… Мен жұмыстан күндегіден кеш келдім. Алдымнан әдеттегідей әй бұл қайссың … Думан, Айкон, Дәу деп екі-үш немересінің атын еркелете шұбыртып қоңқа мұрнын көтеріп, бет орамалымен үңірейген көзін сүртіп, дауыстап отыратын атам бүгін жым-жырт үндемейді. Мен әдеттегідей үйге кірдім де, ақырын басып төр үйге қарай барсам атам: «Тәуба-тәуба! Аллаға мың да бір шүкір, қазақтың жарық жұлдызы туды!» – деп күбір-сыбыр болып өзімен-өзі сөйлесіп, көзінің жасын сүртіп, «сен бе едің?» – дегендей үңірейген көздерімен маған бір қарады да тағы да көзінің жасын сүртті. Мен жанына таяп барып жақын тұрған орындыққа жайғастым.
Кәнеки, менің алтын атам не істеп отыр екен, қандай жаңалығы бар екен, –деп әңгімеге тартып едім. Шоқша сақалы шошайып, көзі мөлдіреп, иегі кемсеңдеп тағы көзі жасқа толды. Қазақтың бағы жанып, жұлдызы жарқырап, айы оңынан туды, – деп кідіріп қалды. Ол не дегеніңіз, кімнің бағы жанып, жұлдызы жарқырап, айы туды? – қайталап, жайлап, жыламай айтыңызшы дедім.
–Балапаным, сендердің бақтарың бар екен, осы күнді мен ғана емес менің ата-бабам аңсап өткен болатын. Сол ата-бабамның арманы мен тілегі орындалды. Қазақ деген ел Егемендігін алып дербес мемлекет болып, Тәуелсіздікке қол жеткізді. Сонымен қатар, ол елдің басшысы дүние жүзіндегі қазақтарды атамекенге шақырып жатыр. Бұл дегенің болашақ ұрпақтың алаңсыз бақытты өмір сүруіне деген таптырмас мүмкіндігі емес пе! Менің ұрпағым болашақта өз тілінде сөйлеп, салт-дәстүрін сақтап, діні мен ділін таза ұстауы қажет. Қазақ деген ел бар деп дүние жүзіне танытатын асып туған тұлға Елбасы болып тағайындалды. Аты – Нұрсұлтан екен. Сұлтан десе сұлтан екен. Бойы еңгезердей, екі иығына екі жігіт мінсе де сыятын иықты, маңдайы кең кереқарыс, өзін сыртынан көріп-ақ таныдым. Елі үшін еңіреп туған ер екенін. Бұл дегеніміз – қазақтың аспандағы жұлдызы жарқырады, бағы жанып, айы оңынан туды деген сөз-деп атам маған түсіндіріп жатыр.
Ал, жарайды сол қазақ елі қайда? Қазақ мемлекеті қайда орналасқан деп шұбыртып сұрақты қойып жатырмын. Ой балапаным мен сенің сондай сұрақтарды қоятыныңды білдім ғой. Ол мемлекеттің астанасы – Алматы қаласы, ол қала бізден көп шақырым қашықта алыс жерде тұрады деді. Біз бас салып дүниежүзілік картадан сол қазақ даласын іздеп жатырмыз. Қазақ елінің астанасы Алматыны таптық, сонымен қатар, атам Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Ақмола, Көкшетау, Семей, – деп біраз жерді шұбыртып айтып шықты. Мен аталған қалаларды картадан таппай әлек болдым. Ал, жарайды дербес мемлекет болып, егемендігін алып жатыр делік, одан бізге қандай пайда, қалай барасыз деген сұрағыма ол елге мен емес сен барасың, менің ұрпағым барады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – деген бар емес пе! – деп тағы да сөзін анықтай түсті. Неге біз… сіз неге бармайсыз… Қазақ деген ел менің Атамекенім деп қуанып отырған сіз ғой – мен тағы бірдемені анықтап алайын дегендей сұрақтарымды тереңдете түстім. Атам тағы үнсіз ойланып отырды… Мен елімнен жырақ өстім. Басқа елде басқа ұлтпен бірге өсіп, біте қайнастым. Бірақ тілімді, дінімді, ділімді, салт-дәстүрімді сонымен қатар, Атамекен – Отанымды ұмытқан емеспін. Сол Атамекенге оралатын мүмкіндік енді туды. Осы мүмкіндікті қолдан шығармау керек. Сол Атамекенге ұрпағым жетсе менде арман жоқ … деп ауыр күрсінді. Айтып айтпай бір жылдан кейін Атамекенге деген көш басталды. Сол ұлы көшпен бірге 18-ақ жасымда сүйіктіме тұрмысқа шығып, келін болып түскен еліммен бірге мен де Атамекенге алаңсыз қоныс аудардым. Атамекенге көшейін деп ата-анаммен, жұртыммен қоштасуға төркінге барғанымда, барлық туыстарым жылап қоштасып жатты, сонда атама сіз неге жылайсыз сіздің қалауыңыз ұрпағыңызды Атамекенге жіберу арманыңыз еді ғой? – дегенімде атам күлімсіреп иә мен қуаныштымын, алаңдамай кете бер жолың болсын! Көп кешікпей қалған туыстарың да барады деді. Сонымен қатар, бар қазаққа менен сәлем айт. Сен жолың түсіп, Сұлтанға кезігіп жатсаң қолынан қысып, менің атымнан рахмет айтарсың! – деген еді. Әрине, одан бері 27 жыл болды. Ширек ғасыр өтті. Атам айтқан жарық жұлдызға кезіге алмасам да, кезігудің сәті түспесе де осы бір оқиғаны қағаз бетіне түсірудің сәті түсіп отыр. Мінеки сол атамның арманы орындалып, ұрпағы Атамекенде өз елінде, Отанында сайрандап алаңсыз өмір сүріп жатыр.
Шалғай бір елде жабығып жүрдім,
Атамекенді сағынып жүрдім.
Оралып міне, Тәуелсіз елге,
Қазақша сөйлеп, қазақша күлдім.
Жарқырап жайна Тәуелсіз елім!
Атамекен деп сені аңсап келдім.
Өзге бір елде «Сұлтан» болғанша,
Болайын сенің «ұлтаның» дедім.
Тәуба деп жүрмін, Алла деп жүрмін!
Қазақтың бағын алма деп жүрмін!
Тұғыры берік, еңсесі биік,
Елімді менің қорға деп жүрмін!
Гүлденді далам, нұрланды қалам,
Сыйлаған маған Атам мен Бабам.
Еңсеңді көтер, тәуба де Қазақ!
Осыдан артық не керек саған!
Қазақ елі 27 жылдың ішінде өркениетті елдердің қатарына қосылып, алпауыт елдермен терезесі теңесе түсті. Ол біздің Көшбасшымыз Елбасының тынымсыз еңбегі мен қайратының арқасы деп білемін.
Сонымен қатар, тәуелсіз елдің өркендеуі мен дамуы өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан да, ұрпағымыз ұлағатты, намысшыл, иманды, адал және жігерлі болса ғана ел – ел болып қалыптаса алады. Елдің болашағын ойлайтын ұл- қыздарымыздың маңдайы ашық, жұлдызы жарық болып, қазақтың жарқын болашағы үшін аянбай тер төгетін, менің атам айтқан жарық жұлдыздың дені сау, беделі биік, арманы асқақ болғай.
Сәулеш Долийқызы,
Бұланды орта мектебінің мұғалімі.
Біржан сал ауданы.