Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарының қорытындылары туралы брифинг өткізді.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында Ақмола облысында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Біз өз жұмысымызды бағдарламалық мақалада белгіленген алты негізгі бағытта жүргізіп келеміз. Биылғы жылы біраз шаруалар атқарылды. Осы істелінген жұмыстарды халыққа жеткізуге байланысты Президент әкімшілігінен арнайы тапсырыс түскен болатын. Сондықтан, қоғамдық ортада теріс пікір тумас үшін нақты істелінген шараларды дұрыс көзқараспен жеткізуге бәріміз де мүдделіміз, – деді басқарма басшысы Гүлжанар Шөкеева.
Брифингте сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы Серік Ысқақов және облыстық білім басқармасының бас маманы Марина Ли облыстың киелі орындары мен музей, мектеп, жоғары оқу орындарындағы осы бағыттағы атқарылған жұмыстар жайында айтып берді.
Жыл бойына арнайы жоба аясында ең маңызды деген жеті кітап басылып шықты. Лондондағы «Қазіргі әлемдегі қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы шеңберінде Сәкен Жүнісовтың «Zamanai and Amanai» романы ағылшын тілінде жарық көрді. Жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш» және «Ақан сері» кітаптары, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылған «Жер жәннаты», Кеңес Одағының Батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің шығармаларына арналған 11 томдық жинақ пен профессор Қадыржан Әбуевтің библиографиялық очерктері оқырмандардың қолына тиді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.