Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубы Францияның Лион қаласында өткен Құрлықаралық жарыстың топтық кезеңінде жеңіске жетіп, финалға жолдаманы ұтып алды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бұл осыдан 9 жыл бұрын құрылған команданың IIHF қолдауымен өтетін халықаралық жарысқа бірінші рет қатысуы. Сондықтан, бұл «Арлан» хоккей клубының облыстағы жанкүйерлері үшін ғана емес, жалпы республика үшін елеулі оқиға.
«Д» тобында өнер көрсеткен көкшетаулықтар алғашқы ойынды 17 қарашада жергілікті «Лион» командасымен өткізіп, айдын иелерін 2:3 есеп айырмасымен тізе бүктірген еді. Алаң иелерімен болған матч тартысты өтті. Кездесудің негізгі уақыты 1:1 болып тең аяқталды. Ал, буллит бойынша желестеріміз 2:3 есебімен алаң иелерінен жеңісті жұлып әкетті. Арландықтар тарапынан Петров, Мицкевич және Малевич көзге түсті. Бұдан кейін жерлестеріміз Латвияның «Курбадс» командасын овертаймда 4:3, Беларустардың «Гомель» командасын 3:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты.
Енді қаңтардың 11-13 аралығында Солтүстік Ирландияның астанасы Белфаста өтетін финалдық ойындарда арландықтар Польша, алаң иелері және Беларусь елдерінің «Катовице», «Белфаст Джайантс», «Гомель» командаларымен кездеседі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.