«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Аршалы ауданында болып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа жыл мерекесіне қатысты және бүлдіршіндерге сый-сияпаттар тарту етіп, мерекелерімен құттықтады.
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өткізілген шараға мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Мәулен Әшімбаев партияның «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша атқарып жатқан жұмыстарының басым бағыттарына назар аудара келе, жаңа жыл шыршасына жиналғандарды мерекелерімен құттықтады.
– Бүгінде Елбасымыздың тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жастардың сапалы білім алуына, олардың жұмыспен қамтылып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына және елімізде кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз. Қазір осы бағыттар бойынша көптеген тың идеялар жүзеге асырылып жатыр. Аталған жұмыстар тек орталық деңгейде емес, ауыл-аймақтарда да сәтті іске асырылуда. Біздің бүгінгі мерекелік шарамыз соның жарқын көрінісі. Жаңа жылда арман-мақсаттарыңызға жетіп, биіктерден көріне беріңіздер, –
деді Мәулен Әшімбаев құттықтау сөзінде.
Шара барысында ертегі кейіпкерлері түрлі қойылымдар қойып, жаңа жылдық кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалыс-ты. Өз кезегінде балалар да белсенділік танытып, елордалық меймандар алдында өнерлерін паш етті. Осындай керемет кештің өткізілгеніне және балаларының нағыз мерекелік көңіл-күйге бөленгеніне ерекше қуанған ата-аналар «Нұр Отан» партиясына айрықша алғыстарын жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.