Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атыңды ел есінен шығармайды - АРҚА АЖАРЫ

Атыңды ел есінен шығармайды

Адамның ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғанымен, оны мәнді өткізу әркімнің таудай талабы мен іскерлік қабілетіне байланысты. Ал, көздеген мақсатқа жету үшін кәсіби шеберлігіңді шыңдап, әрдайым ізденіс үстінде болу керек. Сонда ғана абыройың асқақтап, елдің шексіз құрметіне бөленесің. Пешенесіне бұйырған дарынымен оқырманының ілтипатына бөленген тұлғалы азаматтың бірі, сөз жоқ, ақын-журналист Айдархан Кәріпханов дер едім. Оның баспасөз саласындағы шығармашыл ізденістері жайлы айтпастан бұрын, әңгімені алғашқы таныстығымнан бастағанды жөн көріп отырмын.
1966 жылы Көкшетау қаласындағы алғашқы жоғары оқу орны – Шоқан Уәлиханов атындағы педагогикалық институтты бітіріп, арнайы жолдамамен Еңбекшілдер ауданындағы Сәуле мектебіне мұғалім болып келдім. Ауылды жерде баспана тапшы болғандықтан, Айтжамал Бейсебаева апайдың үйінде пәтерге тұрдым. Пейілі кең асыл жан туған анамдай қамқорлық құшағына бөледі. Өзім де ауылда өскендіктен, жергілікті тұрғындармен, әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім.
Қыркүйектің жаймашуақ күндерінің бірінде институтта бірге оқыған досым, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің чекисі Сайлаубай Ыбыраевтың іздеп келмесі бар ма? Жанындағы орта бойлы, қара шашын шалқасынан қайырған ақсары жігіт таныса келе, Еңбекшілдер ауданының «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары Айдархан Кәріпханов екенін білдім.
Көп кешікпей таныстығымыз туыстыққа ұласты. Айдархан ағайдың асыл жары Раушан Қазиқызының сіңлісі Дәметкенмен дәм-тұзымыз жарасып, шаңырақ көтердік. Дәметкен болса жездесін өмір бойы әтәй деп құрметтеп өтті. Осылай елу жылдан астам қызығымызды да, ренішті де бірдей бөлісіп, бір-бірімізге тілектес, сүйеу бола білдік.
Қаламының ұшқырлығымен қоғамда болып жатқан құбылыстарға дер кезінде үн қосып, өзінің азаматтық көзқарасын таныта білген ұлтжанды азамат Айдархан Кәріпхановтың ғұмырнамасы қилы-қилы кезеңдерге толы. Қазақтарды да қайғы-қасіретке ұшыратқан Ұлы Отан соғысы талай боздақтарды жалмап, әйелді жесір, баланы жетім қалдырған жоқ па?! Осындай тағдырдың тауқыметін алты жасар Айдархан да бастан кешірді. Әкесі Кәріпхан мен оның інісі Әміре майдан даласында шәйіт болды. Анасы Ратай Ахметқызы тұрмыстың барлық ауыртпалығына өзінің қажыр-қайратын қарсы қоя отырып, үш ұлына аштық-жалаңаштық көрсетпей, аман-есен өсірді.
Орта мектепті бітірген соң, колхозда есепші болып істеді. Шаруашылықта жұмысшы күші жетіспегенде машинамен жүк тасып, комбайн штурвалына да отырды. Ауыл еңбеккерлерінің іс-қарекеті көзі қарақты талапты жігіттің назарынан қалмай, аудандық «Колхоз жолы», облыстық «Көкшетау правдасы» газеттеріне хабар-ошар жазып тұрды. Жазуға бейімділігін байқаған ауыл тілшісі облыстық газетке қызметке шақырылады. Міне, осылай 1960 жылдан бастап журналистика саласындағы абыройлы да, мәртебелі қызметі бастау алды.
Айдархан ағай бас редактор Өміржан Оспановтың, бөлім меңгерушісі Жанәбіл Темірбеков, тілшілер Марат Әкпаров пен Елубай Жәкеновтың әріптестік қамқорлығын жиі-жиі еске алып отыратын. 1963 жылы Тың өлкесінің құрылуына байланысты қазақ тіліндегі облыстық газеттер, мектептер жабылып қалды. «Көкшетау правдасы» газетінің қызметкерлері Уәп Рақымжанов, Жанайдар Мусин мен Айдархан Кәріпханов Еңбекшілдер ауданына жіберілді. Алайда, Уәп пен Жанайдар бір жылдай ғана істеп, Ақтөбе, Қостанай облыстық газеттеріне басшылық қызметке жоғарылатылды. Аудандық «Коммунизм жолы» газетінің тізгіні Сәкен Әділбаевқа бұйырды. Ал, Айдархан ағай редактордың орынбасары болып бекітілді.
Баспасөз саласында он жылдай істеп, тәжірибе жинақтағанымен, кәсіби біліктілігін жетілдіру қажет болды. Жастау кезінде Петропавл қаласындағы Ушинский атындағы педагогикалық институттың тіл-әдебиет бөлімінде төрт жылдай сырттай оқығанымен, денсаулығына байланысты оны бітіре алмады. Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің жолдамасымен Алматы жоғарғы партия мектебінде оқыған төрт жылда да қолынан қаламын түсірмей, аталған оқу орнының «Лениншіл» газетіне редактор болды. Өзіне жүктелген қоғамдық жауапты жұмысты абыроймен атқарып, кәсіби шеберлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды.
Облыс басшылығы білікті маман ретінде оны 1974 жылы жаңадан ашылған Уәлиханов аудандық «Шалқар», «Простор» газеттеріне редакторлық қызметке жібереді. Баспасөз ел өмірінің айнасы болғандықтан, ауданның алдында тұрған міндеттерді зерделеп жазуда редактор Айдархан Кәріпханов жетекшілік еткен қос редакцияның қызметкерлері шығармашылық ізденіс таныта білді. Газет қызметінің барлық ауыртпашылығын абыроймен атқарып, жілік майын шаға жүріп өзінің жеке шығармашылығын да назардан тыс қалдырмады. Еркін көсілуге денсаулығы мүмкіндік бермесе де, «Мен де бір жан ой сортаңын ащылаған», «Ата, сағынып жүрміз», «Тегіңді білу де тектілік» кітаптарын жазды. Бұл шығармалары ел мен жердің тағдыры, ауыл өмірі, шыққан тегі жайлы сыр шертеді.
Болмыс-бітімі бөлек, көрнекті қаламгер, қадірменді бажам Айдархан Кәріпхановтың дүние салғанына да бір жылдың жүзі болып қалыпты-ау! Желтоқсанның 23-ші жұлдызында 13.00 сағатта «Түркістан» мейрамханасында аяулы азаматтың жарқын бейнесіне тағзым етіліп, дұға берілмекші. Ағайын-туған, әріптестеріне қамқор да, сыйлы да бола білген ардақты азаматтан айырылу жалғыз ғана оның отбасы, аяулы жары Раушан Қазиқызы, сүйікті ұлдары Асқар мен Айбекке, келіндері мен немерелеріне қандай қиын болса, туыс ретінде біздің де қабырғамызды қайыстырып кетті. Азаматқа деген шынайы құрметімді білдіре отырып, ойымды Айдекеңнің «Ұқсар бір кез елеске» деген өлеңінің бір шумағымен аяқтағанды жөн көріп отырмын.
Өлдің қалдың, бәрі бірдей, бай мен кедей теңескен,
Өлмейді бірақ, рухтар тірілерге жебескен.
Қабірімді әлдилер даламның жылы лебі ескен,
Шығармаса болғаны, рухымды менің ел естен.

Сен бар жерде

Аяулы жарым Раушан Қазиқызына

Тірек болған, білек болған қуаты мол қарымсың,
Ағайынның татулығын ұстай білген дарынсың.
Гүл сыйласам – қыз сыйлаған, ұл сыйлаған қолдағы,
Байлығым да, бақытым да бір өзіңсің – барымсың!

Намысыңа қол тигізбес, тау бұлағы арынсың,
Сен жомартсың, жұрт та сенен неменесін тарынсын?!
76-ың құтты болсын, отау құрған 55 жыл,
Айдарханның ақ тілегі – жүректегі барым шын.

Ұзақ ғұмыр, биік тұғыр – көтерілген бұл жасың,
Бесін емес, екінді емес, кеш кірген бір мұнартып.
Кемел жасың – ашық аспан, жарқылдаған тал түсің,
Екі атаның енді қалған үлкенісің – жалқысың.

Еңбекпенен күн батырып, қарсы аласың әр таңды,
Ұмытпайсың құдай жолын – діндарлығың тағы бар.
Аруаққа да айт күндері арнайсың сен «әлқамды»,
Ағайынмен, абысынмен, туыстармен тіл тауып.

Сен өткізіп келе жатсың сыйластықпен ортаңды,
Тіршіліктің теңізінде еркін жүзген кемесің.
Алғы күндер көрсетпегей қайғы-мұңның елесін,
Саулық болсын, ұрпағыңның қызығын көр, жасай бер,
Аман сақтап бар пәледен құдай өзі жебесін!

Айдархан КӘРІПХАНОВ.
2016 жыл.

Еске алушылар, Біржан сал ауданының құрметті азаматы, білім беру ісінің үздігі Қабиден Омаров, Дәметкен Қазиқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар