Еліміздің Ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 36 ақмолалықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Бұл – еңбегімен ел игілігін еселеп жүрген жандар үшін үлкен қуанышты оқиға болды. Осы жолғы марапатталғандар тізіміне қарап, бүкіл халық қуанды десек, артық емес. Оның да өз себебі бар. Өйткені, бұрнағы жылдардағы марапаттарда көбіне Отанымыздың мұндай наградалары билік басындағы басшы азаматтарға бұйырып, қарапайым еңбек адамдары қалыс қала беретін еді. Осы бір ел арасында әртүрлі пікірлер туғызған үйреншікті үрдіс соңғы үш-төрт жылдың көлемінде ептеп өзгеріп, еліміздің орден-медальдары күн-түн демей егіс алқаптарында, мал фермаларында еңбек етіп жүрген қарапайым азаматтарға да бұйыра бас-тады. Сөйтіп, тізімнің арасынан олардың да қарасын көріп, соған шүкіршілік ететін болдық. Неге десеңіз, әлмисақтан басты еңбек туған жер игілігі үшін маңдай терін төгіп, ел ырыздығын өз қолымен еселеп жүрген осындай жандардың еңбегі емес пе?!
36-ның наградасы – ел игілігі жолындағы еңбектің жемісі
Ендеше, бұл жолы Ақмола облысына тиесілі тізімде әр деңгейдегі әкімдер көрініс бермей, қатардағы шаруашылық басшылары, оқу орындарының ұстаздары, жұмысшылар, фермерлер, мал дәрігерлері, өнер қайраткерлері, тағы басқа да осындай еңбек адамдарының мерейі үстем болғандығы құптарлық жай. Әрине, мұнымыз өз өңірлерін басқаруда белгілі бір жетістіктерге жетіп жүрген әкімдер награда алмасын дегеніміз емес, қайта сол марапат мүмкіндігінше халықтың өз ортасынан шыққан қарапайым жандардың омырауын жарқыратсын деген ақжолтай тілегіміз. Осы тұрғыдан алғанда, Ақмола облыстық әкімдігі дұрыс бағыт ұстанған деп айтуымызға толық негіз бар сияқты.
Сонымен, аймағымызда мемлекеттік наградаларға кімдер ие болды және ел алдында сіңірген қандай еңбегі үшін? Осы сауал да өз-өзінен сұранып тұрған сияқты. Соған газет бетінде нақты дәлелдермен аздап жауап беріп көрелік.
«Парасат» ордені
Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті Сағынтай Елубаев ақмолалықтарға тиесілі осы орденнің биылғы жалғыз иегері болып, марапатталды.
Облысымызға белгілі осынау тұлға үшін биылғы жыл шын мәнісінде жемісті болды. «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағына ие болып, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланды. Әрі «Парасат» – екінші ордені. 2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған. Бұл – Сағынтай Зекенұлының көп жылғы ғылыми-оқытушылық және қоғамдық еңбегінің лайықты бағаланғаны. Ол Солтүстік Қазақстанда агрохимия саласы бойынша ірі ғалым болып табылады. Оның тікелей басшылығымен осы аймақта қара топырақты егіс айналымына енгізілетін тыңайтқыштар жүйесі жасалған. Сондай-ақ, ғалым индустриялдық-инновациялық дамудың Ұлттық бағдарламасына сәйкес ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту жөніндегі ғылыми бағдарламалар жобасын жасауға қатысқан. Мұнымен бірге, Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі болып табылады. Мұның өзі С.З.Елубаев атқарып келе жатқан игі жұмыстардың тек бір бөлігі ғана. Белгілі азаматтың қоғамдық өмірдегі белсенділігін де көзі қарақты оқырман білуі тиіс.
«Құрмет» ордені
Бұл орденмен биыл Целиноград ауданындағы «Шаңырақ» басқарушы компаниясы» серіктестігі бақылаушы кеңесінің төрағасы, Максим Владимирович Божко, Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігі бас директоры Құдайбергенов Арман Ғалымұлы, Ақмола облысы «Көпсалалы облыстық аурухана» бөлімшесінің меңгерушісі Мінайдаров Нұрлан Сәбитұлы, Степногорск қаласындағы «Астана-Нан» серіктестігінің бас директоры Сәрсембаев Мұрат Жүнісұлы, Бұланды ауданындағы «Макинская птицефабрика» серіктестігінің мемлекеттік органдармен өзара әрекет ету жөніндегі қызмет директоры Тоқсейітова Рәбиға Әлібекқызы марапатталды. «Құрмет» орденімен марапатталған осы төрт ақмолалықтың бәрі де өз салаларында белгілі жандар. Солардың ішінен бәрін атай бермей, тек екі адамға тоқталсақ, Арман Құдайбергенов басқаратын Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» шаруашылығы қай жағынан алсақ та көпке үлгі боларлық өндіріс орны. Демек, жоғары награда лайықты түрде өз иесін тапқан. Ал, көпсалалы Ақмола облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Нұрлан Мінайдаров жас болғанымен, жүздеген адамның жүрегіне ота жасап, аяғынан тұрғызған өз ісінің майталманы. Осындай дәрігерлердің еңбегі лайықты бағаланғанын тек құптау керек.
III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені
Елбасының жарлығымен III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталғандар:
Жарқайың ауданындағы «Костычев атындағы» серіктестігінің механизаторы Өске Тасқынбай Әбдуәлиұлы, Көкшетау қаласындағы «Тыныс» АҚ механожинақтау жұмыстарының слесарі Стадницкий Василий Васильевич, Зеренді ауданындағы «Викторовское» серіктестігінің механизаторы Уфимцев Олег Викторович.
Кешегі Кеңес Одағының кезінде де үш бірдей дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені болушы еді. Оны омырауына таққандарды да былайғы жұртшылық нағыз еңбек өрендері деп білетін. Сол дәстүр қазіргі уақытта да өз жалғасын тауып, үш жұмысшымыздың ІІІ дәрежелі осы орденге ие болғандығы қуантады. Олардың қол жеткен жетістіктеріне аздап тоқтала кетсек, Жарқайың ауданындағы Костычев атындағы серіктестіктің механизаторы Тасқынбай Өске жыл сайын егін орағында еселі еңбегімен абырой биігінен көрініп келе жатқан азамат. Биыл ол 1500 гектар алқаптың егінін жинап, 1500 тонна астық бастырған. Ал, көктемде өңдегені, сепкені бар, барлығы 2500 гектар жердің жұмысын бір өзі атқарып, оған қоса, 1300 гектар сүдігер көтерген.
Көкшетау қаласындағы «Тыныс» акционерлік қоғамының слесарі Василий Стадницкийдің осы зауыттағы еңбек өтілі 40 жыл. Жыл сайын кәсіпорынның өндірістік дамуына зор үлесін қосып келеді.
Зеренді ауданы «Викторовка» шаруашылығының механизаторы Олег Уфимцев болса, 2015 жылдан бастап егін орағында көштің алдын бермеуде. Айталық, 2017 жылы 2393 тонна астық бастырса, биыл да әуелі 13505 гектар алқапты химиялық өңдеуден өткізіп, одан әрі егінді дестеге жығуда озық көрсеткіштердің бірін иеленген.
«Ерен еңбегі үшін» медалі
14 ақмолалық биыл «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Есіл ауданы «Жасыбай ХХІ» серіктестігінің директоры Қайрат Әділбеков, №2 Жақсы орта мектебінің мұғалімі Бану Бәйкенова, Атбасар ауданы «Шуйское ХХІ» серіктестігінің директоры Алтынбек Құрманқұлов, Ерейментау аудандық «Мал Аман» мекемесінің мал дәрігері Мағзұм Рахымов, Жақсы ауданы «Агрофирма «ТNК» серіктестігінің бас агрономы Григорий Седов сияқты азаматтарға беріліп отыр.
Осы марапатқа ие болғандардың бәрінің де марапаттау парақшасына үңілсек, еңбектері осы наградаға лайық жандар. Басшылық қырларымен шаруашылық жұмысын өрге сүйреген, өз мамандықтарының майталманы ретінде көзге түскен. Араларында спортшы да ұмытылмапты. Мәселен, осы медальға қол жеткізіп отырған Алина Коломиец Щучинск қаласының тумасы. Биатлоннан Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі болып табылатын ол 2016 жылы әлем біріншілігінде сегізінші орыннан, ал, қысқы Азия ойындарында екінші және үшінші орындардан көрінген. Бұған қоса, биылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері. Яғни, медальға татитын еңбегі баршылық.
