Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жанды өлеңнің Жайнарбегі - АРҚА АЖАРЫ

Жанды өлеңнің Жайнарбегі

Тамаша бір жыр кеші өтті! Бұланды ауданында өткен бұл жолғы жыр кешінде айтылған сырдың да, оқылған жырдың да,

айтылған әннің де мәні мен маңызы да ерекше еді. Талантты жас ақын Жайнарбек Заңдыбайұлының шығармашылығына және «Бәсіре» атты жыр жинағының тұсаукесеріне арналған кеш өзінің шынайы бір шырайымен жұртшылықты тәнті еткендей болды.

«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалының қолдауымен көкшетаулық талантты жеті ақынның жеті жыр жинақтары жарық көріп, сол кітаптардың тұсаукесері Көкшетау қаласында да өткізілген болатын. Ал, енді бұландылықтар өз ақыны Жайнарбек Зандыбайұлының «Бұланды – құтты мекенім!» атты рухани шараны ұйымдастыру арқылы туған жер мен туған ұлдың мерейін асқақтатып жібергендей еді. Осы орайда осы бір кешті ұйымдастыруға ынталы болған және ақын жерлестерін әрдайым қолдап келе жатқан Бұланды ауданының әкімі Жомарт Жұмағалиұлы Нұркеновтың атына жылы да орынды пікірлер мен алғыстар орынды айтылды. Жайнарбек сынды жас таланттың шашбауын көтеріп, Көкшетаудағы да тұсаукесерге келіп, тілеулес қалың көптің арасында болған да осы Жомарт әкім болатын. Енді міне, жан-жаққа сауын айтып, талант иесінің рухани кешінің басы-қасында жүрді. Сөз сөйледі. Ақынға құрметін көрсетті.
Бұл шараны ақын Бақытбек Нұралин әсерлі жүргізіп отырды. Жыр кешінің алғашқы сөзін айттым! Тәуелсіздігімізге тәубе дедім. Тәуелсіз елімізді әлемге танытқан және де өрісімізді кеңейтіп, рухани жағынан кемелдене түсуге жол ашып отырған Елбасыға ризашылығымды білдірдім. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдулиннің 11 томдығы, Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» романының Лонданда ағылшын тілінде басылып шыққандығын, «Мәлік Ғабдуллин қазақтың Оқжетпесі» кітап-альбомның және менің де «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты кітабымның жарық көргендігін, алдағы уақытта «Көкшетау сал-серілер» сериясымен де осы өңірдің тамаша салдары мен серілерінің мұралары да жеке кітап болып шығатындығын айта отырып, қазіргі жастар поэзиясында рух бар екендігін, ендігі арада отаншылдық қасиеттің қажеттігін айттым. Әр қаламгердің басты тақырыбы – ел Тәуелсіздігі болғаны абзал!
– Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» еңбегі біздің өнеріміз бен мәдениетіміздің жаңа белеске көтерілуіне зор әсер етіп отыр, – деді жыр кешінде сөйлеген сөзінде аудан әкімі Жомарт Нұркенов. –Ежелден Балуан Шолақтың елі болып танылған бұл өлке қазақтың үні мен әніне, жыры мен күйіне сусап отырғаны бар. Осы бір кеш сол сусаған көңілдің шөлін басар деп ойлаймыз.
Жұртшылықтың алдында айтылған әкімнің бұл сөзінің түп-төркінін ұққан еді көңілдер. Жері шұрайлы, ну орманы мен айдын көлі бар және де табиғаттың өзі салған суретті де салтанатты өлкенің өзегін ұзақ жылдардан бері өзгелер жайлап, өзгелер қызығын көріп келген-ді. Ел тәуелсіздігінің арқасында сол Бұланды өлкесінің де қазақы реңі кіре бастағаны да анық. «Апыр-ау, мына Жайнарбектің жыр кеші бір кездері осы төңіректі жаңғырта ән салған кешегі Балуан Шолақ бабамыздан кейінгі қазақ өнерінің салтанаты болды-ау» деп әсерленген талайлардың шаттықты көңілдерінің де куәсі болдық.
Жайнарбек ақынның кешіне арнайы келіп, өз тілегі мен ізгі ниетін білдірген Біржан сал ауданының әкімі Ермек Бекенұлы Нұғыманов та ауылы аралас, қойы қоралас отырған кешегі сал Біржан мен Балуан Шолақ елдерінің әні де ортақ екендіктерін айта келіп, жас ақынға құрмет жасады. Бұл орынды да болатын. Кезінде осы Бұланды ауданында әкім болған Ермек Бекенұлы да жергілікті жердегі өнер иелеріне әрдайым қамқорлық жасап, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының өсуімен бірге, жас таланттардың да өсіп шыңдалуына әрдайым жақтас болып жүрді.
Ал енді кештің құрметті қонақтары кімдер болды дейсіз ғой?! Алды сонау Алматыдан келген талантты әдебиетші ғалым, ақын Ерболат Баятұлы, Астанадан ат басын әдейілеп бұрған қазақтың талантты әншісі Досымжан Таңатаров, «Шалқар» радиосының басшысы, дарынды да талантты ақын Қалқаман Сарин, қазақ поэзиясына өзіндік үнімен олжа салып жүрген ақын, Халықаралық поэзия Академиясының академигі Ербол Бейілхан, кәсіпкер Тәубежан Айтілеуов, Көкшетаудан Жайнарбектің шашбауын көтере келген, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, Жайнарбек өзіне ұстаз тұтатын Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, ақын Алмас Темірбай, «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының директоры, ұлт зиялысы Мұхиддин Төлепбай, Жайнарбектің өмірдегі де өнердегі де ақын достары Қуаныш Оспанов, Мерген Тоқсанбай, әншілер Сәрсенбай Хасенов, Сертай Нұржанов пен Өмірзақ Құрбанов өз құттықтау сөздерінде жас ақынның поэзиядағы азаматтық үнінің қалыптасып қалғандығына ерекше тоқталды. Жайнарбектің жыр кешінің жарқырай өтуіне аудандық мәслихаттың депутаты, ел ағасы Айбат Есентұров зор үлесін қосты.
Осы ретте Ербол Бейілханның «Жайнарбектің өлеңдері жай өлең емес, жанды өлең» деген пікіріне тоқтай отырып, Құдайберлі Мырзабектің «Жайнарбектің өлеңдерінде ауыл мен даланың тәтті иісі бар» деуі және де Алмас Темірбайдың өзінің соңынан ерген талай талантты жастарға қамқоршы әрі ұстаз бола білгендігін, жолдарын ашып жүргендігі халықтың көңілінен шығып, жақсы бағаланды. Қазақ эстрадасының қоңыр үнді тамаша әншісі Досымжан Таңатаров салған ән де осы жыр кешінің салтанатын жарастырып жіберген еді. Сондай-ақ, танымал «Оқжетпес» дуэтінің орындауындағы әндер де шырай берді. Қашан болсын өзінің биік азаматтық қасиетімен және иманды бір харекеттерімен ел ризашылығына бөленіп келе жатқан «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының директоры, ұлт зиялысы Мұхиддин Төлепбай тұрмыс жағдайлары төмен отбасылардың балаларына жиырма жолдаманы Жайнарбектің жыр кешінің шашуы ретінде тегін беретіндігін айтқанда, жұртшылықтың ризашылығында шек болмады. Тағы бір тағылымды жай ақын Жайнарбек осы елдің белгілі азаматы Серік Құрмашұлы Әкімбаев сыйлаған түрлі-түсті теледидарды аудандық мешітте үй сыпырушы болып еңбек ететін көп балалы анаға сыйлады. Ақын Жайнарбек сахнадан түсіп, залда отырған өз анасы Дөкей Жұмажанқызының құшағын гүлге толтырып, перзенттік мейіріммен шынайы ықылас танытуы да өнеге аларлық жай болды.
Талайға құт болған Бұландының Жайнарбек сынды бір ақыны өз елі мен өз жерінің абыройын асырып, мерейін тасытты. Алғыс алды!
Тасында тарихы бар өрнек өңір,
Кісінейді құлын жыр, кернеп көңіл.
Босағаңда жүріп-ақ тілеуіңді,
Тілейді мансап қуып көрмеген ұл, –
деп жыр көңілінің шынайы сырын туған еліне жайып салып отырған Жайнарбек ініміздің ақындық үні әрдайым асқақ естіле берсін!
Жабал Ерғалиев.
Бұланды ауданы.
Суреттерді түсірген
Төлеген Қосшығұлов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар