Степногорск қаласында қазіргі заманға сай жабдықталған көпбейінді жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді.
Тәуелсіздік мерекесіне орай, төртінші шағын ауданда ашылған алаңда жасөспірімдер мен балалардың ашық аспан астында спортпен жаттығуына болады. Алаңда оннан астам спорттық құрал-жабдықтар орнатылған. Нысанның құрылысына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы «Менің елім» әлеуметтік жобасы шеңберінде демеушілік көрсетті. Салтанатты шараға Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан
Баяхметов, «Қазатомөнеркәсіп КҚЗ БК» серіктестігінің директоры Төлеужан Жексембаев және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының өкілі қатысып, қала тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
Аталмыш жоба қаладағы балалар мен жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.