Мемлекеттік наградалар қатарына жататын «Шапағат» медалімен әдетте жан дүниесін ізгі мұраттар тербеп, қайырымдылық шараларына белсене қатысатын басшылар мен жеке кәсіпкерлер марапатталады. Осы орайда, Целиноград ауданындағы «Дак-құрылыс» серіктестігінің бас директоры Қанат Жәкенов не істеді десек, 2017 жылы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде Отаутүскен ауылында осы заманғы елу орындық бастауыш мектеп салып берген. Мұның алдында сол ауылда балаларға арнап екі миллион теңгенің ойын алаңын тұрғызған. Көпбалалы отбасыларға да көмегі елеулі. Алдағы уақытта сол Отаутүскенде спорт залын салып беремін деп отыр.
Ал, Ақкөл ауданынан жеке кәсіпкер Лиза Хамхоева өз қаржысына Кеңес ауылының клубын жөндеп, Көкшетау қаласындағы мешіт пен шіркеу құрылыстарына екі миллион теңгенің көмегін көрсетіпті. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына басқа да көмек-қолдауы жетерлік.
Осы күні әңгіме қайырымдылық, соны білгендік туралы бола қалғанда, Зеренді ауданындағы «Азия Агрохим» серіктестігінің директоры Борис Козловтың да есімі көптің аузында жүр. Уәли ханның мазарын жаңартуға қосқан жеке үлесінің өзі неге тұрады?! Бүгінгі заманда мұндай мейірімділік сөз жоқ, керек-ақ. Сосын да «Шапағат» медалін алғандарға көбірек тоқталып жатырмыз.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ақмолалық һәм көкшелік әдебиет пен мәдениет қызметкерлері арасынан осы жолы Ақмола облыстық Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының жоғары санатты әртісі Құмарбек Қалқатаевтың мерейін үстем етті. Орынды-ақ! Бір өзі әнші-сазгер, шебер актер, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өнердегі биіктерін көпшілік біледі.
Жүрекке жылы тиіп, көңілге көктемдей әсер ететін мемлекеттік наградалармен марапатталғандар тізімін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына ие болған өрендеріміз қорытындылап отыр. Әзірше дейміз. Өйткені, келер жылдары да Отан алдында еңбегі барларға лайықты марапаттардың болары сөзсіз. Әзірге бұл жолғы Құрмет грамотасы иегерлеріне де көңілдің толатыны анық. Солардың ішінде екі мұғалім, бір аспаз бары да биылғы жылы қатардағы еңбек адамдарының маңдай тері көбірек бағаланғандығының тағы бір айғағы.
Біржан сал ауданы Казгородок орта мектебінің директоры Алма Бекенова қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Елжас Бекеновтың ұлы Болат ағамыздан қалған тұяқ екенін білуші едік. Бір құптарлығы, өзінің де осы ауданның бір бетке ұстар азаматы болған әкесіндей жақсы аты шығып жатады.
Ғалия Иманғалиева Бұланды ауданындағы арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығының аспазшысы екен. Өз міндетін мінсіз атқаратын ол бір ауысымда 120 адамды тамақтандырып үлгеретін көрінеді.
Тізімде тағы бір ұстаз – Көкшетау қаласындағы №13 экологиялық мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Асылжан Исабаева да бар. Марапаттау парақшасын саралап отырсаңыз, бұл ұстаздың да шыққан биігі зор. Жарлықта қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің еленгені ана тіліміздің ескерілгені деп білсек, қате кетпейтін сияқтымыз.
Міне, Елбасының Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін наградталған 36 ақмолалықтардың өзіміз аздап шолып өтсек деген марапатталғандар тізімінің кейбір бедерлі тұстары осы. Еселі еңбек түбі бір жемісін татырмай қоймайды. Олай болса, Мемлекеттік наградаларыңыз құтты болсын!
Қ.КӘКЕНОВ.