Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ ойшылдары иман турасында - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ ойшылдары иман турасында

Иман ұғымы әр қазаққа етене жақын және таныс. Бата берілсе, ақсақалдар «Алла тағала тіріге береке, өліге иман берсін» деп жатады, ал жақыны қайтыс болған адамға «Марқұмның иманы жолдас болсын, иманды болсын» деп көңіл айтылатыны белгілі. Демек, иман пенденің Жаратушысы алдындағы ең үлкен байлығы, қияметтегі азығы. Ал, біз осы сөздің мағынасын қаншалықты жақсы түсінеміз, міне сол туралы бүгін ой жүгіртсек және иман түсінігін саралап, ойшылдарымыздың қаламынан шыққан еңбектеріне үңілсек.

Жалпы, иман ұғымы пайғамбарымыз Мұхаммедтің Алла тағала тарапынан жеткізген сөздерін қуаттау, айтқанын қабыл ету, күмәнға жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағынаны береді. Иман еткен адамды «момын» дейді.
Абайдың қара сөздерінде «иман» сөзі 48 рет, «момын» сөзі 6 рет, «мұсылман» сөзі 15 рет кездеседі екен. 13-ші қара сөзінде Абай атамыз: «иман деген Алла табарака уа Тағаланың бірлігіне, барлығына, пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, илану» деп түсіндіреді. Бұл иманның жалпылама анықтамасы. Әр нәрседе адамдар мен заттар деңгейге бөлінген сияқты, иманның да әлсіз немесе күшті деген сияқты деңгейлері болады. Бұл жайында Ыбырай Алтынсарин атамыз «Мұсылманшылық тұтқасы» деген еңбегінде, ұлы Абай 13-ші қара сөзінде, Шәкірім Құдайбердіұлы «Мұсылманшылық шартында» айтып өтеді.
Иманның түрлері мынадай:
– Ижмали иман;
– Тафсили иман;
– Тақлиди иман;
– Тахқиқи иман.
Ижмали иман дегеніміз, бір ауыз сөзбен пайғамбарымыз Мұхаммедтің Алла тағала тарапынан әкелген барлық нәрсесіне сену. Бұл иман етудің ең қысқа жолы. Мәселен, иман айтқанда «Лайлаһаилалла Мұхамед расул алла» дейміз … (Шәкірім Құдайбердіұлы «Мұсылманшылық шарты», 4-бет). Бұл кәлима таухид деп аталады.
… Мұсылманшылығымызға бас куәлік – сөзіміз немесе араб тілінше шәһәда — иманымыз «әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ уәәшһәду әннәмухаммәдән абдуһү уәрасулүһү» болса керек. Яғни, «куәлік беремін: жоқ-ты бір Құдайдан бөтен Құдай және куәлік беремін, Мұхаммед оның құлы һәм елшісі екендігіне деп, шариғат мағынасы растағанда ол иманды көңілмен растамақ… (Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасы», 2-бет). Бұл кәлима шахада деп аталады.
Тафсили иман дегеніміз – иман етілетін, яғни, сенуі, илануы керек болған нәрселердің әр қайсысына жеке-жеке сену деген сөз. Бұл иман түрі иманның ең ауқымдысы. Мәселен, …«иландым Алла тағалаға, һәм періштелеріне, һәм кітаптарына, һәм расулдарына, һәм ақырет күніне, жақсылық-жамандық Алла тағаланың тағдырынан екеніне, һәм өлген соң тірілмегімізге» … (Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасы», 3-бет).
Тақлиди иман дегеніміз – әке-шешеден, ұстаздан естіп, үйрене отырып, келтірілген иман. Мәселен, …«өз ақылымен Құдайды танымайынша, ата-бабаларының ұстап келе жатқан жолы ғой деп иман келтіргендердің иманы болар. Әрине, бұл иман надан халықта болады, соның үшін ең әлсізірегі болса керек»… (Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасы», 3-бет).
… Алла тағалаға біреуден үйреніп яки ата-бабаның жолыменен ұғып нанып иман келтірген кісі де мұсылман болады … (Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылманшылық шарты», 5-бет).
Тахқиқи иман дегеніміз-дәлелдер арқылы Алланың бар және бір екеніне иман ету. Сондай-ақ, Алланың жер бетіне жіберген діні ислам дінін барлық жағынан шынайы деп қабылдай отырып иман ету. Мәселен, … «иман тахқиқи дегеніміз сондай иман хазіреті Расул (Алланың елшісі Мұхаммед с.ғ.у – автордан түсініктеме), Алла тағаланың жанбунан алып келген бұйрықтарын бекер деп бүтін дүние жұрты сөйлеп тұрса да, ол жақсы адам, сол растаған қалпынан көңілі заррадай қозғалып қайтпас. Бұл иман – кәміл иман, Құдай тағала қасында зор мәртебедегі адамдардың иманындай». (Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылық тұтқасы», 2-бет).
Қорытындылай келе, иман кемелдігі адамның білімі, ықыласы, сенімінің орнықтылығы мен амал ету дәрежесіне байланысты екендігін ұғуға болады. Аталған иман деңгейінің кез келгенін меңгерген адам мұсылман болып саналады. Қазақ руханиятына зор үлес қосқан Абай, Ыбырай, Шәкәрімдердің еңбектерін зер салып оқып, зерттеу діни тұрғыда халық сауатын арттыруға үлес қосатыны анық. Сондықтан, ата-баба мұрасын игерсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Данияр ТОҚСАНБАЕВ,
«Насихат» кеңес беру — оңалту орталығы қоғамдық бірлестігі
директорының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар