Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмоладан бастау алған иманды бастама - АРҚА АЖАРЫ

Ақмоладан бастау алған иманды бастама

келер жылы еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асырылмақ

Таяуда мұсылмандардың қасиетті айы Мәуліт мерекесіне орай өткізілген алқалы жиында жиналған көпшіліктің алдында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Ақмола облысы бойынша өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит өз қолымен екі бөлмелі пәтердің кілтін алты баланың анасы Алмагүл Еркінбековаға табыс етті. Күйеуі бірнеше жыл бұрын автокөлік апатынан қайғылы қазаға ұшырап, алты баламен жесір қалған әйел осы күнге дейін баспанасыздықтың зардабын тартып келген еді. Екі бөлмелі жайлы пәтердің кілті қолына тиген кезде адамдарға деген ақ алғысын айтып тұрып, шыдай алмай жылап жіберген. Шынында да, бұл баспаналы болудан әбден күдерін үзген келіншек үшін көктен түскендей күтпеген жүрекжарды қуаныш болып еді…

Бәрі де 2012 жылы сол тұстағы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісалының тұсында басталған. Сол кезде мешіттердің жанынан мұқтаж адамдарға қайырымдылық көмек көрсететін «Зекет» қоры құрылып, жұмысына кіріскен болатын. Алғашында қайыр-садақаға жиналған ақшаны мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге бағыттайтын қордың жұмысының ауқымы кейін келе кеңейіп, тек мұқтаж адамдарға түрлі көмек берумен ғана шектелмей, «Мектепке жол» сияқты акцияларға да белсене қатыса бастады.
Ақмола облысының «Зекет» қоры биылғы жылы Құрбан айты күндерінде ғана 25 тоннадай етті күнкөрісі нашар отбасыларына тегін таратқан екен. Ал, «Мектепке жол» акциясы аясында 1000-ға тарта балаға сөмкесімен бірге қажетті оқу құралдарын сатып әперіпті. Оған қоса, тұрмыстары төмен жандарға қажетті көмір, ұн, картоп сияқты азық-түлік сатып әперу де дәстүрге айналған.
– Биыл көктемде Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбиттің бастамасымен облысымызда «Ел үлесі – пәтерге» жобасы қолға алынған еді. Жобаның мақсаты баспанасы жоқ, тұрмыстары төмен көп балалы отбастарына халық болып жиналып, қайырымдылық көмек көрсетіп, үй сатып әперу, – дейді «Зекет» қорының жауапты өкілі Ерболат Шәріп.
Атап өту керек, мұндай жоба Астана, Алматы қалаларында да қолға алынып, бірақ нақты нәтижеге жете алмай орта жолда тоқтап қалған екен. Ал ақмолалықтар табандылық танытты. Бұған бәлкім, осы жобаны ұйымдастырушы Науан хазірет атындағы орталық мешіт басшылығы мен «Зекет» қорының жұмысын біраз жылдан бері жүргізіп келе жатқан, бұл салада жақсы тәжірибе жинап қалған Ерболат Шәріптің іскерлік ұйымдастырушылығы да игі ықпалын тигізген шығар, кім білсін.
– Ең алдымен біз жарнамалық жұмыстарды қолға алдық, – дейді қордың жауапты өкілі. –Жұма намазына келген жұртшылыққа жаңа жоба туралы айтып, сауапты іске атсалысуға шақырдық. Көкшетау қаласындағы мешіттердің бәрінде «Ел үлесі – пәтерге» деген арнайы жарнамалық тақта дайындап, мөлдір түсті пластиктен жәшік жасатып, ақша соған салынатын болды.
Қазақ-орыс тілдерін жетік білетін, үлкенге де, кішіге де ізетті, жұмысын жанын салып істейтін елгезек жігіттің ісі бірден алға басқанын айта кеткен артық болмас. Сауапты іске қатысуға тілек білдіргендер қатары күн санап өсіп, жәшіктегі қаржы көлемі көбейе түсті. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде баспана алуға жететін ақша да жиналды. Бұл арада, Көкшетаудағы пәтер бағасының Алматы, Астанамен салыстырғанда біршама төмендігі де игі ықпалын тигізгені анық. Десе де, астаналық облыстың орталығындағы үй бағасы да екінің бірінің қалтасы көтере қоймайтын дәрежеде екендігін де ұмытпаған жөн болар.
Осы орайда, қала іргесіндегі бұрынғы аудан орталығы болған, қазір қалаға қарайтын Краснояр кентіндегі 1990-шы жылдардағы қиын кезеңде жұрт көшіп кетіп, қаңырап қалған соңғы жылдарда қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған бұрынғы Октябрьдің 50 жылдығы көшесінде орналасқан екі қабатты үйлердегі пәтер бағасы жаңа жобаны жүзеге асыруға біршама қолайлы болғаны даусыз. Мұндағы пәтерлер ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілмеген күйде арзандау бағаға сатылатын. Халықтан жиналған қаржыға сол үйлерден екі бөлмелі пәтер сатып алынып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Заман талабына сай еурожөндеу жұмыстары жасалып, жаңа жиһаз сатып алынған соң пәтер көз тартарлық тамаша баспанаға айналды.
Ерболат Шәріп айтады: Жақсы бастама әлдекімдердің мүддесіне қызмет жасап, бармақ басты, көз қыстымен тамыр-таныстыққа орын беретін шараға айналмас үшін алдын ала елге танымал беделді адамдардан құралған төралқа құрылып, баспананы кімге беру мәселесін солар шешетін болды. Бұндай жағдайда ешқандай да бұра тартушылыққа жол берілмесі анық-ты.
Шынында да, ақсақалдар кеңесі сенім үдесінен шыға алды. Пәтерді кімге беру керек деген мәселе төңірегінде біраз пікірталас болса да, ақсақалдар кеңесі ақырсында бірауыздан 7 баласы бар Монғолиядан келген оралман, күйеуі қайтыс болған жесір әйел Мәуленгүл Тарбахқа берілсін деген ұйғарым жасады. Алқа мүшелерінің бұндай ұйғарымға жеті балалы ананың баспанасыздықтан тұрмыс тауқыметін тартқан жағдайын көзбен көрген соң ғана келгендігін атап өткен артық болмас. Барақ тәрізді жекшелендірілген жатақхананың аядай жалғыз бөлмесін жалдап алып тұратын көп балалы ананың жайы өте ауыр еді. Қала әкімдігінде үй алу кезегіне қойылса да, жуық арада баспаналы болу мүмкіндігі жоқ жесір әйел шындығында үмітсіз күн кешіп келген екен. Осындай жағдайдағы отбасы мұсылмандар үшін аса қасиетті Рамазан айының алғашқы күні өткізілген «Қош келдің, Рамазан» атты шара барысында екі бөлмелі жайлы пәтердің кілтін алғанда көктен түскен бақытқа сенерін де, сенбесін де білмей қиналғанын жиналған жұрт көріп, куәсі болған еді. Көп балалы ананың ақжүректен шыққан алғысы сол кешке жиналған, осы бір сауапты шараға қатысқан барша қауымға оның қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп бергендей болған. Ақмола өңіріндегі айтулы шара осылай бастау алып еді.
– Алғашқы жеңіс бізді қанаттандырып, жақсы бастаманы одан әрі жалғастыруға құлшына кірістік, – дейді «Зекет» қорының жау-
апты өкілі Ерболат Шәріп. –Қала мешіттерінде өткізіліп тұратын түрлі шараларда үнемі жұртшылыққа сауапты жобаның жүргізіліп жатқандығын, кез-келген адамның оған қатыса алатынын айтып жүрдік. Шындығында 2-3 мың теңге көлемінде ақшаны жәшікке салу оншалықты қиын да, көп шығын әкелетін де шаруа емес. Содан болар, жобаға қатысқысы келетіндер аз болмады. Тіпті, ондаған, жүздеген мың теңге бергісі келетін кәсіпкерлер де шықты.
Екінші пәтердің кілті Құрбан айты намазында таңертең намазға жиналған қауым алдында берілді. Бұл жолы баспаналы болған екі баласы бар мүгедектер арбасына таңылған Гүлнәр Хамзина болды. Талай табалдырықты тоздырып, үй алсам деген үмітпен талай мекемелерге хат жазған мүгедек әйелдің дегенмен, қазіргі жағдайда пәтер алуы оңай еместігі белгілі болған еді. Өйткені, жеңілдікпен баспана алу кезегінде тұрғандардың өзі аз емес екен. Міне, осындай жағдайда еурожөндеу жасалып, жаңа жиһазбен жабдықталған дайын жайлы пәтерге кірген әйелдің қуанышында шек болмады. Сол тұста Гүлнәр Хамзинаның жаңа пәтерге кірген қоныстойын жергілікті телеарна арнайы көрсетіп, жұртшылық мешіт жасап жатқан айтулы шара туралы құлағдар болды.
– Мұсылманның бес парызының бірі ретінде мұқтаж адамдарға қайыр-садақа түрінде көмек көрсетудің аталуы тектен-тек еместігіне осы қайырымдылық шарасы барысында анық көз жеткізгендей болдым, – дейді «Зекет» қорының жауапты өкілі. – Халықтан жиналған ақшаға үй алуға мүлдем дерлік мүмкіндігі жоқ, үйсіздіктің тауқыметін айтарлықтай тартқан отбастары ие болып отырғандығы біз үшін үлкен қуаныш болды. Сол адамдардың, әсіресе, жас балалардың жүздерінен қуанышты көру, нағыз ғанибет еді.
Қасиетті Рамазан айында басталған осы бір тамаша сауапты шара одан әрі жалғасып, Мәуліт айы құрметіне өткізілген жиында ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбиттің қолынан алты баланың анасы Алмагүл Еркінбекова жаңа пәтердің кілтін алды. Бұл жолы жергілікті телеарна мешіт бастамасымен қолға алынған шараға жан-жақты хабар арнады. Баспаналы болған Алмагүл Еркінбекова туралы өткен жылы да жергілікті арна хабар түсірген екен. Күйеуі автокөлік апатынан қайтыс болып, алты баламен жесір қалған әйел тағдыр талқысына мойымай, балаларын өзі асыраған. Ол жұмысқа кеткенінде біреудің ауласындағы уақытша баспанасын жалға алған мекені өртеніп, үлкен қызы отқа оранған үйде қалған екі бауырын ерлікпен құтқарады. Бұл туралы сол тұста жергілікті телеарна арнайы хабар көрсеткен болатын.
Тапқан табысы аз болғандықтан, арзандау пәтер іздеп, баспанасыздықтың зардабын әбден тартқан Алмагүл Еркінбекова үшін Мәуліт мейрамына жиналған жұрттың алдында имамның қолынан жаңа пәтердің кілтін алу өңі түгілі, түсіне кірмейтін бақыт болған еді. «Алладан қайтсын, баршаңызға рахмет. Шын жүрегімнен алғысымды айтып, алдарыңызда басымды иемін» – деген алты баланың анасының көзінен қуаныш жасы ыршып түскен еді.
Ақмола өңірінде биыл көктемде бастау алған осы бір айтулы жоба ҚМДБ-ның ұйғарымымен келер жылдан бастап еліміздің барлық аймақтарында қолға алынатын болды. Сөйтіп, ақмолалықтар жаңа сауапты іске мұрындық болып, «көп жинаса – көл» деген халық даналығының ақиқаттығын өз істерімен анық дәлелдеп берді.
«Зекет» қорының жауапты өкілі Ерболат Шәріп «Ел үлесі – пәтерге» жобасының жалғасып жатқанын, сауапты іске қатысуға ынталы азаматтардың күн санап көбейіп келе жатқандығын қуана отырып жеткізді. Қазіргі нарық билеген қатыгездеу заманда қайырымдылық деген қасиетті ұғымды қайта жаңғыртып жатқан Науан хазірет мешіті бастаған Көкшетау қаласындағы барлық мешіттер мен «Зекет» қорының бұл бастамасы ләйім, тоқталмай жалғаса берсін дейміз.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар