың кең сахарасы небір алмағайып заманның,талай өзгерістер мен төңкерістердің куәсі болды. Бұл кең далада сонау Ғұндар заманынан бастап талай ірі мемлекет болды,талай империя Еуразия кеңістігінде үстемдік құрды. Рас, бұл жерлерді қоныстанған халықтың басынан бағы тайып өзге елдерге тәуелді болған кездері де аз болмады. Мұның бәрі тарих қойнауында қалды. Бүгінде бұл Ұлы далада әлемдік аренада өзінің лайықты орны бар, өркениетті елдермен терезесі тең Қазақ мемлекеті салтанат құруда.

– Парламент Мәжілісінің депутаты, жалпы қоғам қайраткері ретінде Президентті жиі көретініңіз белгілі ғой. Нұрсұлтан Әбішұлын бірінші рет жақыннан көргеніңіз есіңізде ме? Қандай әсерде болдыңыз?
– Әрине, есімде. Бұл 1993 жылдың желтоқсан айында болған еді. Ол кезде мен Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетте жұмыс істеуші едім. Нақтырақ айтсам, сол желтоқсан айының басында комитет тарап, бәріміз жұмыссыз қалғанбыз. Дегенмен, жылдың аяғында Алматы қаласында 200 жетім балаға арнап Президент шыршасын өткізу керек болды. Комитетті таратып жіберсе де бұл жауапты жұмысты бізге тапсырды. 90-шы жылдардағы ахуалды білесіз ғой, қаржы тапшы. Қаржы министрлігіндегілер болса, «Шыршаға қажетті ойыншықтар бар, сол жетеді» деген желеумен ақша бөлмеді. Ол ойыншықтардың қайда екендігін де ешкім білмейтін болып шықты. Әңгімені созып қайтейін, «жазған құлда шаршау бар ма?» демекші, шұғыл тапсырмаларды орындауға үйренгенбіз ғой, Президент шыршасын өткіздік.
Міне, сол Президент шыршасын өткізгенде Нұрсұлтан Әбішұлын алғашқы рет жақыннан көрдім. Сара Алпызқызы екеуі балалармен бірге ән салды, бүлдіршіндерге сыйлықтар берді. Рас, ол жолы Президентпен сөйлесудің сәті түспеді. Тек, балалармен бірге шыршаны айналып, бүлдіршіндерге қосылып ән салып жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызына таңдана қарап тұрғанымыз есімде.
Ал екінші рет, 1995 жылы Президентті Алматыдағы атақты «StarKlub» клубында шығармашылық жастармен кездесу өткізгенде көрдім. Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі мені де осы кездесуді ұйымдастырушылардың қатарына қосқан екен. Ол жолы да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Сара Алпысқызы екеуі жастармен жылы жүздесіп, пікір алмасты, тіпті торт кесіп жастармен емен-жарқын әңгімелесті.
Ең қызығы музыка ойналып би басталғанда болды ғой. Неге екені белгісіз, әлде сценарий бойынша солай болу керек пе, әйтеуір, музыка ойнай бастағанда залда алакөлеңке болып, қасыңдағы адамдардың да бет-әлпетін көру қиындады. Мен Президент әкімшілігінде, немесе Үкіметте қызмет істейтін азаматтардың бірін биге шақырмақ ниетпен залда отырған бір азаматты қолынан жетектеп ортаға алып шықпаймын ба?.. Ортаға шығып биге шақырған жігіттің бетіне қарасам… Нұрсұлтан Әбішұлы. Президент те «қысылма» дегендей ишаратпен билей бастады. Қанша уақыт өткенін білмеймін, шамамен бір минуттай ғана шығар, әйтеуір, қасымызда билеп жүрген Сара Алпысқызына табыстағанымды білемін. Қазір қызық болып көрінгенімен,тап сол сәтте менің қалай қысылғанымды білсеңіз ғой.
Дегенмен, жолың болайын десе аяқ астынан екенін сол жолы тағы байқадым. Кездесудің ортасына таман ортаға үлкен торт әкелініп, Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызы екеуі тортты кесіп жақын тұрған жастарға, ұйымдастырушыларға бере бастады. Қалай сәті түскенін білмеймін, Президент қолындағы тортты ұсына бастағанда ең жақын тұрған мен болып шықтым-ау деймін. Әйтеуір Президенттің қолынан торт асап жатқаным есімде. Сол сәтте фототілшілер суретке түсіріп те үлгерген ғой. Кейіннен ол сурет менің мақтанышыма айналды. Енді Президент өз қолымен күнде ешкімге торт асата бермейді ғой. Сондықтан да болар, достарым, әріптестерім сол фотоға қызыға қарайтын. Міне, осындай сәттер де болған.
Жалпы, сұрай қалсаңыз мұндай қызықты сәттерді Президенпен кездескен көптеген адамдар айта алады. Елбасымен сөйлесе қалған кез келген адам оның көпшілікте кездесе бермейтін ерекше бір қасиеті бар екендігін байқайды. Президент кіммен сөйлессе де, оны сөзін бөлмей мұқият тыңдайтындығы сондай, тек сенімен ғана сөйлесіп тұрғандай әсерде қаласың. Оның бойынан ескен жылы леп, бір тылсым күш сезіліп тұрады. Мұны тек біз ғана емес, талай атақты адамдар, ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері де талай жерде айтты ғой.
–Нұрсұлтан Назарбаев Президент болғаннан бері орын алған айрықша есте қалар оқиғаларды атаңызшы.
–Талай әңгімеге арқау болар оқиғалар көп қой. Бірақ, ең бас-тысы – Елорданы Алматыдан Сарыарқа төріне – Ақмолаға көшіру екендігін бүгінде қазақстандықтар да, әлемге әйгілі саясаткерлер де айтып жүр ғой.
Ал, ақиқатына келсек, еліміздің бас қаласын Еуразия кіндігіне, яғни, Арқаға көшіруді қолдағандар ол кезде мүлдем жоқтың қасы болды ғой. Бұл тарихи шешімнің дұрыстығына ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ғана сенді десек, ақиқаттан алыс кетпегендігіміз. Әрине, бүгінде «Ұлы көштің басы-қасында жүрдік» дейтіндер аз емес. Сол кезде ашық қарсы шықпаса да, бұрыш-бұрышта күңкілдегендер де, «ет қызуымен айтып қалған болар, іске асырудың мүмкін еместігін түсінген соң райынан қайтар» деп қолдай салғандар да аз болған жоқ. Ол үшін ешкімді кіналауға да болмайды. Сол тоқсаныншы жылдардың ортасындағы еліміздегі аһуал Елорданы көшіруді ойлайтындай жағдайда емес еді ғой. Шындыққа жүгінсек, айналдырған жиырма жылдың ішінде Сарыарқа төсінде осындай әсем қала тұрғызылады дегенге Президенттен басқа тағы біреу сенді деп айтудың өзі қиын.
Әрине, Астана әлемдегі ең әсем қала деп тым әспеттеу артық болар, дегенмен, сәулет өнерінің озық үлгісіндегі әсем ғимараттар бой көтерген, әдемілігі жағынан кез келген қаламен иық тірестіре алатын керемет шаһарға айналғандығы хақ. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл айналдырған жиырма жылда атқарылған жұмыс. Астана өзінің әсемдігімен әлі талайды тамсандырады.
–Президент күні бізден басқа тағы да қандай елдерде аталып өтіледі екен?
–Жаңылыспасам, Америка Құрама Штаттарында 1855 жылдан бері елдің бірінші президенті Джордж Вашингтон күні аталып өтіледі. Ал, Ұлыбританияда Королева күні деген мереке бар. Сондай-ақ, Голландия, Исландия елдерінде осындай мереке бар. Мүмкін тағы да басқа елдерде бар болуы мүмкін.
Жалпы, біз көп жағдайда қолда бардың қадірін біле бермейміз ғой. Сондай-ақ, жүзеге асырылған көптеген жұмыстарды қуана қабылдағанымызбен, тез ұмыта бастаймыз. Көбіне сын көзбен қарауға бейім тұрамыз. Мұның бәрін әсіресе, шетелдерге шыққанда байқаймыз. Алыс-жақын шетелдер тұрғындарының көпшілігі Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістерді жіті бақылап отырады екен. Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік қауымдастық алдындағы көптеген игі бастамаларын, өткір де, көкейкесті ұсыныстарын біледі, қолдайды. Мәселен, мен жұмыс сапарымен барған елдерде жергілікті тұрғындармен, қоғам қайраткерлерімен кездескенде «Сіздердің Президенттеріңіз Қазақстанды аз ғана уақыт ішінде өркениетті елдер қатарына қосты» дегенді жиі естиміз.
– «Арқа ажарының» оқырмандарына айтар тілегіңіз?
–Барша оқырмандарды, Ақмола облысының барлық тұрғындарын бірінші Президент күнімен және алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Еліміздің жарқын болашағы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын. Бұл орайда, әрине, әркім өзіне «Мен елімнің өркендеуі үшін не тындырдым» деген сұрақ қойып, оған жауап таба білсе деп тілеймін. Елімізде орын алып жатқан игі бастамаларға сырттай бақылаушы болмай, сол істердің басы-қасында болып, мүмкіндігінше өз үлесін қосу әркім үшін бұлжымас қағида болса ғана алдымызда тұрған ауқымды міндеттер үдесінен шыға аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра АЙСИНА.

Сұхбатты жүргізген Талғат ҚАСЕН,
меншікті тілшіміз.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар